Жыр жаттаған Жаннұр
Мұқағали Мақатаев – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектебі мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарға көтерген, жаңа кеңістік алып шыққан ХХ ғасырдағы санаулы саңлақтардың бірі һәм бірегейі. Оның ғұмырдариясын қара өлеңмен өлшеуге болады. Ақынның өлеңдерін жаттаған Жаннұр Ыдырыс жақында жүлдемен оралды.
№159 «Еңбекші» қазақ орта мектебінің 4 сынып оқушысы Ж.Ыдырыс Алматы қаласында өткен «Ғұмырдария» балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйымдастырған халықаралық ән-жыр байқауынан І орынды иеленіп қайтты. Көркем сөз оқуға машықтандырған жетекшісі Қ.Мұса: оқушысының бойындағы талантты ұшырған. «Дана қазақ «Бұлақ көрсең көзін аш» деп бізге қарата айтқандай. Әрбір шәкірттің ерекшелігін аңғарып, қызығушылығын арттыру – ұстаз жемісі. Ал Жаннұрдың биіктерді бағындыруы өзінің еңбегі, мектептің мәртебесі» дейді ол.
Поэзияда негізінен Абай салған дәстүр – адам сезімін табиғаттағы бейкүнә тіршілік иелерінің жанды бейнесі арқылы көрсету дәстүрі Мұқағали Мақатаев поэзиясынан заңды жалғасын тапты. Ақиық ақынның шығармашылығының тіні өзін-өзі зерттеуден тұрады. Оның өлеңдеріндегі лирикалық мені өзін-өзі іздеген, өмір мен өлім, адам мен қоғам, ғаламнан үйлесімділік іздеп шарқ ұрған, пәлсапашыл жанды аңғартады. Шығармаларында пәлсапалық тереңдік, адамның психологиялық жан күйзелісін суреттеу басым. Мұқағали Мақатаевтың шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе терең жеткізуінде десек, оның өлеңдерінің өлмей, өшпей ұрпаққа жетуі осы талапшыл жастардың қолында. Ақын шығармаларын қалың жұртшылықтың көңіліне жеткізе орындай білу де өнер. Сондықтан Жаннұрға мұқалма, талма демекпіз.
Г.ӘБДІХАНИ