Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сезімін өлеңмен өрнектеген ақын

Сезімін өлеңмен өрнектеген ақын

«Сезімім өрнек сетінеп кетсе бір жібі, Қиын емес екен қайғыға қарай құлдырау, Алтыным сені, әлі де қимай жүрмін-ау» деп сезімнің пернесін дөп басып, осы әнді 2006 жылдары Еркін Нұржанов жарыққа шығарған болатын. Көптің жүрегіне жеткен бұл әуеннің сөзін де, әнін де жерлесіміз, ақын Жанар Әбсадық жазған еді.

Әдетте көрерменнің һәм тыңдарманның жүрегін әлдилеген ән әншісімен есте қалады да, өлең авторы мен сазгері тасада елеусіз қалып жатады. Бұл әннің сөзі мен әнін тұлымшағы желбіреп, Алматыда бірінші курс оқып жүргенде ақын қызымыз Жанардың жазғанын білмейді екенбіз.
– 18 жаста туған ән. Әрбір шығармашылық адамының жүрек түкпірінде сақтайтын сағынышы, өз музасы болады. Бұл ән өз жүрегімде ғана қалатын, ешкімге айтпайтын кейіпкеріме деген сағыныштан туды. Лекцияда отырғанда ыңылдап әні келе бастады. Сосын жатақханада гитараға түсіріп көрдім. Әп-әдемі ән боп шықты. Өлең шумақтарын сәл кейін өрдім. Әнші курстасым Роза Әлқожа бірден ұнатып, жастар кештерінде орындап жүретін. Осы әуенді кейін Еркін Нұржанов Розаның орындауында тыңдап, әнді ұнатып, орындауға рұқсат сұрап өзіме қолқа салды. Еркін әнді жеткізе орындайтын талғамды әншілердің бірі, шығармашылық бағыты өзіме ұнайтын болғандықтан келісімімді бердім. «Алтыным» осылайша Еркіннің орындауында үлкен сахнаға шықты, – деп әннің тарихын тарқатты. Бүгінгі таңда Алматы қаласында SMM медиа компаниясында продюсер болып қызмет істеп жүрген Ж.Әбсадық Шиелі ауданы, Еңбекші ауылының тумасы. Поэзия әлеміне ерекше лирикаға толы жырларымен енген ақын тек өлең жазумен шектелген емес. Журналистика мамандығын игеріп, Алматы телеарнасында «Қайырлы таң» бағдарламасының сценарий редакторы, 31 арнада «Тылсым әлем», Қазақстан Ұлттық арнасында «Таңшолпан» таңғы бағдарламасының продюсері болып жұмыс істеуде. Қазақ әдебиетін тауысып, әлем әдебиетін кемірген Жанардың қаламынан жұп-жұмыр, теп-тегіс шығармалар туып келеді.
Ол туралы ақын Бауыржан Жақып ­«Жанар – менің шәкіртім. Жанар – туа бітті табиғи ақын. Оның поэзиясынан элегия жанрында жазылған лирикалық кейіпкердің менін көруге болады. Оның ерекшелігі өлеңнің техникасын, архитектоникасын, ұйқас, ырғағын терең меңгерген жас ақын» деп баға береді. Расында, ақынның өлеңдерін оқысаңыз, мөлдіреп тұрған сезім, сағынышты көресіз. Оның түйдек-түйдек сөздері, ойға оралымды ұйқастары бір-бірімен үйлесім таба кеткенін аңғармау мүмкін емес. Ақын Құралай Омар бір сөзінде «Мен Жанардың өлеңін оқығанда өзімнің ақын екеніме күмәнмен қарағанмын» деген бір ауыз сөзі-ақ жас ақынның поэзия әлеміндегі орнын айшықтай түскендей. Оның:
«Жапырағын желге тосып бұйралы,
Жаздың түні майысатын
Сәмбі талдар, үй маңы
Жалғыз-аяқ соқпақ бар-ды,
Сол соқпақ
Ойларымды жетелеген бүлдіршін
Ұлы жолдың басы екенін кім білсін» деп ­басталатын «Ауыл – анам» атты өлеңіне үңілсеңіз, ұлы өнер жолының бастауы ауыл екенін ұғасыз.
– Мен атам мен әжемнің бауырында өскен ерке қызбын. Мен үшін бүкіл әлем сол екі ардақты жан болатын. «Аспанға қойсам ыс, жерге қойсам күс болады» деп алақанына салған ата-әжемнің қайтыс болуы сағыныш деген сезімнің дәмін татқызды. Содан болар шығармашылығым лирикаға толы жырлармен өрбіді, – деп сыр ақтарды ұялының арғы бетіндегі ақын қыз.
«Шыныма емес, мұңыма
Күйреуік, бәлкім қаһарман сыңарсың,
Өңіме емес, мазасыз түсіме құмарсың.
Сен сірә, осынау жер бетінде емес,
Тек менің кеудемде ғана өмір сүретін шығарсың?!» деп үзіле, үздіге, іңкәр көңілмен көмкерген жыр жауһары талайлардың сезімін түртті. Сары дәптерді толтыра жазған өлеңдері жинақ болып, «Сезімдер маусымы» деген атаумен жарық көрді. «Қаламымнан туған әрбір туындының өзіндік тарихы бар. Еш жанға айта алмаған құпияларымды жырымнан білуге болады. Алла бұйыртса, алдағы уақытта екінші кітабымды жарыққа шығару ойда бар» дейді ол. Сондай-ақ бірнеше әннің сөзін жазғандығын да айтып қалды. Тек әлі жарыққа шықпаған соң анық-қанығын біле алмадық. Десе де ­поэзия әлеміне өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген жас ақынның арманы асқақ, мақсаты анық екенін байқадық. Олай болса туған жерін жырының тұздығына айналдырған жерлесімізге еңбегің өрлей берсін демекпіз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

11 ақпан 2020 ж. 691 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930