Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ШЕЖІРЕСІ

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ШЕЖІРЕСІ


  Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты  кітабының тұсаукесері өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Меруерт Аңсатова, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері, ҚР Ұлттық Ұлан сарбаздары, зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары қатысты. 

Тұсаукесерге жиналған қонақтар тағылымы мол кітаптың маңыздылығына тоқталып, Елбасының ел дамуы жолындағы сарабдал саясатын атап өтті. Сонымен бірге кітаптың тұсаукесері түрлі мекемелер мен білім ошақтарында, орта және жоғары оқу орындарында  өтіп, іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
Мұнан кейін талантты жастар патриоттық әндер шырқады. Жас ақындар авторлық өлеңдерін оқыды.
Жалпы, кітапта мемлекетіміздің негізі қалан­ған күннен бергі атаулы әрі айтулы оқиғалар топтастырылған.  26 жыл қас-қағым сәт болғанымен, қазақ қоғамы үшін ғасырға бергісіз кезең. Аз уақыт ішінде еліміз биік белестерді бағындыра білді. Сондықтан бұл еңбек кешегі мен келешекке ұмтылысты баян етеді. Құнды туындыда азаттықтың  ақ таңы атқан сәттен бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақ елінің жүріп өткен жолы суреттелген.
«Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыш­таған жасампаз халқыма арналады» деп басталған «Тәуелсіздік дәуірі» публицистика жанрында жазылған. Қазақ және орыс тілінде жарық көрген. Тәуелсіздік шежіресін тұтас қамтыған кітап төрт бөлімнен тұрады. Олар «Мемлекеттің дүниеге келуі», «Ұлы бетбұрыс», «Қияға құлаш сермеу» және «Қалыптасқан мемлекет» деп аталды.
 Шара соңында қатысушылар «Тәуелсіздік дәуірі – егеменді елдің шежіресі» атты кітап көрмесін тамашалады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
19 ақпан 2018 ж. 1 934 0