Сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтамайды
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – еліміздің басым бағыттарының бірі» деген болатын. Кез келген дамыған мемлекет үшін, әсіресе, өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлық өзекті мәселелердің бірі саналады. Өйткені, сыбайлас жемқорлық елдің әл-ауқатының өсуіне кері әсерін тигізіп, ұлттық мүддеге экономикалық қауіп төндіретіні сөзсіз. Басқа мемлекеттердегі сияқты бұл дерт біздің елде де ауқымды болып тұр.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне, заң мен әділдікке, түптеп келгенде билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы –2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында: Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру» делінген. Бүгінгі таңда «Әділдік жоқ жерде пара алу жүреді» деген сөз халық арасында жиі айтылады. Егер сыбайлас жемқорлық жойылса, халықтың мол сенімі пайда болып, күдік те жойылар еді. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы ҚР Конституциясын, құқықтарын жетік біліп, жіті түсініп, абыройы мен қадір-қасиетіне құрметпен қарауға тиісті. Сонда ғана сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Сондықтан оның алдын алып, қоғамнан жою, оның ұлғаюына жол бермеу халықтың өзінің қолында.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға да тартылады. Оларға біздің қоғамда да, арамызда да орын жоқ екенін түсінгені абзал.
Хамит Қойшыбаев,
Гигант ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы