Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүл сатушы

Гүл сатушы

«Гүл – табиғат ананың сыйы» деп бекер айтылмаса керек-ті. Көздің жауын алып, адамдарды жұпар иісімен  баурап, көңіл күйдің көтерілуіне септігін тигізіп, тіпті кей дерттерге шипа болатын қасиеттерге де ие. Мұндайда көз қуанбай, көңіл сүйсінбей қоймайды. Ал сол жайқалған гүлді жақындарыңа сыйлау тіптен бөлек әлем. Психологтардың айтуынша, әдетте мұндай адамдардың жаны нәзік келеді  екен. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де  ауданда гүл сатуды жанына серік еткен.  Ол  – Нартай ауылының түрғыны, 28 жастағы  Балдәурен Жұманазарұлы.  
Кейіпкеріміздің айтуын­ша, оған бұл кәсіпті әпкесі ұсыныпты. Табиғаты гүлдерге біртабан жақын жан бұл ұсынысқа бірден келіскен. Бастапқыда халық ала қояды ма екен деген аракідік ой мазаласа да, тәуекелге бел байлайды. Осылайша  ол гүл сатуға білек сыбана кірісіп кетеді.
–  Әрбір тұтынушының көңілін көтеру – сатушының азаматтық парызы. Өйткені, әр адам өзін жылы қабақ танытып, көтеріңкі көңіл күйде қарсы алған жанды ұнатады ғой. Сондықтан мен бұл жағына аса қатты мән беремін десем, жалған айтпағаным. Тіпті мен  одан күш аламын десем болады. Бұл бизнеске келгеніме еш өкінбеймін, – дейді  гүл сатушы.
Айта кетейік, кәсіпкер сатылатын гүлдерді  арнайы Алматы қаласынан алдыртады екен. Әрине, Алматы қаласына Голландия. Колумбия, Ташкенттен келіп, сосын басқа аймақтарға жөнелтілетінін де сөз арасында айтып кетті. Сатушының гүлдер дүкенінде  отандық өнімдер де кенде емес. Дегенмен шетелдік гүлдерге қарағанда бағасы едәуір төмен.
– Аллаға шүкір, қазіргі таңда мерекелік жиын­дар, банкеттер, тойлар, туған күндер өте көп тойланып жатады. Әсіресе, жас жігіттер аналарына, қыздар қауымына сыйлау үшін гүл алуға жиі келеді. Тұтынушылардың арасында алғаш рет гүл сыйлауға ниеттенгендері де кездеседі. Мен ондай сәттерде  мотивация беріп, жөн сілтеймін. Менің ойымша сауданың басты табыс көзі (фишкасы) осы деп білемін. Яғни білгеніңмен бөлісу, – дейді Б.Жұманазарұлы.
Әркім өзіне жақын, бейім жұмыспен айналысады емес пе? Біреулер темір жонып, бұйымдар жасаса, енді бірі  құс шаруашылығын жанына серік етеді. Сол сияқты кейіпкеріміздің де   негізгі мамандығы – инженер. Дегенмен өз кәсібі өзіне ұнайды. Соның арқасында нәпақасын тауып отыр. Сондай-ақ қандай да бір кәсіпті дөңгелету  жақын жандардың көмегінсіз жүзеге аспайтыны белгілі. Кейіпкерімізге гүлдерді  күнделікті баптауға, қарауға анасы мен қарындасы көмектеседі екен. 
Байқағандарыңыздай,  гүл адамдар арасында белгілі бір жылылық, сыйластық, жақындық, қамқорлық, сыпайылық сезімін ұялатып, сондай-ақ қарым-қатынасты нығайту, тіршілікке мән, сән беру үшін жиі қолданылады екен. Гүл жоқ болса, табиғат та көркем көрінбейді. Сондықтан аталған кәсіп түрін бастаған кез келген адам орта жолда қалмайды. Себебі, пайдалы өнімді өткізу де қиынға соқпайтыны сөзсіз.

 Фариза КЕНЖЕШОВА
20 маусым 2020 ж. 853 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930