Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуаныш сыйлаған Құрбан айт

Қуаныш сыйлаған Құрбан айт



Күн қызарып ұясынан толық шығып үлгермеген. Бірақ мешітке қадам басқан жандардың қарасы қалың. Арасында қой сүйреп, ірі қараны арқандап келе жатқандары да бар. Себебі, бүгін Құрбан айт. Айт намазы оқылып, құрбандық шалынатын күн. Сауапты амалдар істеліп, Жаратушы Аллаға жақындайтын шақ.

Биылғы айт намазы жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-ге белгіленді. Сауапқа кенеліп, Алланың мейірімінен үміт еткендер таң намазынан осында болып, алдыңғы саптан орын алған. Кейбіреулері алыс ауылдан арнайы келіп, құрбандық шалынғаннан кейін өтетін ұлттық ойын түрлерінен бақтарын сынамақ.
Шара алдында жамағатқа «Оқшы ата» мешітінің бас имамы Бақыт Ұлжаев Құрбан айт мерекесінің тарихы, құрбандық шалудың әдебі туралы әңгіме өрбітті. Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында жасап жатқан дұға тілектердің қабыл болуы мен елдің тыныштығын тілеп сөзін қорытындылаған соң, айт намазы өтелді. Құрбандық шалынды. Құрбандыққа шалынған малдардың еті мен азық-түлік салынған қораптары арнайы әзірленген автокөліктерге тиеліп, тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне жөнелтілді.
Кезек спорттық ойындарға келді. Турнир басталмас бұрын ардақты Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның сүннеті бойынша үйінен нәр тартпай шыққан жамағат жайылған дастарқандағы бауырсақтан, сусыннан ауыз тиді. Бүлдіршіндер болса тегін таратылған балмұздақтан дәм татып, мәз-мейрам. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен спорт және дене шынықтыру бөлімінің, сондай-ақ орталық мешіт бірігіп ұйымдастырған турнирде жамағат қол күрес, гір тасын көтеру, қазақша күрес, кермеге тартылудан бақтарын сынады. Жеңіске жеткендерге арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтарды ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев табыс етті.

Е.ДАТКЕНОВ
13 тамыз 2019 ж. 984 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930