Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДӘРІГЕР МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ КЕРЕК

ДӘРІГЕР МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ КЕРЕК

Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл мереке адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің, медбикелер мен дәрігерлердің ерен еңбегінің дүйім жұртшылықпен бағаланатын, бар ғұмырын өзге адамдардың денсаулығы мен өмірлеріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн.
Қоғамның ең басты құндылығы адам дейтін болсақ, барша қоғамның алдындағы өзекті мәселенің бірі – азаматтардың денсаулығын сақтау болып табылады. Ал медицина саласын таңдап, «дәрігер» деген құдіреті мен мәртебесі мол кәсіптің құпияларын жүзеге асыру, халықтың алғысы мен қуанышына бөленіп, өз еңбегінің нәтижесі мен жемісін көру үшін медицина мамандарынан ең алдымен біліктілік, мамандығын жақсы меңгеру талап етіледі. Дәрігер мамандығы бүкіл адамзат жан дүниесінің өшпес абзал құбылыстарын бақылау мен бағалау – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да қоғамдағы өзге мамандықтар ішінде адам өіміріне араша болатын дәрігерлердің еңбегі ерен.
Соңғы кезде елімізде педагог мәртебесін көтеру жөнінде кең ауқымды ой-пікірлер айтылып, ақырында заң қабылданды. Дұрыс-ақ, бұл әбден толғағы жеткен мәселе. Сонымен бірге бүгінгі күні дәрігер мәртебесі жөнінде де әңгіме қозғаудың уақыты келген секілді. Медицина мамандарының мәртебесін көтеру арқылы тұтастай денсаулық сақтау саласының қыры мен сырын, ағы мен қарасын айыруға болатыны белгілі. Біздің ойымызша қазіргі кезде ақ халатты жандардың еңбегін ескеру мен қадір-қасиетін өсіру жағы кемшін секілді. Олардың адамдарды ажалдан арашалап алып қалып жүрген ғажайып сәттерін дәріптей алмай жүрген жоқпыз ба?
Қазір мемлекет тарапынан медициналық көмекке берілетін қаржы мөлшері қомақты. Саладағы қызметті үйлестіру мен ұйымдастыру ісінде ең тиімді жолдар қолданысқа енгізілген. Тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар тарапынан мұндай жаңашылдыққа қолдау аз. Тіпті кейбір топтар оны мүлдем түсінгісі келмейді. Неге біз саяси-қоғамдық өзгерістер мен сән үлгісінің жаңалығын немесе валюта бағамының құбылуын қабылдаймыз да, денсаулық сақтау саласындағы жаңа үрдістерге селқос қараймыз?
Мәселен, күндізгі емдеу жүйесі. Бүгінгі емханалардың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуеті түрлі ауруды амбулаториялық жолмен емдеуге қабілетті. Бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, сараланып әрі кәсіби талқылаудан өтіп қолданысқа енгізілген. Сондай-ақ «бүгінгі кезде тұрғындар портал бойынша кезек күту мәдениетін үйренгенін, жоспарлы түрде емделу тәртібін түсінгенін қалаймыз» дейді ақ халаттылар.
Стационар негізінен жедел әрі аса шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайда ғана пайдаланылуға тиіс. Бұл үшін жедел жәрдем қызметі тұрақты жолға қойылған. Осы орайда жедел жәрдем көлігінің жолындағы кептелістер, өзге жүргізушілер тарапынан оған жол беру мәдениетінің төмендігі, көптеген мекенжай деректірінің тиянақсыздығы да кездеспей тұрмайды. Мұндай кезде «Жедел жәрдемді» жерден алып, жерге салатындар да бар.
Қалай десек те, дәрігер мамандығы – жауапты әрі күрделі міндет. Сондықтан медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру – олардың жауапкершілігін одан әрі арттыра түсері анық.

Гүлхан ЯХИЯ
16 маусым 2020 ж. 1 208 0