Абайды оқы

Байқаудың негізгі мақсаты – ұлы Абайдың шығармаларын насихаттау арқылы қазақ мәдениеті, тілі мен әдебиетіне деген жастардың құштарлығын арттыру. Айта кетейік, «Абай дара, Абай дана қазақта» атты дәстүрлі Абай оқуларын аудандық балалар кітапханасы ұйымдастырды.
Шарада Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, аймақтық «Шарайна-Сейхун» газетінің директор-редакторы Нұрмахан Елтай, аудандық оқушылар үйінің тәрбие және оқу ісінің орынбасары Рахметулла Жолтаев, аудандық кітапхана директоры Гүлдана Жақыпова сөз алып, барлық қатысушыларды мерекемен құттықтап, білім жолында сәттілік тіледі.
Жыр сайысына 20-дан аса бүлдіршін қатысты. Олар ұлы ақынның білім, ғылым, өнер тақырыбындағы өлеңдерін мәнерлеп оқып, асқан ыждағаттылықпен әрі шеберлікпен орындады. Абай оқуларының ең кіші қатысушысы Ш.Қодаманов ауылындағы №158 мектептің мектепалды даярлық тобының оқушысы Жанель Серікбай болды. Бүлдіршін поэзияны шебер орындап, үздік деп танылды. Оған кітапхана атынан хәкім Абайдың 2 томдық кітабы сыйға берілді. Сондай-ақ барлық қатысушылар түрлі номинация бойынша марапатталды.
Фариза КЕНЖЕШОВА