Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕГІЗ ЖАСЫНДА СЫНЫҚ САЛҒАН

СЕГІЗ ЖАСЫНДА СЫНЫҚ САЛҒАН

Жәкен Махамбетәліұлы 500-ден аса ота жасаған білікті хирург еді. Шиелі аудандық ауруханасында 1970-1989 жылдары дәрігер-хирург, хирургия бөлімінің меңгерушісі болып, аудан халқына абыройлы қызмет көрсетті.
...Бөлмесіне кіре бергені сол еді, телефон безілдеп қоя берді. «Бұл кім екен, таң атпай іздеп жатқан?» деп ойлады. Асықпай халатын киіп, телефон тұтқасын көтерді.
– Иә, тыңдап тұрмын, – деді байыппен.
– Аллоу, Жәкен Махамбетәліұлы, бұл мен ғой, Маямын Юсупқызы.
– Иә, иә, Мая, тыңдап тұрмын, жайша ма? Мені көп іздемейтін едіңіз. Қажетім болып қалды ма?
– Болғанда қандай, 5–10 минут уақытыңды қиып, бізге келсең етті. Ақылдасатын шұғыл мәселе болып тұр.
– Енді ретіне қарап көрейін. Жарты сағаттан кейін жасайтын операциям бар еді, – деді Жәкен жағдайын түсіндіріп.
– Айтып тұрмын ғой, 5–10 минутың жетеді маған. Тіпті бас дәрігерге де өзім ескертейін. Тек келсең болды, өтінемін.
Медбикесіне қайда баратынын ескертті де, сыртқа беттеді. Әйелдерге дәрігерлік кеңес әрі көмек беретін бөлімге келгенде бас дәрігері күтіп отыр екен.
– Оу, Жәке, жарайсың, келдің бе? – Бас дәрігер Мая Юсупқызы қуана қарсы алды. – Жағдай былай болып тұр. Жаңа ғана бір науқасты қабылдадық. Кеселі өте күмәнді. Күмәнді болғандықтан да қауіпті. Сенің көмегің керек. Кеселі ішінде сияқты. Сен енді хирургсің ғой, өзің көріп, ой-пікіріңді айтшы, не істеуге болады?
Жәкен науқастың ішін басып көрді де ойланып отыр­ып қалды. Әлден уақытта барып, былай деді:
– Науқастың ішінде ісік бар, ірің болуы да әбден мүмкін. Не де болса операцияны жасау керек. Көріп тұрып адамды ажалға қолдан береміз бе?
– Олай болса тездетіп іске кіріс, – деді Мая Юсупқызы.
Жәкен анығын білу үшін, науқасқа қарап:
– Жақында қолдан түсік жасаттың ба? Ішің неге ісік, – деді.
– Иә, аяғым ауыр болып қалып... 4–5 балам бар... Амалсыз алдыруға мәжбүр болдым, – деді науқас әйел шындықты мойындап.
– Жатырда жатқан сәбиді алып тастау – қылмыс әрі ол да кішігірім операция. Сондықтан да аса жауапкершілікті, біліктілікті қажет етеді. Кім жасағанын білмеймін, тірлікті шала-шарпы бітірген. Соның салдарынан ішің ісіп, іріңдеп тұр. Шұғыл түрде қайта ота жасау қажет. Асқынып кетсе, іс аяғы насырға шабады. Енді не де болса шыда! – Жәкен жағдайды түсіндіріп болды да дәрігерлік міндетін атқаруға кірісті.
Жас та болса алғыр хирург қателеспепті. Ірің ішті түгел жайлап алыпты. Жатыр тесіліп, іріңнің пайда болуына сол себепкер болған екен. Іш түгел тазаланды, жатырдың тесілген жеріне шарбы майдан тығын жасалынды. Тағы да ірің жиналатын болса, жоғары жаққа (жүрек, өкпеге т.б.) кетпеу үшін шарбы майдан тоған қойылды. Осы тірліктердің бәрін ойдағыдай жүзеге асырған соң бас дәрігер-геникологқа жағдайды баяндады.
– Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Жатыр тесіліпті, оны шарбы майымен бекіттім. Ал жатырды түгел алып тастауға негіз жоқ сияқты. Оның үстіне бұрын-соңды мұндай операция жасаған емеспін. Енді не істейміз, осылай қалдырамыз ба әлде облыстан маман шақырамыз ба? – деді Жәкен.
Облыстан дәрігер келемін дегенше 3-4 сағат уақыт өтеді. Оған дейін науқас шыдай ма? Егер өзіңе сенімді болсаң, осылай қалдырайық, – деді Мая Юсупқызы.
– Нар тәуекел! – Жәкен Махамбетәліұлының бар айтқаны осы болды.
Үш-төрт күннен кейін әлгі науқас әйел түк көрмегендей болып ауруханадан шықты. Осылайша ауданның жағдайында адамның ауру мүшесін сақтай отырып, зақымданған жерді қалпына келтіру арқылы операция жасауды хирург Жәкен Махамбетәліұлы 1972 жылы Сыр бойында алғаш рет жүзеге асырды. Сол кезде небәрі 30-дан енді ғана асқан қылшылдаған жігіт еді. Бұл күнде мұндай операцияны білікті де білімді ғалымдар ғана жасайтын көрінеді.
Жәкен оташылық қызметіндегі 40-жылға жуық мерзім ішінде әртүрлі деңгейде 500-ге тарта операция жасады. Бәрі есінде емес, әрине. Алайда, кейбірі күні бүгінге дейін жадында. Кімге жасағанын, не үшін жасағанын, қайда және қалай жасағанына дейін, тіпті сол кездегі көңіл-күйін де ұмытпаған.
Бірде төтенше жағдайда науқас түсті ауруханаға, хирургия бөліміне. Дене қызуы өте жоғары, өздігінен жүріп-тұра алмайды. Іші кеуіп кеткен, екі иығынан ентігіп, әзер демін алып жатыр. Не істеу керек? Бірінші кезекте ішін жарып, аурудың себебін көзбен көрген абзал. Жәкен осындай шешімге келді. Жүрегін тыңдап, қанның құрамын тексеріп көрді де, бәрі ойдағыдай болған соң іске кірісті. Ішектің бірі жарылып, науқастың іші өз нәжісіне толып қалыпты. Бірден ішін жарғанына қуанды. Олай болмағанда енді біраз уақыттан кейін іші сасып, ауру улануы әбден мүмкін. Тездетіп ішін тазартып, қажет мүшелерді спиртпен жуып, жарылған ішекті шарбы маймен бітеді. Нәжіс қайта шыққан жағдайда тыныс мүшелерін жауып қалмау үшін науқастың кеудесін көтеріп, басын биіктетті. Іші тазарған соң жағдайы түзелген науқасқа мүмкіндігінше, қимылдамауды, қажет болса медбикені шақыруды қатаң тапсырды. Іші тазарған соң науқастың дене қызуы күрт түсті, демалысы да қалыпқа келді. Осылайша шаруасын бітірген дәрігер кештетіп үйіне қайтты. Келгенде асын ішіп болған, соң бірден жата қоймады. Көңілі әлденеге елегізіп, телефонның маңайынан шықпады. Ауруханадан телефон шалып, науқастың халі нашарлап кетті деп айтатын секілденді де тұрды. Осылай жатып көзі ілініп кеткенінін байқаған да жоқ. Күндегі әдетінше ерте оянды.
– Мені ешкім іздеген жоқ па? – деді әйеліне. «Жоқ» деген жауапты күтпестен апыл-ғұпыл шайын ішті де, киініп қызметіне беттеді. Ақырын басып хирургия бөліміне кірді. Тым-тырыс, оқыс дыбыс жоқ. Кезекші медбикеге соқты. «Бәрі дұрыс, тыныш» – деді ол.
Әлдекімнен жасқанғандай аяғын еппен басып, науқас жатқан бөлменің есігін ашты. Тым-тырыс. «Е-е , ол өліп қалған екен, медбике байқамаған ғой» деген суық ой сап ете қалды да, жүрегі су ете түсті. Қанша дегенмен дәрігер емес пе, өзін-өзі ұстап, бойын тіктеп, ілгері басты. О, ғажап! Өз көзіне өзі сенбеді. Науқас өзі отырғызып кеткен күйі бойын тік ұстап, еңсесін көтерген қалпы кітап оқып отыр. Жәкен қадала қарап біраз тұрды. Жүзінен қуаныштың нұры сезілді. Өз ісінің жемісіне өзі риза болып тұр. Түні бойғы уайымның, күні бойғы қиналыстың бәрі ұмыт болған. «Шіркін, өз тірлігінің нәтижесін көргеннен артық бақыт бар ма екен?! Әсіресе, дәрігер үшін...»
Әкеден ерте қалған Жәкен – Жәнәлихан тұрмыстың тауқыметін бір жетімдей тартты. Өзінен үлкен екі ағасы – Асан мен Үсен шаруашылық жұмысына тартылған соң, үй тіршілігі жалғыз өзінің мойнында қалды. Анасы болса, ол да шаруашылықтың күні-түні бітпейтін беймаза тірлігімен жүреді. Алты жасынан иығына иінағаш салып алып бір жарым-екі шақырым жерден су тасыды. Су алатын құбыр мен ауылдың ортасында темір жол бар. Қанша тырысқанымен темір жолдың релісінен шелегін соқпай, суын төкпей бір рет те өте алған емес. Қалай соқпасын, бойы шелектен сәл ғана биік, ал иінағаш салғанда салбыраған қос шелек жердің бетін сырып жүреді. Иінағашсыз екі шелекті көтеріп жүру тіпті мүмкін емес. Сұрапыл соғыстың қарсаңында (1940 жылы) дүниеге келген Жәкеннің де балалық шағы айта қаларлықтай қызықты болған жоқ.
Оның медицинаға келуі де ойламаған жерден болды. Бала қиялы сан тарауға шарықтайтын. Бірде ауылдың бар адамына әмірі жүретін бригадир болуды, бірде домбыраның қос шегіндей созылып жатқан болат жолдың бойында ары-бері жүретін поездың жүргізушісі, енді бірде әдепті де білімді ұстаз болуды армандайтын. Келе-келе бұл қиялдарынан арылып, дәрігер болуды мақсат тұтты. Оған себеп – анасы шаруашылықтың сан қиялы жұмысынан ауруға ұшырап, үйінде отырып қалды. Одан өзі ауырып, екі аяғынан жүре алмай бір жыл сабақтан қалды. Бірақ қалай дәрігер болмақшы? Боламын дегенге бола салатын оңай дүние ме ол?
Жәкеннің Әбіш Ерсариев деген нағашысы болды. Өзі де, қызметі де дөкей кісі еді. Республикалық аң терілерін жинайтын мекеменің бас директоры болатын. Жыл сайынғы еңбек демалысын пайдаланып ағайындарын аралайтын. Өлгендеріне дұға бағыштап, тірілеріне мүмкіндігінше қол ұшын беретін. Бір сапарында сол нағашысы ағайындарын аралап келе жатқанда оқыстан аты үркіп, арбаны аударады. Үстінде отырған нағашысы арбадан құлап, қолын шығарып алады. Үйдің оны-мұны шаруасын бітіріп үйге енген Жәкен төрде жамбастап жатқан нағашысын көріп, қуанғаннан:
– Ассалаумағалейкум, таға! – деп қос қолын ұсынып тұра ұмтылады.
– Көп жаса, жиенім, айналайын... тек байқа, қолымды ауыртып алып жатырмын, – дегенше, аңқылдаған бала барған бетте қос қолымен оң қолын тас қылып ұстап, сілкіп-сілкіп қалады. Баланың көңілінде, әрине, қуаныштан өзге ештеңе жоқ.
– Қап, бекер айттым ғой, – деген нағашысы артынша қолының жеңілдеп қалғанын сезініп:
– Әй, Жәкенжан, шырағым, сенің қолың шипалы екен, шыққан бұғананы орнына салдың ғой деймін, қолым жеңілдеп, ауырғаны сап басылды-ау, түбі сен дәрігер боларсың, – деді ризалық кейіппен. Міне, сол күннен бастап Жәкен дәрігер болуды армандады.
Сол арман оны жетектеген күйі орта мектепті бітіруге де қаратпастан Қызылорда қаласындағы училищеден бір-ақ шығарды. Өзі қалаған мамандық болғандықтан ба, әлде о бастан сабаққа ынталылығынан ба Жәкен бұл арнайы оқу ордасын қызыл дипломмен бітіріп шықты. Оның білімін бағалаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жәкенді Тереңөзек аудандық ауруханасына тері аурулары дәрігері етіп, жоғары білімді дәрігердің қызметіне бекітті. Ол бұл сенімді абыроймен ақтай білді. Түрлі тері ауруларының алдын алу, емдеу жұмыстарын талапқа сай жүргізе білді. Кейіннен Жаңақорған ауданына ауысып, тері ауруларын емдеу ауруханасының негізін қалады. Алайда, Жәкен фельдшерлік біліммен шектеліп қалмауға тырыс­ты. Медициналық институтқа түсуге талпынды. Бұл жолда қарсылықтар да болмай қалған жоқ. Бұған себеп мамандардың жетіспеуі еді. Бірде ауданның бас дәрігері шақырып алып:
– Жәкен, сенің институтқа дайындалып жүргеніңді естідім. Оның дұрыс, әрине. Бірақ өзің еңбек ететін ұжымның да жағдайымен санасқаның жөн. Өзің білесің, сенің орныңа баратын маман жоқ екенін. Жағдайың жаман емес, жоғары білімді дәрігердің қызметін атқарып жүрсің. Сәл шыда, жас­тар келсін, – деді. Басшының сөзін қимай жүріп бір-екі жылды жіберіп алды. Жүре берсе жүре беретінін, сөйтіп жоғары білімнен құр қалатынын сезді. Белін буып, бойын нықтап, еңсесін көтеріп, қажетті құжаттарды жинады да, орталық қабылдау комиссиясына жолдап кеп жіберді. Бағы жанған деген осы. Бәрі ойдағыдай болып шыға келді. Алайда, бір ыңғайсыз болғаны, Жәкен Махамбетәліұлы Армиян­ Республикасының астанасы Ереван медициналық институтына қабылданды. Ауылда қалған анасына қиындау болады демесе, ол бұған тіпті де ренжіген жоқ. Қайта оқуға түскеніне қуанды. Екінші курсты бітірген соң Алматы медицина институтына ауысып, оны ойдағыдай тәмамдап шықты. Сөйтіп республикалық Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен Қызылорда облысына жіберілді. Сыр бойындағы еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасынан бастап, 1970-1989 жылдары дәрігер-хирург және хирургия бөлімінің меңгерушісі болып, қиын да қызықты әрі бейнеті мол қызметті барынша абыроймен атқарды. 1989 жылы Алматы қаласындағы 1-ші клиникалық ауруханаға ауысып, бас дәрігердің орынбасары, хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін зейнеткерлікке шыққанға дейін атқарды.
Жәкен – Жанәлихан Махамбетәліұлы зейнеткер бола жүріп Алматыдағы республикалық медициналық апат орталығында хирургия бөлімінің меңгерушісі болып өмірінің соңына дейін қызмет етті. Мамандығын сүйген, Гиппократқа берген антын орындаған бір дәрігер-хирург Жәкендей болар. Қазір оның ұрпағы Алматы мен Астана қалаларында әртүрлі салада тер төгіп жүр.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақ журналистикасының
қайраткері» медалінің
иегері

Р.S: Жәкен Махамбетәліұлы жасаған 500-ден астам отаның 80 проценттен астамы Шиелі ауруханасында жүзеге асырылды. Солардың біреуін ғана мысалға келтірейін. Ол байқаусызда комбайн бункерінің шнегіне аяғын «жегізген» Жадыра Таспамбетоваға жасалған ота. Өжет қыз сапалы да, сауатты жасалған отадан кейін протез салынған аяғымен К-700 тракторының рөліне отырып, жастық жалынымен тер төкті. Нәтижесінде, «Социалистік Еңбек Ері» атанды.
Шиеліліктердің сүйікті дәрігері, білікті оташы Жәкен Махамбетәліұлын аудан халқының жадында қалдыру үшін игі тірліктер атқару аудан әкімдігінің қаперінде болатын маңызды шаруа дер едім.


14 маусым 2020 ж. 318 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031