Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төл мереке тойланды

Төл мереке тойланды

«Арман» мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігі мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. 1991 жылдың 16 желтоқсаны – Қазақ мемлекеті тарихының ең ұлы күні! Осы сәттен бас­тап, біз кемел келешекке деген өз жолымызды таңдадық. Мәңгілік Ел болу мұратындағы бағдарымызды айқындадық. Тәуелсіздік мерекесі – жүрегі Отан деп соққан әрбір азаматтың қасиетті мейрамы, еліміздің ең басты тойы.

Осыдан 28 жыл бұрын еліміз тәуелсіздігін жариялап, әлемдік картада жаңа мемлекет пайда болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының негізінде он алты мың шақырымдық шекарамызды бекіттік. Ата Заңымызды қабылдап, ұлттық қорымызды жинақтадық. Ұлт пен ұлыстың басын тоғыстырған Қазақстан халқы Ассамблеясы атты тарихи қоғамдық институттың негізін қаладық. Еуразия кіндігінде Алаштың айбарлы астанасын салдық. Бүгінде Елордамыз сәні мен сәулеті жарасқан алып шаһар ғана емес, әлемдік діндердің басын біріктіріп, ынтымақ, татулық, бейбітшілікке үндейтін ірі орталыққа айналды. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бодандықтан босап, азаттық алған жас мемлекет үшін оңай болған жоқ. Өйткені, елде тоқырау кезеңі басталып, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар орын алып жатыр еді. Бірақ ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем ел болуды көздеген еліміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қазақ мемлекетінің қарқындап дамуына үлес қосты.
Осынау айтулы күннің құрметіне орай Арман мәдениет үйінде ұйымдастырылған шарада аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов пен «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Махамбет халықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, өз тілегін білдірді. Сонымен қатар шырайлы Шиелінің дамып, өркендеуіне үлес қосқан аудан азаматтарын марапаттады. Осыдан кейін желтоқсан оқиғасына қатысқан Э.Хайруллақызына сөз берілді. Жастардың ұйымдасуымен түрлі сахналық бағдарламалар, қойылымдар қойылып, әндер айтылып, би биленді.
Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Қазақстанның тәуелсіздігі – азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті өтеуі. Бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халқымның пейілінің қайтарымы», – деген болатын. Біз тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаншама қиыншылықтарды басымыздан өткіздік, енді осы азаттықтың қадірін біліп, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға, экономикасын көтеруге, демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолында аянбай еңбек етуіміз қажет.

Азамат ЖАПБАРБЕРГЕНОВ

19 желтоқсан 2019 ж. 798 0