Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптің бастауы – қаржылық сауаттылық

Кәсіптің бастауы – қаржылық сауаттылық

Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлік мемлекеттік деңгейде қолдауға ие екендіні баршаға аян. Бір дәлелі, аудандағы «Атамекен» және «Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм» палатасы деп аталатын екі орталықтан көруге болады. Аталған екі орталық кәсіп ашсам дейтін аудан халқына кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретуде. Нақтылай айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлікке қажет қаржылық сауаттылықты оқытуда. Бұл енді елдігімізді ойлаған ерлердің және сол ерлерді қолдаған азаматтар мен азаматшалардың ісі. Осы ретте сол іске қарапайым халық қалай үлес қоса алады? деген сауал туады. Енді айтпағымды осы сұрақтың жауабымен ұштастырайын.

Қарапайым халықтың бір өкілі болғандықтан аталған сұрақтың жауабын үш бағытта іздендім. Оның бірі – көреген де кемеңгер ата-бабамыздың дүниетанымы. Ал екіншісі – ата-бабамыздың дүниетанымына негіз болған шариғаттық үкім пәтуалары. Үшіншісін экономикалық саясаттың мақсат-міндетін түсінуге арнадым. Ал осы мақсатқа елімізде қаржылық сауаттылықты игеріп, шағын және орта кәсіпкерлікті ұршықша иіретін бизнесмендер саны көбейсе қол жеткізеді екенбіз. Қарапайым тілмен айтсам, экономикалық саясаттың негізгі мақсаты бай, кедей, орта делінетін үш тап өкілдері ішінен орта тап өкілдері санын көбейту. Яғни кедейді орта таптың қатарына қосу. Сондықтан мысалыға, аудандағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жерлестерімізге жүз кәсіп пен жүз кәсіпке қажет қаржылық сауаттылықты оқытады екен. Енді осы мақала арқылы айтпағымды жасаған амалымның мысалымен түсіндірейін. Балам он жасқа толғаннан бастап кәсіпкерлікке баулуды бастадым. Ниетімді баламның балалық табиғатымен ұштастырдым. Мысалы, баламды қоян көжегін, үй құстарының балапандарын, қой-ешкінің қозы-лағын көрсетіп, қызықтырдым. Қызығушылығын «Көжек, балапан, қозы-лақ асырау менің де арманым» деп арттырып отырдым. Армандар жоспары жасалмаса, яғни мақсат-міндеті айқындалмаса, жүзеге аспайтынын түсіндірдім. Таныс-тамырдың үйіндегі кепе, күрке, қоралардың үлгілерін көрсетіп, көжек, балапан, қозы-лақтың күтімін айттым. Баламның осы арманымды жүзеге асыруыма көмектесуін сұрадым. Балам он екі жасқа толғанда менің арманым, енді баламның арманы болды. Өзінің де арманы болған соң ортақ мақсатымыздың қол еңбегіне де, ой еңбегіне де араласа бастады. Кепе, күрке, қора, теплицалардың өзіндік үлгісін сызуға, сметалық есеп-қисабын базар бағасымен есептеп айқындауға, әрбір ісіне серік болуға, құрылысқа қажет материалдарға барып келуге, ет, жұмыртқа, қызанық-қиярдың бағасымен табысын есептеуге қабілеті жетті. Сәтін салғанда атаулы әлеуметтік көмектің алты айлық қаражаты қолға тие бастады. АӘК-нің қаражаты баламмен бірігіп қызанақ көшетін өсіретін шағын теплица мен қоян кепе соғуға, қызанақ егуімізге, өсірген өнімімізді сатуымызға себепші болды. Нәтижесінде баламыз екеуміз шығынымыз бен пайдамызды біріктіріп, есептей жүріп кәсіпкерлікке қажет қаржылық сауаттылықты біршама игеріп алдық. Пайдамызды АӘК қаражатының қалған төрт айлық ақшасына қосып, есіктің алдына орташа отбасылық теплица соғып алдық. Сондай-ақ жоспарымызға елу-алпыс көжек өсіретін кепе, жиырма-отыз балапан өсіретін күрке, он шақты қозы-лақ өсіретін қора салу, жыл он екі ай теплицалық қызанақ-қияр сату мақсаттарын енгізіп қойдық. Бұйыртса қартайғанымда ұлым қиналмай асырар, кемінде түймесі түгелденіп, билікке де, өзгеге де қол жаймас деген астарлы үмітім бар.

Әбілдахан Қарекеев

18 қаңтар 2020 ж. 646 0