Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат – жазалау емес, қоғамды жемқорлықтан тазалау

Мақсат – жазалау емес, қоғамды жемқорлықтан тазалау

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз экономикалық дағдарысқа ұшырап, ақша, тауар тапшылығымен бірге жұмыссыздық секілді қиындықтармен бетпе-бет келді.Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер өтпелі шағында мемлекет құру да оңайға түскен жоқ. Ол уақытта егемен мемлекеттің төл қаржысы түгілі, өз заңдары да болмаған еді. Әйтсе де, еңсе тіктеу жолында бел қайыстырар ауыр реформаларды басып өттік. Енді, міне, ес жиып, әлемге танылып жатқанда, жегі құрттай сыбайлас жемқорлық проблемасы пайда болды.
Сыбайлас жемқорлық ұғымы енгелі жас тәуелсіз мемлекетіміз сол дертке қарсы озық тәжірибелерді іздестірді. Бірақ әлемде оны түбегейлі жойған мемлекет жоқ. Десек те, мемлекетіміз жемқорлықпен күресте оның деңгейін барынша төмендететін үрдістердің бар екендігін айқындады. Ол – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Иә, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер» деп осы құбылыстың елімізге үлкен қауіп төндіретінін нақты көрсетіп, әрбір Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы басты бағыттарды айқындап отырды. Осы жылдар ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қалыптасып, бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданды.
Одан бөлек дамыған 30 елдің қатарына ену жолында кезең-кезеңімен атқарылуға тиісті міндеттері белгіленді. Соның бірі — «100 нақты қадам» Ұлт Жос­пары. Ұлт жоспарының 13 қадамында «жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» деп анық көрсетілген. Әрине, агенттіктің міндеті тек қана заңды белден бұзғандарды жазалау, топырлатып түрмеге тығу емес. Ең алдымен қоғамның жегі құртына айналған келеңсіз әрекетке жол бермеу, алдын алу. «Тек қана қазынаға қол салғанда ғана тұрмысың түзеледі, қызметте «бармақ басты, көз қыстымен» ғана көтеріле аласың» деп ойлайтын керітартпа сананың сірескен сеңін бұзу. Қазіргі мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та сыбайлас жемқорлықты жоюға айрықша мән беріп келеді. Оның бұйрығымен тікелей Президентке бағынатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жеке дара етіп, қайта құрылды. Бұл агенттік сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарын анықтауды, оның жолын кесуді, қылмысты ашуды және тергеуді жүзеге асыратын құқық қорғау органы болады.
Түптеп келгенде мемлекеттік қызметші тек өзіне тапсырылған істі орындаушы ғана емес, оның адами болмысы да назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі, ол халықтың қамқоры, жанашыры.

Сәрсенкүл Шарипова,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы
30 қараша 2019 ж. 484 0