Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Рамазан – Жаратқанның сыйы

Рамазан – Жаратқанның сыйы

Әлемді әлекке салған коронавирус қайнаған тіршілікке тежеу болып, зияны мен зардабын тигізуде. Осы кеселдің алдын алу мақсатында түрлі сақтық шаралары қолға алынып, елдің болашағы үшін тиісті шешімдер қабылдануда. Елдің қауіпсіздігі үшін ҚМДБ да маңызды мәселелерді мақұлдап, рамазан айына байланысты пәтуалар шығарған болатын. Осы тұста ораза ұстауға ниеттенген жандардың арасында көптеген сұрақтар пайда болуда. Сол себепті де қасиетті рамазан айының қарсаңында ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев баспасөз конференциясын өткізіп, мән-жайдың басын ашқан болатын.
Бас имам сөзінің басын құттықтаумен бастап, әңгіменің бағытын қасиетті айдағы нығметтер мен рамазан айына байланысты ҚМДБ-ның жөн деп таныған биылғы пәтуаларына бұрды.
– Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдесіз сыйы – Рамазан айы. Осы айда Жаратқанның сауапты еселеп беретіні жайында жақсы білеміз. Сол себепті да барша мұсылман халқы рамазанды асыға әрі сағына күтеді. Бұл айда мұсылман жандар құлшылығын көбейтіп, сауапты әрі қайырымды істерді молынан жасап, Алланың разылығын алу үшін барын салады. Шариғатта тыйым салынған істерден бойын аулақ ұстап, тілден шыққан сөздерін көркемдеуге тырысады.
Биылғы жылы рамазан айы адамзат баласына қауіп төндіріп отырған вирустың белең алған уақытына сәйкес келгендіктен халықтың қауіпсіздігі үшін жылдағы жоралығыларда шектеу болады. Ауыз бекіткен жандар өз үйінде ауыз ашып, тарауих намазын да үйлерінде оқиды. Мұның барлығы өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін әрине. Ал нағыз жақсылық жасап, сауапты іске құлшынған жандар болса, ауызашар берудің орнына азық-түлік алып, қайырымдылық шараларын өткізіп, халықтың алғысына бөленсе әбден болады.
«Егер адам шынайы иманмен және сауабына жету мақсатымен Рамазан оразасын ұстап, тарауих намазын оқыса, шешесінен туған күндегідей күнәсіз болады» дейді хадисте. Ең бастысы ниетте. Жақсылық жасағысы келген адам амалын табады. Сауапты амалға кенелудің жолы көп. «Күлімсіреп сәлемдесу» де сүннет, сауапты амал. Ең бастысы бірлігіміз бекем, ауызбіршілігіміз берік болуы керек.

«Өскен өңір» ақпарат
21 сәуір 2020 ж. 553 0