Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРІКТІНІҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІ

ЕРІКТІНІҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІ

COVID-2019 қауіпті вирусы пандемиялық сипат алмай тұрған кезде-ақ елімізде маска тапшылығы сезілген-ді. Алғашқыда бағасы шарықтап шыға келді. Уақыт өте дәріханаларға бірер күнге дейін бетперде түспей қалды. Алайда, аудан әкімдігінің араласуымен өңірдегі бірнеше тігін цехтарымен келісім жасалып, бүгінде бірнеше дәріханада маска сатыла бас­тады. Бірақ әр адамға бесеуден ғана тиюде. Соған қарамастан, бұнымен бетперде тапшылығы толық шешіле қоймады.

Ел басына күн туғанда бей-жай қарай алмайтын қайырымды жандар қоғамда қашанда бар.Бұл жолы оған кезекті рет көз жеткіздік. Ауданда мас­ка тігіп, ерікті түрде тегін тарату үрдісі басталды. Алғаш болып бұл сауапты істі қолға алған еріктілердің бірі – Тұрсынай Әбдісадық.
Атап айтсақ, кезекті еңбек демалысына шыққан дәрігер медициналық қорғаныш киімдер мен бетперделерді бірнеше күн бойы аяғынан тік тұрып тіккен. Дайындаған өнімдерін аудандық ауруханадағы әріптестеріне, карантинге жабылған Төңкеріс, Талаптан ауылдық округтерінің халқына тегін беріп, қамқорлық танытты.
Иә, шынайы қамқорлық қашанда нақты әрекеттен көрінеді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласының үздігі, Қазақстанның Үздік дәрігері, «Алтын дәрігер» атағының иегері Тұрсынай Сейтпенбекқызының әріптестеріне, ауылдастарына, мұқтаж жандарға деген қамқорлығы көпке үлгі.
Жалпы игі істердің басы-қасынан табылып жүрген шиелілік еріктілердің еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Әсіресе, ерікті жастар бетперде таратудан бөлек, азық-түлік жеткізу, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратуда да тыным тауып жатқан жоқ.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
21 сәуір 2020 ж. 795 0