Азуын қаққан талайдың
Сахна төрінде иығында гармоны, сәл жымиып бәрімізге танымал Арзулла ағамыздың портреті ілінген. Нартай ауылының тұрғындары шетінен өнерпаз. Өнерді құрметтейді, өнер адамдарын дәріптеп, қошемет көрсетеді. О.Бодықов атындағы ауылдық мәдениет үйі халыққа лық толған, қария кісілердің қарасы мол. Оның да себебі бар. Өйткені, мұнда ақиық ақын, Нартай мұрасын зерттеуші, насихаттаушы, төл шәкірті, ақын, жырау Арзулла Молжігітовтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Азуын қаққан талайдың, Арзулла – Сырдың жүйрігі» атты еске алу шарасы өткелі жатса, екіншіден, Сыр сүлейі Арзулла аталарын жырға қосқалы келген, аймақтық жас ақындар айтысы ұйымдастырылған.
Оған аудан ардагерлері, Арзулла жыраудың замандастары мен көзкөргендері бармағанда кім барушы еді? Керделі ауылдық округінің әкімі көрермендерге бүгінгі шараның Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ауылдық округі аппараты мен мәдениет үйінің ұйымдастыруымен болып жатқандығын жеткізді. «Сондай-ақ биылғы «Жастар жылы», Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп жатқан Арзулла Молжігітовтың 90 жылдық мерейтойына, аймақтық жас ақындар айтысына қош келдіңіздер» деді. Сахнаға А.Молжігітовтың ұрпағы, айтыскер ақын, жыршы Рахметулла Жолтаев шығып, жұрттың делебесін қоздырып, көкесіне арнау өлеңін жырлады. «Ы.Жақаев атындағы музейдің директоры Құттықыз Ыханова Арзулла жездесімен жиырма жылдан аса қызметтес болғанда арадағы жезде мен балдыздың жазбаша айтыстарын, Арзекеңнің ауызша тапқыр әзілдерін ортаға салып, көрерменді қыран-топан күлкіге батырды. Жездесіне деген сағынышын жасыра алмады.
Атасы Арзулланы бағып-қағып, арулаған келіні Тұрсын апайға қамзол кигізіп, басына ақ жаулық салған Құттықыз анасын құшақтап мауқын басқандай болды. Жас ақындар айтысының тізгінін қолына алған Шиелінің Жүрсіні, республикаға белгілі айтыскер ақын Ержан Әмір айтысын алтыннан артық көретін көпшіліктің көңілін көтеріп, әзіл сөздерімен, ұтымды ойларымен көрерменді баурап алып, сөз құдыретін суырып салып айтатын жас ақындарды ортаға шақырды. Айтыс додасына Ақтөбе облысынан Қайырхан Жұбаниязов, Айболат Көшкенбай, Түркістан облысынан Гүлжан Ықыласқызы, Қызылорда қаласынан Динар Рахманов, Арал ауданынан Бексұлтан Орынбасаров, Қармақшыдан Сырым Әділбек, Шиелі ауданынан Шыңғыс Құдайберген мен Бекжан Ержігіттер қатысты. Талаптары таудай талантты ақындар Арзулладай жыр алыбын жырға қосып, небір шешендік сөздердің пәрін шығарды. Жұптасқан қыз бен жігіт айтысында Гүлжан мен Динар керемет өнер көрсетті. Қайыржан мен Бекжанның айтысы тартысты, мәнді болса, Сырым мен Шыңғыстың болашағы зор екенін аңғардық. Сонымен үш сағатқа созылған айтыста оза шапқан екі жұп мәреге шығып, Қайырхан мен Гүлжан, Бекжан мен Сырым аға буын ақындардың артынан өкшелеп келе жатқан «таңдайы терең ағыстай, маңдайы кере қарыстай» жас дүлдүлдер киелі сахнада атой салып, Нартай мен Арзулла туған ақындар елінің топырағын дүбірлетіп, шаңын аспанға көтерді. Айтыс додасына төрелік еткен қазылар қатарында ҚР Мәдениет қайраткерлері Кенжебай Жүсіп, Өркен Исмаил, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеевтер болды. Айтыстың бас жүлдесін Жиделіарықтың түлегі, өршіл, дауылпаз ақын Бекжан Ержігіт жеңіп алды. Бірінші орын Ақтөбелік азулы ақын Қайырхан Жұбаниязовқа бұйырды. Қармақшылық сырлы ақын Сырым Әділбекке екінші орын тисе, үшінші орын түркістандық ару, қайсар ақын Гүлжан Ықыласқызының еншісінде кетті. Ақындарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Мерекелік шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев қорытындылады. Тоқсанға келген абыз, ақын, жыршы Арзулла Молжігітовтың әруағына ас беріліп, Құран бағышталды.
Сәкен БӘКІРОВ