Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымбатшылық қайда апарады?

Қымбатшылық қайда апарады?

Қайда барсаңыз да қымбатшылық. Алты ай көріспей, сағынып кездескен екеудің де, таксиге отырған төртеудің де айтатыны осы әңгіме. Бәрінен қашып, әлемжеліге кіре қойсаңыз, онда да алдыңнан осы тақырып күтіп алатынын қайтерсіз. Анау пост, жазба, мақалаларды оқу былай тұрсын, тақырыбының өзінен зәреңіз ұшады. Құдды бір ақырзаман жақындап, шығыстағы күн батыстан көтеріліп келе жатқандай күй кешесіз. Қалайша қиямет келіп қалғандай қорықпайсыз, егер «Қазақстанда қымбатшылық тоқтар емес», «Қымбатшылық қысып тұр», «Қымбатшылық қырсауынан қашан құтыламыз?» деген тақырыптар көз алдыңызда айқайлап тұрса. Қорықпақ тұрмақ, еңсеңіз түсіп, меселіңіз қайтып, өмірден баз кешіп кетуге сәл-ақ қаласыз.

Иә, «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» демекші осы күні базар бағасы біраз дүниенің шетін қайыратын жағдайға жетті. Елдің еңбекақысы мен кемпір-шалдың зейнетақысына қосылған тиын-тебенді саудагерлер есептеп, санап тұра ма, әйтеуір, жаңа жыл басталса болды базардағы баға да құбылып, өсіп шыға келеді. Содан қарапайым халықтың жалақысына қосылған 5-10 мың теңгенің есебі шығып, елде ешқандай өзгеріс байқалмай, баяғы жартас, сол жартас күйінде қалып қоя береді. Иә, бұл ақшаның құнсыздануы мен қымбатшылық ­проблемасы біздің елде ғана дей алмаймыз. Бұл сынақтың жалпы жер жаһанда болып жатқаны, әлемдік мәселеге айналғанына да біраз болды. Ал енді осындай сын сағатта қарапайым халыққа не істемек керек? Зар еңіреп, етек-жеңімізді көл еткенмен шешімін тауып, түйіні тарқатылған іс қайсы? Әлемдік нарықты игеріп отырған алпауыт елдердің арасындағы кекілжіңді көріп отырып, алдымыздан арзаншылықтың таңы атып, баға тұрақтылығын сақтайды дегенге сенудің өзі қисынсыз. Осы тұста жалпы қазақ халқы қымбатшылықпен қалай күрескеніміз жөн, осыны зерделеп көрсек.
Бәлкім, сіздер мені есінен ауысқан дейтін шығарсыздар. Бірақ мынау өліара уақытта орын алып отырған осындай сынақтарға мұңайып, қайғырмай, керісінше қуануымыз керек. Неге дейсіз ғой? Өйткені, біз айтып отырған қымбатшылық адам баласына ауыртпалық жүктегенімен, оның екінші жақсы жағы да бар. Ол – көкірегіне нан пісіп жүрген талай тәкаппарды тәубесіне түсіріп, елді ысырап етпеуге, адамдардың жатып ішерлік пен масылдықтан арылуына, маңдай терін төгіп еңбек етуге тәрбиелейді.
Нан демекші әсіресе, кешегі тар заманда халқымызға талғажау болып, ұрпақты аман алып қалуға ықпалы зор болған нан өнімінің қымбаттағаны өте орынды. Себебі, қазір біз нанды қадірлеуді қойдық. Бәлки, қадіріміздің қашып жүргеніне де осы нанды бағаламауымыз себеп шығар. Адам баласы әуелден қолында жоқ нәрсені бағалы көріп, тапшы затты құнды санамай ма?! Сол үшін қара базардағы қара нанның құны бұдан да қымбат болуы керек. Неге, ас атасы бидай өнімі қажетсіз техникалық жабдықтар мен баланың ойыншығынан төмен бағада сатылуы керек?! Қымбаттасын. Бағалы болсын. Міне, сол кезде қоғам нанның қадірін біліп, аяқ асты етпейді. Тіпті адам денсаулығына зияны бар неше түрлі газдалған сусынның бағасы сіздің бір күндік асыңызға жарайтын наннан анағұрлым қымбат. Көрдіңіз бе, ас атасын тағы да бөтен елдің брендінің астына жығып беріп отырмыз. Осындайда ескіден келе жетқан ет өнімінің де, бір шиша арақтан арзан болып тұрғаны жанымызға батады. Неліктен ет бағасы азғындықтың кілті атанған арақтан арзан болуы керек. Міне, осындай миға сыймайтын мысалдарды тізе берсек, бүгін тауыса алмаймыз. Әйтпесе, мал асырап-бағуға кететін уақыт пен қажыр-қайратыңызды қоспағанда бүгінгі таңда төрт түліктің жем-шөбі де аспандап тұрғаны баршаға аян. Бірақ осының барлығын ескеріп, ет бағасының қымбаттағанын жөн демейміз. Ал арақ қымбаттаса жақ ашпаймыз. Бұл қалай болғаны сонда? Жалпы басқа-басқа, бірақ ет пен нанның қымбаттағаны біртіреуі ауыл шаруашылығы саласы болған еліміз үшін қайырлы болмаса, зиянды деп айта алмаймыз. Себебі, бұл екі өнімнің өміршеңдігі жоғары. Қандай заман болмасын адам баласы ет пен нанды қоректенбей өмір сүре алмайды. Сол себепті аталған қос астың қымбаттағаны қазақ баласын ұлттық қазынасын қайтарып, темір қазығына оралуға тәрбиелейді.
Байқасаңыз, қазір ауылда сенделіп жүрген жас көп. «Сенікі не жүріс» деп сұрай қалсаңыз, ойланбастан «жұмыс жоқ» дейді. Ал солардың кейбіріне жұмысына қойсаңыз «малыңды бақпаймын, отыныңды шаппаймын, мынауыңды істемеймін» деп басын ала қашатындары көп. Неге? Өйткені, қазіргі ­жастар ата-ананың табысына ортақтасып, жатып ішуге әбден еттері үйренген. Белгілі бір қысым болмағаннан кейін ештеңені ойламайды да. Ата-анасының айлығы аштан өлтірмейтінін біледі. Күнделікті ішіп-жері дастарқанда тұр. Болды. Ары қарай ой жүгірту, келешек қалай өмір сүремін деп басын қатырмайды. Осыдан кейін жоғарыдағыдай ойға келіп, базар бағасының қымбаттағаны дұрыс екен деген ой түйесіз. Сондағымыз қазақтың тепсе темір үзетін жігіттері өзінше іс бастап, еңбек етуге талпынар дегендік. Қымбатшылық жастарымызды ұйқыларынан оятып, жемтігін іздеген аш бөрідей әбжіл әрекет етіп, жүйелі жұмыс істеуге түрткі болар деген ой еді.
Досхан Жолжақсынов түсірген «Біржан сал» фильмінде Біржанның бәйбішесі «Жұрттың Біржанынан менің Біржанымның қай жері кем, алса, алсын тоқалды» дейтіні бар еді ғой. Сол сияқты базардағы барлық заттың парқы асып тұрғанда неге біздің ұлттық асымыз арзан болуы керек? Нанның киім-кешек, көкөніс, жол ақыдан қай жері кем? Қымбаттасын! Есесіне ауылда азаннан кешке дейін егіс басында күнге күйіп мал соңында табаны тозған қарапайым шаруаның қалтасы қалыңдайды. Иә, бәйбіше қай жетіскеннен күйеуіне тоқал әпергісі келсін? Біздікі де Біржанның бәйбішесінің кейпі ғой, айналып келгенде.

Елдос ЖҮСІП

20 қаңтар 2020 ж. 541 0