Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас төресі – нан

Ас төресі – нан

«Өскен өңір» газетінің өткен санында журналист Елдос Жүсіптің «Қымбатшылық қайда апарады?» деген мақаласы қазіргі қоғамда белең алып отырған қымбатшылық, әсіресе, біздің күнделікті дастарқанымыздан кетпейтін, ешбір тағаммен салыстыруға келмейтін нанның құдіреті туралы толғанысы аға ұрпақтың ойында жүрген түйіткілді мәселе болғандықтан, бұл мәселенің жастар тарапынан қозғалғаны бізді қуантты.

Біздер соғыстан кейінгі ауыр жылдарда дүниеге келгеннен кейін нанның жоқшылығын көріп, нанның құдіретін жүрегімізбен сезініп өстік. Қазіргі дүкендерде самсап, көздің жауын алып, толып тұрған нан ол кезде дүкендерде болмайтын. Қаппен сатылып жатқан ұнды да көрмейтінбіз. Шілде айының бас кезінде бидайға орақ түскеннен кейін бидайлықтан жасырынып барып масақ теретінбіз. Бригадир көріп қойса, масағымызды тартып алатын. Күріш орағының кезінде де осы жағдай қайталанатын. Күріштің дәнін ала алмасақ атыздың жиегіндегі күрмектің басын алып, қапқа сілкейміз де үйге әкеліп, сабаумен сабап дәнін аламыз. Шешелеріміз жұмыстан келіп біздің ас-суымызды берген соң, отырып алып диірменге бидайдың я болмаса, күрмектің дәнін тартып ұн қылып, қамыр илеп, түнімен нан жауып таңертең дастарқанда борсиып таба нан тұратын. (Қайран аналар көздің шырымын ғана алады екен ғой). Қант, кәмпит дегендерді кейін көрдік. Жағдайы бар үйлер дастарханына құмшекер қуырып, тары шашып ­тастайтын. Күрмектің наны да күртілдеп, ауызға салсаң еріп тұратын. Ал жүгеріден нан пісіруді шешендер келген соң көрдік. Ораза айты кезінде жүгері нан жеу үшін шешендер тұратын көшелерге таласып баратынбыз. Біздің басымыздан өткізген бұл қиындық бізге дейінгі аға ұрпақтың басынан өткен қиыншылықтармен салыстырғанда ауыр емес.
Қазақ халқы нанның қасиетін, жоқшылығын ХХ ғасырда екі рет, яғни 1921-1922, 1933 жылдары ашаршылықты көріп, көп адамдар қырылған, босқынға ұшыраған. Осы екі ашаршылық болмағанда қазақтың саны қазіргі таңда 50 миллионға жететін еді деген болжам бар. Аға-апаларымыз «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» деп сол қиыншылық жылдары айтқан. Бір үзім нанға зар болып талай боздақтар көз жұмған. Сол боздақтардың әруағы үшін біз нанды өмір бойы қастерлеуге, нанды пір тұтуға болашақ ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет. Біздің әке-шешелеріміз сол қиыншылықтарды бастарынан өткізгеннен кейін бір түйір нан жатса, жерден алып, адамның аяғы баспайтын жерге қою керек дейтін.
Ертеде бір патша өзінің қарамағындағы бүкіл халқын нанды құрметтеуге тәрбиелепті. Өзі де бір түйір нанды жерге түсірмейді екен. Жорықтан келе жатып кешке тамақтанып жатқан кезде патша нанның бір түйірін жерге түсіріп алыпты. Нанның жерге түскен түйірін таба алмай, әбден әуреленіпті де, сол жерден ұзамай қонып, таңертең келсе, нанның түйірін түсірген жерде жатқан бармақ басындай алтынды көріп аң-таң қалады. Сол кезде Жаратушы сенің нанды құрметтегеніңе риза болып, нанның орнына бармақ басындай алтын бердім деген екен.
Шынында, нанды құрметтеу – Жаратушыны, бір Алланы құрметтеу. Жұмақта сүмбідей болып өсіп тұрған бидайдың сұлулығына қызығып, Адам ата мен Хауа ана жеп қойып, жұмақтан шығып қалып екеуі табысып, дүниеге біз келген жоқпыз ба? Сондықтан нан пейіштен шыққаннан кейін ешбір тағам нанды алмастыра алмайды. Наннан басқа тағамның бәрін нан сияқты күнде жей алмай, шығып қаламыз. Ал нанды ағза күнде қажет етеді, оны алмастыратын тағам жоқ. Біздің міндетіміз нанның осындай қасиетін өсіп келе жатқан ұрпаққа жанұяда, мектепте күнде айтып, ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет. Бұрын мектептерде, яғни әрбір мектептің жанында тәжірибе бөлімі болатын. Онда бидай, қызанақ, асқабақ, қияр т.б дақылдар өсіріліп, оқушыларға еңбек сабағында барлық адамға қажетті тағамдардың қасиетін, олардың дастарқанға еңбекпен келетінін сездіретін, өз көздерімен көретін. Сол арқылы балаларды еңбекке баулитынбыз. Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақ бос уақытын алаңсыз теледидарға үңіліп өткізеді. Қолдарынан қалта телефондары түспейді, көретіндері атыс-шабыс, кісі өлімі, ұрлық-қорлық, зорлық-зомбылық. Олар алдарына келіп жатқан тағамдардың, тіпті нанның қалай өсетіндігінен бейхабар. Қазіргі жас ұрпақ нан ағаштың басында өседі десек те сене береді. Ұрпақ бұндай болып өспес үшін Жапон мектептерінде өздерінің негізгі асы күріштің қалай өсіп тұрғанын балаларға көрсету үшін мектептің жанына күріш өсіреді екен. Қазіргі таңда нанды құрметтеуді жас ұрпаққа үйретпек түгілі өзіміз де ұмытып бара жатқан сияқтымыз.
Автор өзінің ой толғауында нанды құрметтеудің белгісі ретінде оны қымбаттатсақ қалай болар еді деп ой ­тастайды. Нан қымбаттаса, оны өндіретін шаруаның да жағдайы жақсарар ма еді деген де ой ұшқындайды. Біз әлемдегі астықты державалардың біріміз. Оны өсіріп жатқан шаруалардың жағдайы жақсармай, нанның қымбаттап жатқан негізгі себептерінің бірі – бидайды өсірген шаруа өзінің өнімін бірден мемлекетке тапсырыспен өткізе алмау. Шаруа мен мемлекет арасында делдал мемлекеттік компаниялар көп. Президент Қ.Тоқаевтың халыққа да, мемлекетке де пайдасы жоқ компаниялардың санын азайту керек деген ұстанымы келешекке зор сенім ұялатады.
«Нан – қазақтың қолындағы алтыны, қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп аға буын айтқандай, қазақтың бағы да, берекесі де – нанның молшылығы. Әлемде талай мемлекет, әсіресе, Африка құрлығындағы Танзания, Зимбаве т.б мемлекеттер осы заманның өзінде нан жетіспей, өздерінде күн ыстық болған соң астық өспей, ашаршылық күйін кешуде.
Нанның қасиетін, қоғамдағы орнын, нанның әрбір қоғамның қозғаушы күші екенін, нансыз күн жоқ екенін күнделікті дастарқан басында, тіпті мектептерде арнайы тәрбие сағаттарында жоқтықтың қиындығын көрген аға буын өкілдерімен жас ұрпақтың кездесуін өткізіп, өсіп келе жатқан ұрпақты нанды құрметтеуге үйрету, тәуелсіз еліміздегі ұрпақ тәрбиесінің өзегі.

Есіркеп Шәдібеков,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»

11 ақпан 2020 ж. 833 0