Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Парасатты адам пара алмайды

Парасатты адам пара алмайды

Жемқорлықты түп-тамырымен жою – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, елдің ілгерілеуіне үлкен кедергі келтіретін бұл «кеселмен» күреске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуелден айрықша мән беріп, осы бағыттағы іс-шараларды күшейту үшін өз Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта құрғаны белгілі.

Жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан түрлі реформа қабылданып, жыл бойы үздіксіз жұмыстар жасалып келеді. Дегенмен түптеп келгенде жемқорлықпен күресті әркім өзінен бастағаны жөн. Әрі өзі ғана емес, ұрпағының да жарқын болашағына алаңдаған кез келген азамат жемқорлықпен күреске өз үлесін қосса игі.
Қазақ халқында «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» деген қанатты сөз бар. Сондықтан біздің алдымызда тұрған ауқымды мақсат, зор жауапкершілік – қазақ қоғамының менталитетін, санасын өзгерту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, берік иммунитет қалыптастыру. Яғни әрбір адам үшін парасаттылық қағидаттары – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтар мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.
Бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің білімі мен мәдениетін көтеруге назар аударуымыз керек. «Ешкімге қиянат жасама», « Біреудің ала жібін аттама», «Кісі ақысын жеме» деген сөздерді бала кезімізден естіп өсеміз. Парасаттылық осы тәрбиеден басталады. Парасатты адам пара алмайды. «Егер әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген сөз де бар.
Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай Құнанбаевты «бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған» деп атап өтті. Ендеше біз осы жаһандану заманында жаманнан жиреніп, жақсыны үйренуіміз және «қалтаның ғана қамын ойлайтын» қамсыздықтан арылуымыз қажет деп санаймын. Елбасы айтпақшы, «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы». Сондықтан біз әрдайым Абайдың сарқылмас терең философия­­сына жүгінеміз. Ұлы ойшыл «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деп алдымен арды асқақтатқан. Ар-ұяты терең, ынсапты, тәрбиелі және адал адам ешқашан «ала жіпті аттамайтыны» анық.
Осы ретте кез келген қызметкер «қалта мен қарынның» қармағынан шығып, жемқорлықты өзінің ертеңгі ұрпағының бақытты болашағын ұрлау, тұтас Отанына жасаған опасыздық ретінде түсініп, парасаттылық және ізгілік қағидаларын ұстанса, Қазақстан келешекте жемқорлықсыз мемлекетке айналады деп сенемін.

Сәрсенкүл Шарипова,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы

29 ақпан 2020 ж. 666 0