Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тиімсіз тыйымнан арылайық

Тиімсіз тыйымнан арылайық

Ырым-тыйымның түп-төркіні қайдан шықты? Ырым-тыйым дегеніміз не? ол – жасауға болмайтын іс-әрекеттер, тек бір уақытта ғана іске асыруға болатын дүниелер. Қазақта әртүрлі ырым-тыйымдар бар. Оған біреу сенсе, біреу сенбейді.
Бірақ олардың шығу тегін ойланып көрсеңіз, сеніп-сенбеуіңізді ойлайсыз. Біз ақ жаулықты әжелеріміз бен аяулы аналарымыздың «жағыңды таянба», «тізеңді құшақтама», «бос бесікті тербетпе» сынды тәрбиелік мәні зор ырым-тыйымдарын өн бойымызға сіңіріп өстік. Ал осыны қазіргі балаларға айтып көрейікші. Бұрын-соңды естімегендей күй кешеді. Себебі, миға қонымсыз ырым-тыйымдарды қолданып жүр. Мәселен, «құрбақаны өлтірсең жаңбыр жауады» дейді. Бұған қалай сенуге болады? Ойланып қарасақ сенуге тұрмайтын дүние. «Шайдың көбігін басымызға жағып, байып кетеміз» деп жүрген әпкелерімізді де көзім көріп жүр. Соңғы кездері жастар арасында сағат, бәкі, жаулық, сурет сынды заттарды сыйға тартса, арада жанжал туып, ажырасуға әкеліп соқтырады деген ақылға қонымсыз сенімдер де бар. Бұл ақылға қонымсыз дүниелерді кім ойлап тапты? Әрине, өзіміз. Қазір бір-бірімен байланысса, мақал-мәтел, ырым-тыйымдарды ойдан шығарып алу бізге қиынға соқпайтын болды. Бір қарағанда мән бермейтін дүние болып көрінер, бірақ түп-тамырын зерттесек, қоғамға деген көзқарасымызды өзгертуі мүмкін. Сол себепті ұлтымыздың ұйытқысына айналған ескілікті, тәрбие-тағылымы мол мұраларды жоғалтпау мақсатында осы мақаланы жазуды жөн санадым. Ғаламтордың ғаламында пайда болып жатқан, тіпті қолдануға ұялатын ырымдар жөнінде сыр шерттім. Өзім сынды жастарға да айтарым, өзгеден келген олқылықтарды бойымызға дарытпай, қазыналы қарттарымыздан, өткені өмірімізге үлгі боларлық асыл жандардың сөзін ой-елегінен өткізіп, нәтижелі жастардың еңбегін бірге көрсетейік! Ырымның да естісі бар, тыйымның да толғанары бар екендігін ойдан шығармағанымыз жөн.
Қорыта келе қоғамның дертіне айналмай тұрғанда қажетсіз ырымдардың қолдану аясын тарылту біздің қолымызда! Келелі ойларды жаңғырту да, жас буынға жөнелту де жастардың еншісінде екенін ұмытпайық.

Аружан АМАНЖОЛОВА,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің 3 курс студенті
04 ақпан 2020 ж. 716 0