Дезинфекция жұмыстары жалғасуда
Ауданда коронавируспен күресу мақсатында дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Мердігер «Шиелі Ветсервис» ЖШС мекемесі коронавирусқа қарсы «ДЕҰ хлор» дәрісін пайдаланып, жалпы көлемі 1 224 000 шаршы метрді құрайтын жерді залалсыздандырды. Мекеме арнайы құрылғылармен атап айтар болсақ, 2 дана автокөлікпен, 5 адам, 1 бригада, арнайы жұмыс киімімен және қорғаныс құралдарымен жабдықталған.
Шиелі ауданы бойынша кент ішіндегі адам көп шоғырланатын сауда және халыққа қызмет көрсету нысандарына, Шиелі кенті көшелеріне дезинфекция жасалды. Ал ғимараттардың ішкі дезинфекция жұмыстары Тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығының – шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік құрылымның Қызылорда облысы бойынша филиалының Шиелі аудандық бөлімшесіне жүктелген.
Өңірде COVID-19 инфекциясы нақтыланған науқастар тіркелуіне орай Шиелі ауданында санитарлық залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық жедел штабқа ұсыныс беріліп, Тараз қаласында орналасқан (№22534 ә/б) химиялық батальонының әскери қызметшілері және Қызылорда қаласында орналасқан (№66594 ә/б) әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері арнайы шақыртылды.Сәйкесінше, ауру ошағы көп анықталған Төңкеріс ауылдық округі толығымен дезинфекцияланып, Шиелі ауданына қарасты Талаптан ауылында санитарлық-профилактикалық шараларын жүргізді. Мұнан өзге Ақмая ауылы «Ақмая» ШҚ төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Д.Жұмбеков шаруақожалық техникалары мен жұмыс күшін жұмылдырып, ауылды толықтай тұрақты түрде залалсыздандыруға көмек қолын созуда.
Аудан әкімінің тапсырмасымен, Шиелі кентінде адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дезинфекция жұмыстарын күшейту мақсатында жеті мекемеден 28 адам тартылып, арнайы ерітіндіге толы 7 техника көше бойын жүріп өтті. Нақтылайтын болсақ, Тартоғай ауылындағы өрт сөндіру бекетінен – 1 техника мен 4 адам, орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінен – 2 техника, 6 адам, сауда көлік компаниясы ЖШС Шиелі ССК мекемесінен – 2 техника, 10 адам, Шиелі тазалық мекемесінен – 2 техника, 8 адам және ауданның жеке кәсіпкерінен 1 техника, 3 адам жұмылдырылды.
Айта кетейік, «Автоспа» автокөлікжуу орны өз еркімен аудандағы дезинфекциялау жұмыстарына атсалысуда.Бүгінгі күнге дейін Шиелі ауданы бойынша жалпы дезинфекцияланған жалпы ғимараттар саны – 1015, көшелер – 116-ны құрап отыр. Бұл жұмыстар төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін жалғаспақ.
Сұлушаш МАДИЯРОВА