Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Талғамың қандай оқырман?

Талғамың қандай оқырман?

Коронавирус адам баласының шыдамы мен сабырын сынға алғандай. Біздерді төрт қабырға ішіне қамап, уақытпен санастырып, ағайын-туыспен араластырмай қойды. «Уақытым жоқ» деп айтатынға уақыт, «шаршадым» дейтінге демалыс берді. Әсіресе, кітап оқуға уақыт таппай жүрген жанға таптырмас кезең болды бұл.
Иә, адамзат баласы кітап оқиын десе, я уақыты болмайды, я құлқы болмайды. Күйбең тіршіліктен мойны жар бермей жүрген адам болса, бірінші сылтауға кешіріммен қарауға болады. Ал кітап оқуға уақытым да, құлқым да жоқ десеңіз, бұл бір – қасірет. Қоғамға бір уақыт үнсіздік әкелген пандемияның іліп-алар жалғыз игілігі деп осы «уақытты» айтамыз. Мұндай таптырмас мүмкіндікті кітапсүйер жандар молынан пайдаланған сыңайлы. Оған соңғы айларда Сингапур мен Италияда балалар кітаптарына, Бразилияда экономикаға деген сұраныстың көбейгендігі дәлел. Ал іргеміздегі Ресей фантастиканы, Исландия ғашықтық романдарды оқуды жөн санапты.
Орыс оқырмандарының талғамы фантастика мен фэнтези жанрларына ауғаны бүгінде қатты қарқын алып жатқанын байқадық. Тіпті, бұл тақырыптағы шығармаларды ондағы әр төртінші адам оқиды. Ал Сингапурда балаларға арналған аудиокітаптар жиі тыңдалған. Барша аудиокітаптардың ішінде балалар әдебиетінің оқылуы бұған дейін 15 процентті құраса, карантин уақытында 24 процентке өскен.
Швециялықтар қандай кітап оқуда десеңіз, олар детектив пен триллерден бас алмай отыр. 45 процент оқырман.Бұл салыстырмалы түрде үлкен көрсеткіш. Қызығы сол, Мексикада бұл жанрды 11 процент ғана оқырман таңдаған. Ондағы жұрт детективті емес, беллетристика мен психологиялық кітаптарды оқығанды құп көреді екен.
Байқауымызша, Үндістан барынша консервативті ел екен. Неге десеңіз, олар әлі күнге дейін классиканы оқудан жалықпапты. Осы тұста махаббат романдарын көп оқитын Исландияны да атап өту керек сияқты. Статистикаға сенсек, ғашықтық шығармаларға қызығатын ешбір елдің көрсеткіші исландиялық оқырмандардан аса алмаған.
Шведтің «Storytel» атты аудиокітапханасын естіген боларсыз. Орыс тілінде кең таралған бағдарламаны қолданушылар саны өте көп. Қазіргі таңда осы аудиокітапхана алаңында детектив пен триллер бірінші орында. Одан кейін романдар мен беллетристиканы жұрт жиі тыңдайды екен. Және нақ карантин кезінде биографиялар мен өзін-өзі дамытатын шығармалар да сұранысқа ие болыпты.
Түрлі ұлттардың тілі мен түсінігіне һәм оқырмандық талғамына қарамастан, әлемде елдің бәрі сүйсіне оқитын бір автор бар. Ол Гарри Поттердің қилы оқиғаларын жазатын – Джоан Роулинг. Автордың танымал туындысы қай рейтингте де көш бастап тұр. Айта кетейік, жыл басында Гарри Поттердің кітабы «Steppe & WORLD Publishing» баспасынан қазақ тілінде жарық көрген болатын. Сатылым жағынан бұрын-соңды болмаған рекорд орнатқан жеті томдық шығармалар жинағы бүгінге дейін әлемнің сексеннен астам тіліне аударылған. Және 500 млн данамен басылып шыққан. Миллиондаған баланың қолынан түспеген сол шығарма қазақ оқырмандары арасында да көп оқылып жүр.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
20 маусым 2020 ж. 565 0