Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Абайға арнау

Абайға арнау



«Абай – дана, Абай – дара қазақта»,
Аты мәшһүр, сырға толы ғажапқа.
Бүкіл әлем мойындаған бұл есім
Берілген сый, мақтаныш қой қазаққа.
Әрбір өлең, қара сөзі бір дастан.
Жазған әні тез жатталып, қырды асқан.
Ұлы ақын, сазгер, ойшыл, философ
Аты өлмес, рухы биік, жыр-дастан.
Жаз жайнатып, көктемді күндей күлдіріп,
Күз келгенін ауыл-аймаққа білдіріп,
Абай ғана жан бітірген өлеңге,
Кәрі қысқа аппақ шапан кидіріп.
Тамылжыта жырлап көктем, жазыңды.
Керіле ұшқан көлінен аққу-қазыңды,
Қан сонарда бүркітшіні шығарып,
Түлкіге салдың қыран менен тазыңды.
Ғашық жандар желсіз түнде сырласқан,
Жарық айдың сәулесімен сыр қосқан.
Ғашықтықтың тілін тілсіз түсін деп,
Көрсетіп көзбен, жүректерге үн қосқан.
Сансыз өлең, қара сөзі бір қырық.
Мағыналы, болмысы таза тұңғиық.
Өсиет жазды, «адам бол» деп қазаққа!
Көрсетпеу үшін ерсі мінез, мың қылық.
Жұртына «қалың ел» деп, сенім артып,
Ешбірін бөле-жармай, түгел қамтып,
Алланың өзі де рас, сөзі рас деп,
Толғады шумақтармен шер тарқатып.
Бес асыл мен бес дұшпанын білдіріп,
«Ғылым таппай мақтанба» деді сын қылып.
Дос пен дұшпан кім екенін айырып,
Кетті де жазып, өлеңмен өріп қалдырып.
Абайды оқып, отырамын таңды таңға ұрып,
Сәулесін шашқан күн көзі білім мәңгілік.
Өлмейтін мұра қалдырып кеткен асылдың,
Күмбірлеп көкте, жатталар жыры жаңғырып.

Гүлназ Әбдіхалықова,
№159 «Еңбекші» қазақ орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
01 ақпан 2020 ж. 1 958 0