АДАМЗАТ ТІРШІЛІГІНІҢ БАҒДАРШАМЫ
Жас кезiнде-ақ араб, парсы, түрiк және орыс тiлдерiн меңгерген болашақ ақын өз шығармаларына сол елдердiң жақсы дәстүрлерiн арқау еттi. Жас кезiнде жазған «Физули, Шәмси, Сайқали», «Жүзi раушан» атты өлеңдерiнде бұл айтқандарымыз көрiнiс тапты. Әйгiлi «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңiнде:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңiз.
Тiлеуiң, өмiрiң алдыңда.
Оған қайғы жесеңiз.
Өсек, өтiрiк мақтаншақ,
Ерiншек бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның бiлсеңiз.
Талап еңбек терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой,
Бес асыл iс көнсеңiз» деп жырлайды.
Орынсыз мақтану, ерiну, өсек пен өтiрiк айту немесе бейнетпен келген малды бекерге шашу адамға абырой әпермейтiнiн, кiсiлiкке жат қылық екенiн әшкерелейдi. Жас өскiндi сондай әрекеттерден ада болуға үндейдi. Арада бiр ғасырдан аса уақыт өткенiмен бұл өлең құнын әлi жойған жоқ, жоймайды да. Адамзатқа өмiр сүрудiң, адам болудың жолдарын нұсқап, тәлiмдi тiршiлiктiң үлгiсi болып қала бередi.
Абай философиясы жайында Мұхтар Әуезовтен бастап Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, тағы да басқа көрнектi ақын-жазушылар, ғалымдар қалам тартты. Әрине, Абай шығармаларында арнайы философиялық тұжырымға құрылған өлең-жырларының тiзбесi жоқ. Бiрақ, Абайдың көптеген өлеңi мен қара сөзiнде адами қасиеттерге қатысты ар-ождан, тәлiм-тәрбие, әдет-ғұрып төңiрегiнде философиялық ой қозғайтын, пiкiр айтатын, сара жолға бағыттайтын озық ойшылдық, пайымдар, көзқарастар бар. Өзiне дейiнгi ақындардың айтпаған, айта алмаған, айтса да жеткiзе алмаған ойшылдық пiкiрлерiн Абай дамытып, кейiнгi ұрпаққа жеткiзе бiлдi. Күш-қуатының молдығымен, жырларының жiгерлiлiгiмен ол қазақтың бас ақыны атанды.
«...1903 жылы қолыма Абай сөздерi жазылған дәптер түстi. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзiндей емес, олардың сөзiнен басқалығы сонша, әуелгi кезде жатырқап, көпке дейiн тосаңсып отырасың. Сөзi аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естiмеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азынан түсiнiп, көбiнiң мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерiн ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да, түсiне алмайды. Не мағынада айтылғанын бiреу баяндап ұқтырғанда ғана бiледi.
Сондықтан Абай сөздерi жалпы адамның түсiнуiне ауыр екенi рас, бiрақ ол ауырлық Абайдың айта алмағандығынан болған кемшiлiк емес, оқушылардың түсiнерлiк дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшiлiк. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбiрiн, тамырын, iшкi сырын, қасиетiн қармай жазады. Нәрсенiң сырын, қасиетiн бiлiп жазған соң, сөзiнiң бәрi де халыққа тiрелiп, оқушылардың бiлiмiне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөздi сынаса, сөз оқушысын сынайды. Абай сөзi заманындағы ақындардың сөзiнен үздiк, артық. Ол оқушылық артықтық басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзiнде ғана емес, өзiнде де болған. Абайдың қандай болғанын көзбен көрмесек те, көргендердiң айтуынан бiлемiз. Сөзiнiң қандай екендiгiн, сөйлеген соң өзiнiң қандай екенiн айтып, бiлдiрiп өткенiмiз терiс болмас». Бұл қазақтың көрнектi қоғам қайраткерi, ғалым, ақын, публицист, педагог және аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының Абай туралы жазған «Қазақтың бас ақыны» мақаласынан үзiндi. Ғалымның осы сөздерiнен ұлы Абайдың қаншалықты дәрежеде ойшыл, қаламгер болғанын, оның әрбiр сөзi немесе жыр шумақтары өз тұстастарына және өзiнен кейiнгiлерге қалай әсер еткендiгiн аңғаруға болады.
Ахмет Байтұрсынұлы Абайдың өз заманынан озық туғанын, замандастарынан озып туғанын риясыз көңiлмен, ақжарқын пейiлмен жеткiзiп отыр. Абайдың өлеңдерi барынша астарлы. Оның әр қатпарында үлкен ой, терең сезiм, шынайы махаббат жатады. Шындығында да оны кез келген оқырман, әсiресе, ақынның өз замандастарының бiрден түсiнбеуi әбден мүмкiн. Бұл да Абайдың ұлылығын танытса керек.
«Көк тұман алдыңдағы келер заман,
Үмiтi сәуле етiп, көп қадалған.
Көп жылдар көп күндi айдап келе жатыр,
Сипат та, сурет те жоқ көзiм талған» деп жазады Абай. Әрине, мұндай ойға бай, сезiмге толы, қиялы кең жырды ол кезгi оқырман қалай зердесiне құйып алады.
Алдағы өмiрдi, жарқын болашақты бұлыңғыр заманның өзiнде көре бiлiп, бүкпесiз жырлаған ақынды көрегендi емес деп қалай айта аласың. Бiздiң осы ойымызды Ахмет Байтұрсынұлы бiзден бұрын айтып, өз дәлелiн де жасап кетiптi. «...Бәрi де дұрыс, түзу, тиiстi орнында айтылған сөздер. Оған оқушылар түсiнбесе, ол Абайдың үздiк, iлгерi кетiп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетедi...» деп түйiндейдi ойын ғалым-қаламгер.
Жазушы-драматург, шебер публицист, әдебиет зерттеушiсi Жүсiпбек Аймауытов – Абайдың өмiрiне, қаламгерлiк қызметiне ден қойып, бiраз еңбектенген қайраткер. «Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түнi бүркеп, тұншықтырып тұрған кезiнде тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге құдай жiберген ақиқаттың ұшқыны – Абай туды. Табиғаттың қыңыр жолы кiмдi билемеген?
Өскен орта, көрген үлгi, тоңмойын надандық толқыны ағызып, ақыл көзiн шын ақиқатқа ашқызбай, заман тонын кигiзiп, 35 жасқа дейiн ықтиярсыз айдап келдi. Бұл жасқа келгенде маңайындағы жұрттың кiр, бұзық мiнездерi бар қалпымен көзiне айқын суреттелдi, өкiндi, өксiдi, жирендi... Осы өкiнiш, өксiктiң уыты бойын кернеп, ызалы, кектi, улы көп әсер, көп iз қалдырды.
«Өткен өмiр қу соқпақ,
Қыдыртады талайды.
Кiм алдады?
Кiм таппақ?
Ненi тапсаң, оны тап
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себебi сорлы жүрекке.
Адасқан күшiк сықылды,
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Өкiндi жолың бекiндi
Әуре болма оны қой...»
Абайдың белсенiп, қолына қалам ұстап, надандықпен алысуға кiрiскенге шейiнгi өмiрiнiң сыртқы пiшiнi осы болды...».
Жүсiпбек Аймауытов Абай өткен жолды қиындықты, кезеңдi зерттей келе өзiнше ой топшылайды. Ақын жайлы ешкiм айтпаған өзiнiң пiкiрiн, ойын бiлдiредi. «Абайдың ақындық өнерi тар жолды, бiрбеткей емес, әр тараулы, сегiз қырлы. Ол тараулар мынау:
«Мiнез түзететiндiк (ахлақи), тереңнен толғайтындық (фәлсафа), сыншылдық (критика), суретшiлдiк (худежественность), жүректiң мұң-зарын тапқыштық (лирика), ащы тiлдiлiк, ызамен күлетiндiк (сатира), һәм керемет аудармашылық.
Мұндай әржақты сегiз қырлы өнер басқа ақындардан табыла бермейтiн Абайға ғана хас сипат. Абайдың өлеңiнiң көбi-ақ мiнез түзеу жолына арналған. Көп өлеңнiң iшiнен мысал үшiн мына бiр сөзiн алайық:
«Мазлұмға жаның ашып iшiң күйсiн,
Қарекет қыл, пайдасы көпке тисiн.
Көптiң қамын әуелде тәңiрi ойлаған,
Мен сүйгендi сүйдi деп иең сүйсiн».
Тереңнен толғап, хаһлықты болжап, фәлсафа жолымен де сөйлегендiгiне кейiнгi сөздердi мысал қылуға болады:
«Кiм жүрер тiршiлiкке көңiл бөлмей?
Бақи қоймас пәнидiң мiнiн көрмей.
Мiнi қайда екенiн бiле алмассың,
Терең ойдың телмiрiп соңына ермей.
немесе
Әркiмдi заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Заманы оны илемек».
Абайдың «Өлсем орным қара жер...», «Жүрегiм менiң қырық жамау», «Тотықұс түстi көбелек» және «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңдерi философиялық лириканың нағыз үлгiсi. Бұл сияқты алыстан шалып, тереңнен қозғайтын өмiрдiң құбылыстарын шындықпен ұштастыратын философиялық ой-толғамдарды Абайға дейiнгi және Абайдан кейiнгi ақындардан көп ұшырата алмайсың. Абай өлеңдерiнiң өмiршеңдiгi оның философиялық ойларында жатса керек. Айталық:
«Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткiр тiл бiр ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менiң жүрегiм мұз болмай ма?» дейдi ақын.
Осындай теңеудi бұрын-соңды қайдан оқыдық? Ешқандай елдiң әдебиетiнде өлген адам тiлiн ұялшақ қызға теңеу үрдiсi жоқ. Шын мәнiсiнде бұл сыпайы теңеудiң, балама теңеудiң баға жетпес үлгiсi. «Өлдiң, өштiң» дей салу оңай. Ал өлген адамның қайтып сөйлей алмайтынын ұялшақ қызға балау ғажайып көрiнiс. Бұл қазаққа ғана тән болмыс. Оны Абай ғана айта алған.
«Жүрегiңнiң түбiне терең бойла,
Мен бiр жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстiм,
Мыңмен жалғыз алыстым, кiнә қойма». Тұнып тұрған фәлсафадан тұратын осы бiр шумақ өлеңнiң бойында қазақы қалыпқа, ұлттық үрдiске тән қаншама қасиет бар. Абайдың ғана емес, жалпы ақындықтың болмысы, тағдыры жатыр. Абай өмiр сүрген бүкiл бiр дәуiрдiң мұңы мен қайғысы, тартысқа толы тарихы жатыр.
Қазақ – тумысынан ақын халық. Сол себептi бiзде ақын, шүкiр, жетерлiк. Бiрақ Абай жалғыз. Ол – қазақтың бас ақыны. Бұл тұжырымды бiзге дейiн Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Мiржақып Дулатов, Жүсiпбек Аймауытов сияқты даналарымыз айтып кеткен. Бiздiң айтпағымыз, сол жалғызымызды, бас ақынымызды бағалай бiлсек деймiз.
...Екi суретшi (бiрi қазақ, бiрi орыс) Абай мен Жамбылдың аты-жөнiн ажырата алмай, ерегiсiп жатыр дейдi. Қазақ Абайды «Абай Жабаев» десе, орыс: «Жоқ, Абай Кунанбаевич. Ал Джамбул Джабаев», – дейтiн көрiнедi. Мiне, бүгiнгi қазақтың сиқы осы, Абайды бiлмейдi, Пушкиндi бiледi.
«Ел оңар ма қонғанмен жалқыға бақ,
Байлық емес, жүр жұртың артып азап.
Жарты ғалам таныған, данышпаным,
Әлi сенi бiлмейдi жарты қазақ!..» деп кезiнде («Мұхамедтiң мөрi». 2001 ж.) ашына жырлап едiк. Абай жырына қызмет ету – қазаққа, ұлтқа қызмет ету деп түсiнгенiмiз мақұл. Биыл ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде атау шаралары жүріп жатыр. Қазақстан елшіліктері жанынан «Абай орталығы» құрылды. Өте құптарлық мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бас болып ұлы ақынның өлеңін жатқа оқыды. Қазір бұл үрдіс елімізде, республикамыздағы елшіліктерде, тіпті Қазақстаннан тыс жерлерде де жалғасын тауып отыр. Бұл істі науқанға айналдырмау керек. Бір шумақпен немесе екі-үш сөйлемнен тұратын қарасөзді жаттаумен іс бітпейді. Хакім Абайдың, ақын Абайдың саф алтындай ойлы жырлары мен хадистей қара сөздері үнемі жадымызда болуға тиіс. Ол – адамзат тіршілігінің бағдаршамы.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi,
Халықаралық «Михаил Шолохов»
медалінің иегері