Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұғырлы елдің негізі

Тұғырлы елдің негізі


Қандай дүние жетеді балауына!
Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!
Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып,
Қазақстан гербі де, жалауы да.

Ж. Молдағалиев
Ақиқатында, тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Мың өліп, мың тірілген қазақ елі аттың жалында, түйенің қомында жүріп, кең байтақ жерімізді бізге аманат етті. Мәңгілік Ел – ата- бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.
Иә, тарих толқынында талай ұрпақ алмасып, дәуірлер озса да, халқымыздың жүрегінде мәңгі өзгермеген бір ғана ақиқат арман, ол – егемен ел, тәуелсіз мемлекет болу еді. Тәуелсіздіктің арқасында тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай белгіленіп, Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата Заңымыз, ұлттық валютамыз және жаңа астанамыз дүниеге келді.
Әрбір отаншыл азамат жүрегімен қастерлеп, кеудесімен қорғайтын егемендік пен елдіктің, тәуелсіздіктің басты нышаны – оның Мемлекеттік Рәміздері. Биыл қазақ елінің тәуелсіздік алып, әлем елдерімен терезе теңестіріп, шекарасын шегендеп, бірлігін бекемдеп, Мемлекеттік рәміздерін бекіткеніне 29 жыл толды. Алдағы жылы мемлекетіміздің басты құндылықтары – Тәуелсіздігімізге, Мемлекеттік рәміздерімізге де 30 жыл толады. Ал 30 жылдық – бұл біздің жетістіктерімізді саралап, болашақтың міндеттерін айқындау үшін мүмкіндік.
«Қазақ тарихы – ешкімнен ұялмайтын тарих, үнемі бірігу, тұтастану тарихы. Біз –Ұлы Даланың перзентіміз» дейтін Елбасының сөзі баршамызды жігерлендіреді деп ойлаймын.
Мемлекеттік рәміздер – елдік пен егемендіктің, бірлік пен биліктің нышаны болғандықтан, оларды дәріптеу ісін жаңа деңгейге көтеру – идеологиялық жұмыстың маңызды міндеттерінің бірі.
Үкіметтің 2019 жылғы 28 маусымдағы №454 қаулысымен Қазақстанның Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және Гимін пайдалану қағидаларына өзгерістер мен толықтыру енгізілді. Енді жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік туды елімізге деген құрметін білдіру үшін көпшілік қатысатын және жеке іс-шаралар барысында еркін пайдалана алады. Әрине, мемлекеттік стандартқа сай қолдануы қажет. Және қоғамдық жерлерде, туристік нысандарда, сауда орталықтарында, оқу орындарында белгіленген тәртіпке тұрақты түрде орналастыруға да болады.
Бұл жасалып жатқан шаралар – Қазақстан патриотизмін нығайтуға және қоғамдық сананы жаңғыртуға тың серпін беретін бас­тама, яғни мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі жандандыру жұмыстар.Өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін күшейту мақсатында біздің Шиелі ауданында да «Nur Otan» партиясының бастамасымен «Менің Туым – менің Отаным» тақырыбындағы жалпыұлттық акциясы сауда орталықтарында өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк Туымыз – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы» деп атап көрсеткеніндей, Тәуелсіздігіміздің айбары саналатын мемлекеттік Рәміздерімізді бағалай білейік.
«Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» дейді дана халқымыз. Күн сәулелі, қыран қанатты Көк Байрағымызбен мақтанайық!
Ынтымақты – ұран, татулықты ту еткен қазақ елінің абыройы әрқашанда арта берсін!

Гүлшат Махан,
«Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы
02 маусым 2020 ж. 437 0