Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Салада серпіліс бар

Салада серпіліс бар

Бейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Тұрмағанбет Жағыпбаров ауданның ахуалы жайында брифинг өткізді. Журналистермен жүздесу Көкшоқы елді мекеніндегі баспасөз орталығында өтті. Т.Әлиасқарұлы ауданда атқарылған ауқымды істерді жіпке тізгендей толық баяндады. Бұдан бөлек алда атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. Ең бастысы жиналыста Шиеліде шиеленісті жағдай жоқ екенін, алға жылжу бар екенін байқадық.

Брифингте бір емес, бірнеше саланың жұмыс барысы айтылды. Атап айтар болсақ, индустрия, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сәулет және тұрғы үй коммуналдық шаруашылығы. Бұл саланың барлығында тежеу жоқ екенін көруге болады. Әсіресе, құрылыс және сәулет саласында. Бертінге дейін Шиеліде бірнеше әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым жүйелерімен жабдықталған. Мәселен, 2018-2019 жылдары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шұғыла-2, Шұғыла-3, Шығыс-4 мөлтек аудандары электрмен жабдықталып, ауызсумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ былтырғы жылы аталған мөлтек аудандардағы 55 көшеге тас төселген. Тартоғай және Ә.Тәжібаев ауылдарында мал қорымы салынған. Биылғы жылдың басты жаңалығы – тұрғын үйдің халық игілігіне берілуі. Он сегіз пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы биыл бітеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ жылдар бойы жырланып келе жатқан Ақмая ауылдық округіндегі №49 және кент орталығындағы №48 мектептің жөндеу жұмыстары да осы жылдың еншісінде. Тағы бір жағымды жаңалық, жақын арада көптен бері көпшіліктің назарын өзіне аудартқан көпір мәселесі де шешімін табады. Өйткені, теміржол үстінен салынатын көпірге қазіргі таңда облыстық бюджеттен 644,847 млн теңге қаржы бөлінген. Енді мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.
Бұдан бөлек ауданда автомобиль жолдары да жөнделуде. Соның бірі Жөлек ауылына кіреберістегі көпір мәселесі болатын. Қордаланған көпір мәселесіне биыл 16,5 млн теңге қаржы қаралды. Енді «Самара-Шымкент-Жөлек» автомобиль жолы бойындағы апатты жағдайдың түйіні тарқатылады. Сонымен қатар облыстық маңызға ие Шиелі-Алғабас-Бестам-Жеміс-жидек автомобиль жолының 13 шақырымына күрделі жөндеу жасалмақ.
Егінді бітік шығару қайсыбір ауданның да еңбегін өлшейді. Өткен жылы ауданда ауыл шаруашылық саласы бойынша 24 млрд 889,6 млн теңгенің өнімі өндірілген. Аудан бойынша тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие «Ақмая» шаруа қожалығы биыл 332 гектар жерге бидайдың супер элиталық «Стекловидный» сортын орналастырып, әр гектарынан 30 центнерден өнім алды. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті артып келеді. Мысалы, өткен жылдың өзінде 280 тонна көкөніс, 335 тонна бақша өнімдері Ресей Федерациясына экспортталды. Төрт түлік малдың қарасы да көбейген. Мұны аудандағы ет-сүт бағытындағы атқарылып жатқан шаруалардан байқауға болады.
Байқағанымыздай, саланың бәрінде серпіліс бар. Алдағы уақытта 80 мыңнан аса халқы бар ауданның шешілмеген шаруалары да қыр астында қалып қоймайтынына сенімдіміз. Алайда, бәріне халық – қазы, еңбек – таразы.

Маржан БОЛАТ
14 наурыз 2020 ж. 546 0