Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «КӨЗ ҚЫСТЫ, БАРМАҚ БАСТЫҒА» ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

«КӨЗ ҚЫСТЫ, БАРМАҚ БАСТЫҒА» ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» дегендей, денсаулықтың да, дәрігердің де қадірін тек жанымызға шипа іздегенде ғана түсінетініміз рас. Әсіресе, аты жаман індет тарағалы жұрттың дәрігерлерге деген құрметі арта түскендей. Пандемияның жайы және бүгінгі дәрігер мәртебесі турасында аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әмірмен әңгімелескен болатынбыз.
– Нұрлан Әмірұлы, әңгімемізді коронавирус дертіне шалдыққан аудан тұрғындарының қазіргі жағдайынан бастасақ...
– Шиелі ауданаралық ауруханасына COVID – 19 жұқпасына күдікті азаматтар биылғы жылдың 31-ші наурызынан бастап жатты. Сол кезден бері осы дертпен 65 адам тіркеліп, олардың 59-ы жазылып шықты. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында Шиелінің 7 азаматы әлі де емдерін жалғастыруда. Дерттен айыққан азаматтар қазіргі уақытта аймақтық медицина қызметкерлерінің бақылауында, жағдайлары қанағаттанарлық.
– Бір ғана Төңкеріс ауылынан 40-тан аса адамнан індет анықталды. Бұлай өршіп кетуіне не себеп болды деп ойлайсыз?
– Иә, Ш.Қодаманов ауылынан 47 науқас COVID – 19 жұқ­па­­сымен ауырып тіркелді. Бұл жерде сол елді мекенде тұратын студент пойызда COVID – 19 жұқпасымен ауырып келе жатқан науқаспен бір вагонда келген. Белгілі себептермен студент туралы хабарлама кеш жеткізілген, азаматша жағдайдың өте маңыздылығына, қауіптілігіне қарамастан өзін-өзі оқшаулау шараларын орындамаған, тіпті көпшіліктің қатысуымен өткізілген бірнеше отырыстарда болған. Осы жіберілген қателіктердің арты қанша адамның науқастануына, Ш.Қодаманов ауылының індет ошағына айналуына әкеліп отыр.
– Аудандық ауруханада вирус жұқтырған қанша науқас ем қабылдады және оларға қандай ем жүргізілді?
– Шиелі ауданаралық ауруруханасына барлығы 65 науқас түсті, олардың 60-ы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Тағы бір науқас шетел студенті, Шиелі ауданының тумасы науқас ретінде Қызылорда қаласына келген мезетте тіркеліп, бірден облыстық ауруханаға жатқызылған. Аудандық ауруханада 5 науқас емделді, барлығы да жазылып шықты. Науқастар коронавирусты емдеуге арналған №90 емдеу-диагностикалау хаттамасына сәйкес вирусқа қарсы ем қабылдады.
– Вируспен күресіп жүрген дәрігерлер алдын ала білімдерін жетілдірген шығар?
– Жыл басынан бастап осы COVID – 19 жұқпасы туралы ақпараттар шыққаннан бастап аудан дәрігерлері ауруханаішілік бірнеше семинарлар өткізіп Денсаулық сақтау министрлігінен келген бұйрықтар бойынша білімдерін жетілдірді. Індет туралы қолданысқа енгізілген ақпараттар, Қытай еліндегі әріптестеріміздің тәжірибелері көрсетілген жазбалар бірден талқыланып отырды. Дәрігерлердің ішінде эпидемиологтар мен инфекционистер өз сұрақтары бойынша аурухана қызметкерлеріне ақпаратты түсіндіріп, арасында қауіпсіздік шаралары бойынша рөлдік ойын сабақтарын өткізіп отырды.
– Бұл вирус мұнымен тоқтамайды. Бірер айдан соң қайтадан өршиді деген қауесет бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады деп ойлайсыз?
– Өздеріңізге белгілі COVID – 19 жұқпасымен жаңа және әлі толық зерттелмеген Sars-cov-2 РНК вирусы адам ағзасына енген кезде ауырады. Сондықтан бұл індет туралы болжам айту өте қиын. Бүкіл әлем бойынша ғалымдар осыны зерттеп жатыр. Сұрақтың жауабы алдағы уақытта белгілі болады деп ойлаймын.
– Пандемия дүние жүзіне дәрігерлердің қадірін түсіндіргендей болды. Бірқатар мамандардың тапшылығын да сезіндік. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласын реформалау жайлы сөз қозғалып жатыр. Сіздің ойыңызша медицина ілгерілеу үшін не қажет?
– Пандемия біріншіден дәрігер мамандығының қоғамдағы алатын маңызды орнын тағы бір дәлелдегені анық. Екіншіден күні-түні адам денсаулығы үшін жандарын аямай жүрген ақ халатты абзал жандардың абыройы халық арасында көтеріліп қалғаны рас. Шиелі ауданаралық ауруханасындағы COVID -19 тіркелу жағдайында, науқастарды емдеу, карантиндегі азаматтарды жүргізу кезінде мамандар тапшылығы сезілген жоқ. Ауруханадағы 2 эпидемиолог пен 2 инфекционист дәрігерлеріміз өз міндеттерін толық атқарып шықты, қажеттілікке қарай жалпы тәжірибелік дәрігерлердің көмегін де пайдаландық. Жалпы осы індет кезінде ісшараға тартылған барлық медициналық қызметкер барынша жауапкершілікпен бір команда болып жұмыла, нәтижелі қызмет атқарды деп айта аламын.
– Журналист болған соң халықтың ой-пікіріне құлақ түре жүретініміз бар. Бір байқағанымыз, тұрғындар арасында ауырсақ та аудандық ауруханаға жату қиын дейтіндер көп. Себебі неде?
– Денсаулық сақтау саласының 2015-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасында негізгі жұмыс күші біріншілік медициналық-санитарлық көмек (БМСК) деп атап көрсетілген. 2020 жылдан бастап осы бағдарламаның негізгі принциптері жалғасын табуда. БМСК қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырып, оларға арнайы қосымша төлемдер қарастырылды. Негізгі мақсат ауру-сырқаудың алдын алу, асқынуларға жеткізбеу, ауруды басталған кезде анықтап дер кезінде емдеу. Сол себепті соңғы кезде тәуліктік төсектер азайып, күндізгі емдеу төсектері кеңінен пайдалану қолға алынып отыр. Кейбір қимыл-қозғалысы, мүмкіндігі шектеулі науқастарға үйдегі стационарлық көмек көрсетіледі. Біздің халықта бір түсінік бар, ауырған адам міндетті түрде ауруханаға жатып, міндетті түрде тамшылатып құйылатын ем-дом (көк тамырдан инфузиялық құйылу немесе халық арасында «система алу») алуы керек деген. Бұл пікір әрине қате. жүре алатын адам дәл сол толық емді күндізгі төсекте жатып та алады және нәтижесі бірдей болады. Созылмалы сырқаты бар диспансерлік есептегі науқастарға да осы күндізгі төсектер өте тиімді.
– Ауруханаға бір науқас түссе, артынан күніне 4-5 адам келеді. Әкеліп жатқан тамақтың да есебі жоқ. Бұл аурухана тамағының сапасы төмендігін білдірмей ме?
– Бұл сұрақты маған емес, сол емделіп жатқан аудан азаматтарына қойғаныңыз дұрыс болар еді. Тіпті, бір емес бірнеше адамға анкета тарату арқылы да берілетін тамақ сапасы туралы көпшілік пікірін білуге болады. Өз тарапымнан айтарым тамақтың сапасы қазіргі кезде қолданып отырған мемлекеттік стандарттарға толығымен сәйкес, тамақ калориясы, мөлшері науқастардың ауру түрлеріне қарай стол-меню жасалып есептеледі. Ауруханаға аптасына бірнеше рет барып, бөлімдерге шолу жасағанда науқастарға жиі қоятын сұрақтарымның бірі осы тамақтың сапасы. Әлі күнге дейін шағымданған адам болған емес, қайта дәмділігін айтып мақтап жатады.
– Жалпы дәрігер – мәртебелі мамандық. Жалақысы – тәуір, болашағы – зор. Тіпті, оларға баспана алуға арналған арнайы бағдарлама да бар. Осындай мәртебелі мамандықтың халық алдындағы беделі қандай деп ойлайсыз?
– Қанша адам болса, сонша пікір бар. Қазіргі кезде тек дәрігерлерге емес барлық сала мамандарына да сын айтылып, теріс пікірлер жиі айтылып жатады. Оған себеп, қазір байланыс құралдары өте жоғары деңгейде болуы, ватсаб, инстаграмм желісі арқылы халық арасында пікір алмасу қызу жүретіні деп ойлаймын. Бірақ кейде істің байыбына жетпей жатып, науқасқа жасалып жатқан емнің нәтижесі болмай жатып, дәрігердің іс-қимылын сынап, ерте тұжырымдап жататын жағдайлар да кездеседі. Бірақ дәрігерлер де пенде, кейде дұрыс іс-қимыл жасауда, науқастың ағайын-туыстарымен сөйлесуде жас әріптестеріміздің тәжірибелері жетпей жататын кездері болатынын мойындау керек.
– Бұрын жақсы дәрігерлердің есімдері ел аузында жүретін. Халық ондай дәрігерлерді өздері-ақ дәріптеп, құрмет тұтатын. Ал қазір ше?
– Қазір де ұжымда алды 40, соңы 20 жыл жұмыс жасап, халық арасында өз орындары бар әріптестеріміз жеткілікті. Олар осы ұжымның ұйытқылары, біреулері тіпті зейнет жасында болса да өздерінің сүйікті істерімен халық игілігі үшін жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтсақ, Сейткамал Исламов, Берік Болатов, Ақзияш Күздібаева, Сауле Исмаилова, Бақытбек Жамантаев, Зағира Мұхамедова, Ділбар Бриканова, Гүлнар Шадиева, Гүлнар Төреханова, Жұмахан Ахметова сияқты аға буын қызметкерлеріміз бар. Аға буын өз білгендерімен, мол тәжірибелерімен әрдайым бөлісіп отырады.
– Осы мықты аға буын дәрігерлердің ізін жалғастыратын толқын бар ма?
– Жас толқын деп атап айтатын дәрігерлеріміз де жеткілікті. Мәселен,МағжанМұхамеджанұлы, Ақтілек Даниярова, АқтотыМолдабаева, Айдана Майлыбаева, Ғазиза Мамышева, Айдана Базарбаева. Айта берсем жас әрі жігерлі әріптестеріміз жеткілікті және олар дәрігерлік эстафетаны әрі қарай алып кетіп, Шиелі ауданы халқы үшін адал қызмет атқарады деген сенімдемін.
– Қазіргі кезде ақшаң болмаса емделу қиын. Жақсы ем алу үшін таныс дәрігер болу қажет немесе дәрігердің қалтасына ақша салу керек, бұл қалыпты болып кетті деген пікірге не айтар едіңіз?
– Бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Қазіргі кезде ауруханаға жатып емделу жедел келген жағдайда қандай науқас болса да еш кедергіге кезікпейді. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің алдын алуға арналған жол карталары аясында инсульт, инфаркт сияқты жіті жағдайға арналған нақты алгоритмдер жұмыс жасайды. Ал жарақат, күйік, улану сияқты ауыр жағдайда дәрігерлер бірден көмектерін көрсетіп, интенсивті ем тағайындайды. Сондай-ақ, жоспарлы жатқызуға келетін болсақ қазір бәрі айқын, порталға салынған науқастар электронды-ақпараттық жүйелі бағдарламалар арқылы облыстық, республикалық тексеру орталықтарымен бақыланып отырады. Сондықтан сіз айтып отырған «көз қысты, бармақ бастыға» біздің ауруханада жол берілмейді. Алдағы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуімен әрбір азамат өз денсаулығына жауапты болуымен қатар денсаулығы үшін төлеген жарнасының тиімді жұмсалуын еркін тексере алады.
– Бүкпесіз әңгімеңіз үшін рақмет! Денсаулық сақтау саласында табысты, жемісті еңбек етуіңізге тілектеспіз.

Сұхбаттасқан
Гүлхан ЯХИЯ
05 мамыр 2020 ж. 394 0