Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » масылдық санадан қашан арыламыз?

масылдық санадан қашан арыламыз?

Кеше мемлекет басшысы Қасым-жомарт тоқаев әлемді дүрліктірген аты жаман дерттің елімізде өршіп, кең тарап кетпеуінің алдын алып, елдегі карантин уақытын келесі айдың 11-не дейін ұзартты. бұл жағдай Әрине, мемлекет экономикасына да, жалпы халыққа да оңай тимейтіні анық. Дейтұрғанмен, қауіпті кеселден тұрғындардың аман болуы барлығымыз үшін маңызды болып қала бермек. Біз бұл әңгімені неге қайта қозғап, қайталап айтып отырмыз. өйткені осындай қысылтаяң уақытта мемлекеттік органдардың жүйелі жұмыс істеуі үшін бірінші кезекте елдің тыныштығы мен қоғамдық саяси тұрақтылық ауадай қажет.
жыл басында аудан әкімдігінің есігін теуіп, мемлекеттік қызметкерлердің жағасын жыртып, аудан басшысының кабинетіне баса көктеп кіріп, ауыздарына келген былапыт сөздерін айтып, мемлекеттік мекеменің берекесін алған әйелдердің ерсі қылығы естеріңізде болар. Сол қыз-келіншек, әйелдеріміздің іс-әрекеті мұқым ауданның абыройына кері әсерін тигізіп, шиелінің шырқын бұзып кеткен еді. Жүгенсіз кеткен қарындастардың сол әрекетінен кейін аудан зиялылары үн қосып, осындай жағдай тағы да қайталанатын болса, әйелдердің әдепсіз әрекеттері қоғамдық кеңесте қаралып, аудан ардагерлерінің алдында түсінік беретінін айтқан болатын. сондай-ақ, аудан жанашырлары әлеуметтік желілер арқылы өз пікірлерін білдіріп, бетімен кеткен әйелдерді тәрбиелеп, жөнге салуды ұсынған болатын. Енді міне, өңірге белгілі, талай адамға қызмет ұсынып, жұмыспен қамтып отырған танымал кәсіпкер Насыр Мырзабек фейсбук әлеуметтік желісі арқылы қазіргі таңда бұрымдылардың осы тектес оғаш әрекеттері жиілеп кеткенін айтып, оған тоқтам жасау керектігін меңзеген екен. Назарларыңызға еш бүкпесіз, автордың жазбасы мен оқырман пікірін қоса жариялап отырмыз. Бұл да болса, тыныш елдің тыныштығын бұзуға ниеттенген ойы бұзық бұрымдыларымызға сабақ болар.
Өткен ғасырлардағы қиын қыстау, қилы заманда ел басына түскен қиындықтарды жеңуде аналарымыздың еңбегі, ерлігі орасан зор екенін көпшілігіміз жақсы білеміз. Мүмкін бізді отбасымызда, мектеп қабырғасында солай тәрбиелеген болар. Ел-халықтың кешегі нарықтық заманға көшкен 90 жылдардағы қиындықтардан да, біздің аналарымыз, әйел-қыздарымыз алып шыққанын көзіміз көріп куә болдық. Ол кезде, жұмыс жоқ, иә үкіметтен алатын жәрдемақы жоқ мерзімінде берілмейтін мардымсыз зейнетақы алатын кезде аналарымыз, әйел, қыздарымыз ала дорбаларын арқалап, ел асып, жер асып жүріп үйінде отырған шеттей бала шағасына нан тауып асырады. Ешкімге алақан жайып, нан сұраған жоқ. Өйткені олардың аналық намыс-жігері мен ар-ожданы тіленшектік пен сұраншақтыққа жібермеді. Ұрпағы үшін басын қатерге тіккен уақыттары да болды. Алдына үлкен мақсат қойды, мен барлық қиындықты жеңемін, кедергіден өту менің қолымнан келеді деп, болашақтан үлкен үміт күтті. Сол кездегі елдің басына түскен қиыншылықтан аналар алып шықты. Ұл қыздарын тәрбиелеп жеткізді. Оған өздеріңізде куәсіздер. Осы ғасырымыздың кейінгі онжылдығында, әйел қыздарымыздың елге алақан
жайып, дүниеге алып келген ұрпағын елге міндетсіне қарайтындар көбейіп бара жатқан сияқты. Небір оспадарсыздықтарға барып, елдігіміздің, ағайындығымыздың абырой беделіне сызат түсіріп жүргендері де, бар. Шүкіршілік! Барына базар, үкімет мүмкіншілігіне қарай көмек беріп жатыр. Үйде отырып алып, елге айқайлап, шулап дабыра қылғаннан не абырой? Бұл тәрбиені көріп өскен ұрпағынан қоғамға, ертең не пайда бола қояр екен. Көпшілігіміз үйде жатып алып, «жұмыс жоқ, жұмыс жоқ», деген сылтауды әбден желеу етіп алғанбыз. Ағайын ау, бізде жұмыс жоқ болса, мынау көрші өзбек ағайындар жүздеп, мыңдап келіп күреп нәпақасын тауып кетіп жүргенін жақсы білесіздер. Алып бара жатқан мамандықтары жоқ, біздің ағайындардан асып бара жатқан ой өрісі жоқ, бір-ақ айырмашылығы еңбекқор, біздер сияқты кержалқау емес. Сол ғана айырмашылығы. Кейде ойлайсың, әйел-қыздарымыздың осындай жаман әдетке бой алдырып бара жатқандығына, Ағайын өзіміз де, біршама кінәлі сияқтымыз. Неге? Шектен тыс жанашырмыз, қамқоршылмыз, туысшылмыз, бөліп жегенді жақсы көреміз, бар болса көмек беріп тұрғымыз келеді. Бұл жақсы қасиет. Өзге ұлтта жоқ қасиеттер! Бірақ та, осы қасиеттеріміздің әбден, «рахатын» көріп дәмін татып алған ағайындар аңсайды да, тұратын сияқты. Аракідік кейбір отбасылар, өзім көрген қиыншылығымды,бейнетімді балдарым көрмей өсін деп, бар тапқанын алдына қойып, ешбір еңбекке қоспай өсіреді. Ертең ол ұрпағының өз бетінше өмір сүруі қиынға түсетінін ойламайды. Сөзден сөз шығады деген, ойда жүрген аз ғана ойымды сіздермен бөліскім келді. Артық кемі болса, айыпқа бұйырмаңыздар?! Сіз не айтасыз? Ой бөлісіп қоғамға пайдасы тиер, ой пікірлеріңіздерді ортаға салыңыздар!

Насыр Мырзабеков


Мінай Төленова:
– 90-93 тоқырау жылдары есіме түсіп кетті. 8 айлап айлық алмай, суық конторда кезектесіп отырушы едік.
Бала шағаны асырау үшін, тігін тігіп, жұрттың шашын бұйралап, қиып, ақша орнына картошка, пияз, сәбіз, ет алған күндерімізде болды.
Бұлай айтып отырған себебім, өткенде әлеументтік желіні шулатқан жас, тепсе темір үзетін келіншектерді көріп, қарным ашыды.
Ер азаматтарға қол көтеріп, аузына не келсе соны айтып, бассыздыққа бой алдырды.
Бір аштың, бір тоқтығы бар деген. 90-93 жылға қарағанда, қазіргі уақытта дүкен де барлығы тұр.
Тек қол қимылдаса болды ғой, ауызда қимылдар еді деп ойлаймын.
Артында қалатын ұрпағын дүниеге,. үкімет үшін әкелгендей, болып жүрген аналарға өкпелімін.
Жанын қинап еңбек еткісі келмейтін­дер осы заманда көбейіп кеткен. Сөз соңында, Әйел кісілердің шыдамды пен сабырлы болуды үйренгенін қалар едім.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».

Сәуле Ізтілеуова:
– Шындығында 90-шы жылдардағы дағда­рыс барлығы біздің жас кезімізде өтті. Жұмыс істейміз айлық жоқ. Жұмыстан келіп түннің ортасына дейін нан жауып, ертеңіне жұмысқа апарып сатып, қайтарда базардан азық-түлік алып келетінмін. Демалыс­та қол дорбаны алып Ташкент, Бішкек, Алматыға барып зат алып келіп, базарға шығып сататынбыз. Жол жүргенде де оңайлықпен барып қайтпайсың. Тоқу да тоқыдық, пирогта істеп саттық. Әйтеуір қолымыздан не келсе соны істеп балаларымызды қатарынан кем қылмауды ойладық. Сонда біз ешкімге ренжіген жоқпыз. Елдің басына түскен қиындық деп қабылдадық. Мінай, Айткүл замандаспыз ғой барімізде осындай тірліктер жасадық. Айткүлдің базарда конфет сатқанын, пойызға пирожки сатқанын білемін. Біз оған намыстанған жоқпыз. Қайта көзін тауып балаларымызды аш қылмай, қатарынан кем қылмаймай жүргенімізге қуанатынбыз. Өткен жолғы жап-жас келіншектердің істеген тірліктері маған өте ерсі көрінді. Үкіметке қарсы шыққаның жөні осы деген сияқты. Әр нәрсенің өз реті және орны болады. Бір дөрекілік, тәрбиесіздік, сана-сезімінің тақырлығы көрініп тұрды. Әрине, жас­тардың бәрі ондай емес. Жас келіндер бар тірлікті істеп, әлеуметтік желіге салып тірлігін дөңгелетіп табыс тауып отырған. Дегенмен бір құмалақ бір қарын майды шірітеді дегендей ауылымызға ұят келтірді. Қазіргі жағдай да сынақ, уақытша нәрсе. Рухымызды жоғары ұстап, сабыр сақтап, абыроймен өткізейік. Аман болайық.

Айткүл Абдіқадырова:
– Сәуле ойды қозғады. Баяғы күндер еске түсті. Ерте тұрамын. Пирожки пісіремін. Базарға барып 3 пирожкиді 1 теңгеге сатамын. Тиын да тапшы-ау. Ақшамды алжапқышымның қалтасына сала беремін. Түскен қаржыға ертеңгі пирожкиге керек затымды аламын. Кешке күйеуім жұмыстан келеді. Тамақты алдына қоямын. Сосын... Орнымнан жайлап тұрып барып... Алжапқышымды әкеліп... Ортаға ашып жіберіп... Бүгінгі табысымды санаймы. Мінеки жандарым, келіндерім. Өзің тапқан ақша деген сондай тәтті болады. Сол пирожкиден тапқан табысымды жинақтап жүріп, конфет-печенье сататын шағын кәсібімді бастаған едім. Бұндай жағдай біздің замандас кәсіпкерлердің бәрінің басында бар. Қайтпас қайсарлықтың арқасында жетілді бәрі де. Саулемен бірге ыдыс та саттық. Фатима кәуап сатты. ГауҺар халат тігіп, бөкебай сатып, конфет-печенье сатумен айналысты. Сардар етікші өнерін үйренді. Айтып отырмын ғой. Бізде бәрі-бәрі осылай таза еңбекпен еңсесін тіктеді. Енді мінеки балаларына өмірлік нан болар кәсіп ұстатты. Жастар, бір күнгі алған әлеуметтік азық-түлікті емес, балаларың ертеңгі күні бізді ата-анамыз осылай жетілдірген деп, мақтанып айтатындай тірлік істесеңдер дегіміз келеді. Үкімет береді. Беріп те жатыр. Үкімет қайдан береді? Жұмыс жасап жүргендердің, кәсіпкерлердің аударған салығынан жиналатын бюджеттің ақшасынан береді. Ол ақша шексіз емес қой. Қазір де үйде отырып-ақ ақша табуға болады. Мен мысалға келтірген бай Сардардың келіні кішкентай баласымен декреттік демалыста отыр. Үйде бір қора жан бар. Ата-ене, күйеу, қайын сіңлі. Күнде келіп кететін қонақ. Атасының цехында жұмыс істеп жатқан жұмысшылары және олардың тамағы. Осыларды істей жүріп, қарап отырмайын деп, лағман созады, пельмен түйеді. Сөйтіп, базарға дүкендерге өткізеді. Үйлерге тапсырыс қабылдайды. Бұны не үшін жазып отырмын. Сіздердің заман өткен. Қазіргі заман басқа заман деп айтпау үшін. Дәл сіздердің замандарыңызда, дәл сіздердің қатарластарыңыз үйде отырып ақша табуда. Бұндай мысалдар жетеді. Нұрахан мен Әмина. Теміржолда жұмыс істейді. Балалары дәрігер. Сол дәрігердің келіншегі интернеттен-ақ үйреніп, торт, печенье пісіріп, базардағы майда дүкендерге өткізеді. Бұндай келіндер қаншама! Дәл осы келіндер бақуатты отбасының келіндері. Үйде жай отырса да болады. Бірақ, бұлар өз қолдарымен рахаттанып ақша табуда. Содан ләззат алуда. Өз қолыңмен тапқан ақша өте тәтті. Берекелі. Ол ақшаны тапқан сайын ләззатқа бөленесің дегім келеді. Ел ойында жүрген мәселе еді. Шиелінің қыздары намысшыл. Енді біздің келіндер намысқа тырысады деп ойлаймын. Уақытын ыңғайлап, жұмыс тауып беретін кәсіпкерлер де көп. Бір уақыт жұмыс істеймін десе, Тамара апай, Тоғжандар тігіншілік өнеріне де үйретеді. Ол өнер де үйде отырып ақша таба алатын кәсіп. Сауле тоқыма үйретеді. Үйренем деген жан болса, шаштараз ең тамаша мамандық. Күнделікті кеп тұратын тірі ақша. Болашақ балаларың бай болу үшін, қазірден оларды өздеріңмен бірге тәтті ақша табуға үйретіңдер. Қолдарыңа балық аулайтын қармақ беріп, кәсіп үйретуге дайын аға-апаларың бар. Тек әрекет жасасаңдар болды.
28 сәуір 2020 ж. 398 0