Қасиетті айлар ескерусіз қалмасын
«Мұсылман адам жолаушы секілді. Олар бұл жалған дүниеде ақыреттік азығын жинап, мәңгілік мекеніне аттанады» дейді ғұламалар. Иә, бір Алла деген мұсылман әрбір күнін сауапты істерге арнауды армандайды. Күнделікті бес уақыт намазында «Тура жолға сала көр» деп отыз екі рет дұға жасайды екен. Ол әрине, құлшылығын уақытылы орындау, жақсылық жасап сауапқа кенелу, біреудің ала жібін аттамау, күнәлі істерден бойын аулақ ұстау. Мұсылман жақсылық жасап, қалай сауап алсам деген оймен күнін батырады. Міне, Алланың пенделеріне деген ерекше мейірімі ауатын, күллі мұсылмандардың асыға күтетін қасиетті төрт айы болса, соның біріне қадам басып отырмыз. Ол әрине, Ережеп айы. Осы айда аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады дейді ғалымдар.
Бұл туралы Құрандағы «Тәубе» сүресінің 36-шы аятында «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі – құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер» делінген.
«Ражаб» сөзі «ұлықтау», «құрметтеу» деген мағынаны білдіреді. Ережеп – Алланың айы. Ол жайлы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде «Ережеп – Алла Тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы» дейді. Бұл тұрғыда ислам ғұламалары қасиетті айлар жайында «Ережеп – құрмет айы, Шағбан – қызмет айы, Рамазан – нығмет айы», тағы «Ережеп – ғибадат, Шағбан – тақуалық, Рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай» немесе «Ережеп – егін салу, Шағбан – суғару, Рамазан – ору» дейді.
Алланың Расулы (с.ғ.с.) Ережеп пен Шағбан айларында үнемі ауыз бекітіп, нәпіл ғибадаттарға ерекше мән берген. Алла елшісінің тәлім-тәрбиесін көрген саңлақ сахабалар да қасиетті айларда құлшылық пен игі істерге ерекше назар қоятын. Сондай-ақ жоқ-жітікке, жетімдерге қол ұшын созып көмектесетін.
Бұл жайында исламтанушы Ерсін Әміре «Қасиетті айда ораза тұтуға болады. Бірақ Рамазан айына ұқсап қалмауы керек. Яғни отыз күн бойы ораза ұстауға болмайды. Араға күндер салған абзал. Ал 1 күн ұстасаң осынша сауап, 2 күн ұстасаң осынша сауап деген сөз жоқ» дейді.
Кейбір деректерде жер жүзін су басқанда Нұх пайғамбар кемеге Ережеп айының бірінші күні мінген, Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) ең алғашқы уахи Ережеп айында түскен, осы айда Исра және Миғраж оқиғасы болған деген мәліметтер айтылады.
Бірде бір ғұламадан тақуалық деген не деп сұрағанда, ол «Тақуалық – шапанмен жантақтың арасында жүрген секілді. Жантақтан шапанды қалай алып қашасың, сол секілді күнәлі іс әрекеттерден бойыңды алыс ұстап жүру» деген екен. Иә, күнә жасаудан Пайғамбар ғана сақталған. Қалған үмбеттің барлығы күнә жасайды. Бірақ бізге тәубе ету мүмкіндігі берілген. Кімде-кім күн батыстан шыққанға дейін тәубе ететін болса, Алла тағала оның тәубесін қабыл етеді деген хадистегідей әрбір уақытты, әрбір мүмкіндікті пайдалана білуіміз қажет. Қасиетті айда арыла алмай жүрген жаман әдеттерден тыйылып, сауапты амалдарға асығатын болсақ кім біледі, Жаратқан иеміз күнәлардың барлығын кешіріп жіберуі ғажап емес қой.
Сол себепті де Алланың сүйікті құлдарының қатарында болып, қиямет күні жәннатпен сүйіншіленетін жандардан болу үшін жақсылық жасауға асыққанымыз абзал.
Е.ДАТҚА