Құрбан айт – қайырымдылық пен ізгілік мерекесі
Құрбан сөзі араб тілінде «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Яғни бұл мерекеде Алланың разылығын алғысы келген жан ізгі амалдар жасап, құрбандық шалып, жетім-жесір мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыға қуаныш сыйлап, көңіл-күйлерін көтереді. Биыл ҚМДБ Құрбан айт мерекесін 11 тамызға белгілеп отыр. Осы тұста аталмыш мереке туралы сөз өрбітіп, тарихы мен құрбандық шалудың әдебіне тоқталуды жөн санадық.
Мерекенің тарихы
Тоқсан жылға жуық бір балаға зар болған Ибраһим Пайғамбардың тілегін қабыл еткен Жаратушы Алла тағала оған перзент сүйіп, маңдайын иіскеуді нәсіп етеді. Күндердің күнінде Ибраһим ұлы Исмаилды құрбандыққа шалу керек деген аян түс көреді. Қасиетті Құранда жазылғандай, Пайғамбарлардың түсі Алланың бұйрығына тең.
Жаратқан иенің бұйрығына қарсы шыға алмаған Ибраһим Пайғамбар ұлын ертіп, қазір Мекке қаласы тұрған алаңға барады. Алла бұйрығына құлақ асқан ол қолына пышақ алып, ұлының мойнына тақайды. Алланың қалауымен пышағы өтпей қалады. Түрлі азғыруларға бой алдырмаған, сынақтан сүрінбеген пайғамбарға аспаннан көк қошқар түсіреді де, бала Исмаилдың өмірін сақтап қалады. Міне, сол сәттен бері иісі мұсылман Құрбан айтта мал бауыздап, Аллаға бір табан жақындауды ниет етіп келеді.
Құрбан айттың алғашқы күні
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүнімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып, Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандық шалыңдар» деген. Мұнымен қоса хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың бірінші күні екендігі жөнінде айтылады.
Құрбандыққа қандай мал сойылады?
Құрбандық – Алланың разылығы үшін берілетін садақа, діни амал. Оған қойдан басқа да жануарды құрбандыққа шалуға рұқсат берілген. Дегенмен қорадағы төрт түліктің барлығы дерлік құрбандыққа жарамды дей алмаймыз. Шариғаттың талабына сай, жылқы малы құрбандыққа шалынбайды. Құрбандыққа түйе, қой, ешкі, сиыр сойыла береді.
Құрбандыққа шалынатын малдың жас мөлшері
Сойылатын қой мен ешкінің жасы кемі бір жасар болуы шарт. Дейтұрғанмен алты айлық төл ересек ірі қойдай болса, бауыздауға, құрбандыққа шалуға болады. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе ең кемі бес жаста болуы шарт.
Құрбандыққа мал союға ниет еткен жанның пиғылы дұрыс болуы керек. Яғни, қорасындағы қотыр қойын, ақсақ ешкісін «ақыры мал болмайды, құрбандыққа соя салайын» деуі құрбандыққа жат. Құрбандыққа шалынатын малдың аяқ-қолы бүтін, он екі мүшесі түгел болуы керек. Қой мен ешкіні бір ғана адам құрбандыққа шалса, түйе немесе сиырды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады.
Айт намазына бару
Құрбан айт мерекесі күні ерте тұрып, ғұсыл алып, таза әрі ең әдемі киімін киіп, жағымды хош иістеніп айт намазына барғаны абзал. Оразасын құрбандыққа шалынған малдың етімен ашу үшін намазға нәр тартпай бару – Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардан қалған сүннет.
Кейбір қателіктер
«Ертең айт намазы. Үйге кісілер келеді. Құрбандықты сойып, дайындап қояйын» дейтіндер де кездеседі арамызда. Сондықтан Айт намазынан бұрын шалынған мал құрбандыққа саналмайды. Яғни құрбандыққа союға ниет етілген мал Құрбан айттың бірінші күні айт намазы оқылып біткеннен бастап айттың үшінші күні екінті намазына дейінгі аралықта сойылуы тиіс. Сондай-ақ, құрбандыққа шалынатын малмен фотоға түсіп, рия жасамауымыз керек.
Құрбандыққа шалынған малдың етін қалай бөлеміз?
Бай болсын, кедей болсын, құрбандыққа шалған малының етінен жеуіне рұқсат берілген. Дегенмен құрбан малдың етін үшке бөліп тарату жақсы амалға жатады. Еттің бір бөлігі туған-туыстары мен көршісіне, ал екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына қалады. Сойылған құрбандықтың терісін, басы мен сирағын, ішек-қарнын тастауға болмайды.
Мал қалай сойылады?
Құрбандыққа шалғанда малдың төрт аяғын байламайды. Бұл өз еркімен құрбандыққа берілді дегеннің белгісі. Малдың басын құбылаға қаратып, «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп иман айтып және ниеттеніп, өткір пышақпен бауыздау керек. Құрбандық шалынып жатқанда құрбандық иесі және отбасы мүшелері «құрбандық батасынан» кейін малдың аяғын ұстап, союға көмектеседі.