Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қисса оқи отырыңыз

Қисса оқи отырыңыз

Бала кезімізде Адтың ұлы Әж дегеннің қиссасын оқып едік. Нұх пайғамбарға кеме жасауға көмек көрсеткен алып адам жайлы.Айбек Берікбол бауырымыз және Айгүл Сағымбай ханымның ұсынысына сәйкес, Әж жайлы оқыған қиссадан есімде қалғанын айтып өтсем деймін.
Әлқисса, сонау Нұх пайғамбар заманында, жер-жаһанды әлі топан су баспаған уақытта дүниешарындағы қарақұрым адамдар арасында Ад қауымынан шыққан Әж деген алып өмір сүріпті. Кәдімгі адамдарды алақанына салып алып, адымдай жөнелсе, апталық жолды аптықпай асатын қауқары бар екен. Алыптығынан алдына қойған астың жұмырына жұқ болмайтыны жанына батқаны соншалық ғұмырында бір рет тоя тамақтанып,қарынын қампайтса, арманының болмайтынын айтып, зар қағады екен жарықтық.Кісіге қиянаты жоқ,момын екен. Ірі шаһарларға отын тасып, күнін көріпті. Келісімге сәйкес, әрбір қаланың жанында айналасы атшаптырымдай болмасада әжептеуір көлдің аумағындай ор жасалып, соған қала халқы тамақ толтырып қояды екен. Ал Әж болса, орманнан арқалап әкелген тал, дарақ, тамыр, бұталы отынын тастай сала, еңбегінің ақысы үшін әлгі көлдей шұқырларға толтырылған астан ауқаттанып, әл шақырып алып, ашқұрсақ қарнын тойдыру үшін қайтадан тынымсыз тірлігіне кірісіп кете береді екен. Жаратушының пәрменімен пайғамбарға кеме жасау бұйырылғанда кеменің негізгі сүйегін, діңгегін Ніл өзенінің жағасында өсетін шынар ағашымен жасау тапсырылған екен. Шынар ағашы өте қатты және биік, ұзын. Бұл ағашты бөлмей, кеспей ұзындығын сақтай отырып, кеме жасайтын орынға жеткізу ол заманда тек Адтың ұлы Әждің ғана қолынан келсе керек. Осыны білген Нұх пайғамбар алып Әжге келіп, бұйымтайын айтыпты, ал, Әж болса, қарынын тойдырса, қандай істі болса да жапыра жасап, тастай қатыратынын білдіріпті. Содан екеу-ара келісімге келген соң Нұх пайғамбарды иығына отырғызып алған Әж Ніл өзенін бетке алып, жөнеп беріпті. Әйгілі өзеннің бойындағы жарқабаққа жабыса біткен биік Шынар ағашын тауып, ырғай-бұлай, жұлқи тартқанда алыптың бұла күшіне шыдас бермеген ағаш тамырымен қоса қопарыла құлапты. Шынарды шыбық құрлы көрмеген Әж алып ағашты сүйрей отырып, тиісті жеріне жеткізіп беріпті. Ал Нұх пайғамбар болса, әлгі дәуге ақысы үшін 7 таба нан беріпті. Бұған қатулана қараған Әж;-әй, Нұх! Мен бұндай нанның күніне мыңын жесемде жұмырыма жұқ болмайды. Сен мені мазақ етіп отырсың ба?-деп гүж ете қалыпты. Сонда Нұх пайғамбар дәуге тіке қарап, саспастан сенімді түрде өзі берген нанды «біссіміллә»- деп жеуге кеңес беріпті. Алақанындағы нанды алмай қоюға амалы қалмаған ашқарын Әж әбіржи отырып, амалсыз «біссіміллә»-деп әлгі нандарды бірінен кейін бірін апандай ауызына ытқыта жөнелгенде төртінші таба нан тамағынан өте бере ықылық ата тойып, тоқтапты. Біссімілләнің құдіретіне бас иіп, өмірінде тоя тамақ ішкені үшін шүкір етіпті. Әлқисса сол Әж Мысыр жеріндегі Ніл өзенінен аттап өтіп бара жатқанда Әзірейіл барып жанын алған деседі. Өзеннің үстінде өлген дәудің бел омыртқасы Нілге көпір болып, мыңдаған жыл бойы бұзылмастан тұрған-мыс. Тіпті тең-тең жүк тиеген түйелі керуен кеуде қабырғаларының арасынан қысылмай еркін өтіп кететін бұл сүйек көпірдің болғандығы туралы аңыз әңгіме мағриптың түйе баққан араптарынан асып, Қазығұрттың айналасын мекен еткен қазақтарға дейін жетіпті. Біз оқыған қиссаның қысқаша желісі осындай болатын.

Н.Пірімбет
23 маусым 2020 ж. 825 0