Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасаттық тасада қалып қоймасын

Тасаттық тасада қалып қоймасын

Қытымыр қыстың қолайлы, көктемнің көкті, жаздың шуақты, күрең күздің өнімді болуы – адамзаттың аппақ ниеті мен пейілінде, адами қасиеті мен Жаратқанға біртабан жақындауында, шын жалбарынып, іштей туған жерге жақсылық тілеуімен етене байланысты. Көл-көсір ризық тілеп, Алладан нәр тосу – барша халыққа қажетті құлшылық. Осындай жалпақ жұрт жиылып атқаратын ғасырдан-ғасырға жалғасын тауып келе жатқан дәстүрдің бірі – тасаттық.

Тамыры тереңде жатқан тасаттықты беруде ниеттес адамның шынайы жүрекпен бірге тілектес болуы маңызды шарт болып саналады. Ауызбіршілік пен берекенің бастауы болған игі шарада ағайын-туыс, ел-жұрт, көрші-қолаң бірігіп құрбандық шалып, іштей дұға жасап, қуаңшылықта Жаратқаннан пана сұрап, көктен жауынның жауғанын тілеп тасаттық береді.
Тасаттық берудің өзіне тән тәртібі бар. Оны жұмыла атқару өңірде жаңаша қарқын алғандығын айтады ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев.
– Тасаттық жасайтын аумақтың тұрғындары барлығы өзінің отбасы мүшелерінің атынан садақа береді. Сол шығарған садақаға дастарқан жайылады, құрбандыққа мал шалынады. Мұндағы басты мақсат – биыл жауын-шашынның көп, егістің мол, қырманның астыққа толы болуын тілеу.
Иә, жауын-шашынның молдығы күллі тіршілік атаулыға қажет-ақ. Алла тағала Құрани Кәрімде «Әл-Қаһф» сүресінде желді «рахмат» деп атапты. Бұл «рахмат» көктегі бұлтты бір-біріне соғып, әрі-бері қозғаумен жер бетіне нәр құяды екен. Яғни Жаратқан өз мейірімін жерге жауын етіп, қайта жібереді. Ал жаңбыр болса, қатқан топырақты жібітіп, қураған даланы қайта қалпына келтіреді. Кез келген жаратылысқа өң, серпіліс береді. Кей деректерде дұғалардың қабыл болатын уақыттың арнайы белгіленгендігін баршамыз білеміз. Олардың қатарында жаңбыр жауған сәттегі дұға-тілек те бар. Біле білсеңіз, жаңбырдың әр тамшысын періштелер көктен жерге тасиды екен. Сондықтан болар дұға жасау жақсылығын уақытымен енгізген. Қазір көктем болса, одан кейін жаз табалдырығымыздан аттамақ. Бұл мезетте елдің басым бөлігінде көпшіліктің Алладан жаңбыр тілейтін оқиғалары сөзсіз кездеседі. Тасаттық қазақтың өмірінде ежелден үрдіске айналғандығын мақала басында айттық. Бірақ бүгінгі күні аталған игі шара шариғатқа лайық болмай жүрген сыңайлы. Неге десеңіз, көпшілікпен атқарылатын діни рәсімді, құлшылық пен ғибадатты әр ауыл-аймақ, керек десеңіз көрші-қолаң жекеленіп, бөлек өткізуді үрдіске айналдырып алған. Бұл қаншалықты дұрыс?!
– Ауданда мұндай игі дәстүрге байланысты іс-шаралар Әбдіғани Шорабаевтың мұрындық болуымен жиі ұйымдастырылады. Ел-жұрттың берген, жинаған садақасының жетпеген жерін өзі қосып, жылда ауқымды түрде өтеді. Бұрнағыда бабаларымыз көшпелі халық болып, көшіп-қонып жүрді. Сол көшпелі болғандықтан өздері ру немесе тайпа болып жиналып ұйымдастыратын болған. Ал қазіргі күні біздер отырықшы халыққа айналдық қой, сондықтан әр аумақ өздігінше ұйымдастырып, көктен тамшы тамуын­ сұрауына болады. Тасаттық салт-дәстүрдің қайнар ошағы болған ауылға, жергілікті жерге қажеттілігі үшін жасалынатын амал болып есептелетіндіктен, әр ауыл өз жерінде жасағаны абзалырақ, пайдалырақ болады, – дейді бас имам.
«Заман өтеді, керуен көшеді» демекші, бастысы халықтың ұлттық санасына берері көп дәстүрдің ұмыт қалмай, қайта жаңарып жатқаны көңілге үміт, жанға жылулық сыйлары анық.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
14 наурыз 2020 ж. 1 157 0