Атаулы әлеуметтік көмек қалай өзгерді?

Яғни 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек бір жылға емес, әр тоқсан сайын тағайындалып, сарапталып отырады. Сондай-ақ жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің есептелу тәсілі де өзгерді. Тарқатып айтар болсақ, ендігі кезекте отбасы мүшелеріндегі зейнетақы, мүгедектікке тағайындалған жәрдемақы, өтеусіз қайтарымсыз берілген кредит, қосалқы шаруашылықтар, кәсіпкерлік табысы, көлік құралдары, мүгедек жандарды күтушілеріне тағайындалған жәрдемақы, 4 баладан жоғары тағайындалған мемлекеттік жәрдемақы, магистратура мен докторантураның стипендиясы есептеледі. Ал отбасында жұмысқа жарамды бір азамат жұмыстан бас тартса, онда ол отбасыға АӘК тағайындалмайды. Сонымен бірге көпбалалы аналарға кәсіп бастау үшін жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз грант беріледі. Осыған байланысты «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына да өзгерістер енгізілді. Аталған бағдарламаның микрокредит мерзімі 7 жылға ұзартылып, үстемақының номиналды жарнасы 4 процентке төмендеді әрі тұрып жатқан жеріне қарамастан берілетін микрокредит соммасы бойынша шектеулер алып тасталды. Сондай-ақ биылдан бастап жеті жасқа дейінгі бала күтіміне отыру үш жасқа дейін қысқартылды.
Биыл аз қамтылған отбасының балаларына ерекше назар аударылады. 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік жиынтығы және гигиеналық заттар берілсе, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектепте ыстық тамақ ішіп, оқу құралдары және мектептің арнайы киімдерін ала алады, сонымен қатар мектепке бару шығындарын мемлекет өтейді. Медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі.
Жаңа жылдағы өзгерістердің қатарында мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де бар. Ол биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға беріледі. Мемлекеттік жәрдемақы жаңа мөлшерде, 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға 74 388 теңге төленеді.
Биыл төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу үшін 177,6 млрд теңге бөлінген. Бұл жәрдемақыны 346,8 мың отбасы алады деп жоспарлануда.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА