Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәстүрлі атауларға жақындай түсеміз

Дәстүрлі атауларға жақындай түсеміз

Өткен жолы да, ономастика саласындағы жұмыстар туралы айтқанбыз. Оны оқымаған адамдар легі болу керек, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне келушілер саны азаяр емес. Осы саланы жақсы меңгерген маман Гүлназ Достиярованың өзі келген жұртшылыққа түсіндіруден шаршамаса да, маған жалыққандай көрінді. Өйткені, бір тақырыпта таңертеңнен кешке дейін қаузай берсе, кім болса да жалығары сөзсіз.
Бірақ қызметі сол болған соң, халық көңілінен, олардың талабынан шығып отыру міндет. Оны Гүлназ қыз жақсы түсінеді. Жалпы баршамызға ортақ мәселе ономастикалық комиссияға ұсынылған материалдардың барлығы бірдей оң шешім таппайды. Біз облысқа жіберген құжаттар ол жақта да комиссия тарапынан қаралып, не жарамды, не жарамсыз болып оралады. Осы жағдай хабарланған кезде әкесі немесе туысына көше атын беруге өтініш білдірген кісілер түсінбестік танытып, «Неге олай?», «Пәленшенің әкесі неге өтеді?», «Сен дұрыс жазбағансың. Сенің кесірің, оңбаған» деген ауыр сөздерін де айтып, кетіп жатады. Біз оларға 28 ақпан 2017 жылғы Елбасының №17 388 5 санды тапсырмасын жеткізіп әлекпіз. Онда жергілікті жерлерде кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту, сондай-ақ кісі аттарына мейлінше шектеу қою туралы барлық билік тармақтарына қатаң ескерту жөнінде айтылған. Осы мақсатта 150 тарихи тұлғаның, 70 жер-су атауы және 300-ге жуық дәстүрлі атаулар тізімі әзірленіп, жергілікті атқарушы органдарға жұмыста басшылыққа алу үшін жолданды. Ендігі міндет – қоғамдық бірлестіктердің жетекшілерін, қоғам белсенділерін, бизнес өкілдерін, тарихшылар мен өлкетанушыларды, музей қызметкерлерін тарта отырып, халық арасында кең ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізе беру. Ономастика саласындағы жұмыстар заң талаптарына сәйкес және толық қоғамдық пікірді ескере отырып жүргізілуіне басты назар аударылады. Мысалы, еліміз бойынша жалпы 79 689 көше болса, соңғы екі жылда соның 5 793-не атау беріліп немесе өзгертілген. Жергілікті жерлердегі танымал емес жеке адамдардың есімін көшелерге қою мүлдем шектелді. Ономастика саласындағы өзгерістерді халықтың басым көпшілігі, шығармашылық және азаматтық белсенді қоғамдастық қолдап, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты нәтижесі ретінде қабылдайды. Сондай-ақ біз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, тарихи сананы жаңғырту стратегиялық міндет ретінде айқындалуы тиіс. Бұл дегеніміз алдағы жылдары ономастика саласындағы жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттілігін өзектендіре түседі деген сөз. Республика бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген әлі де 5017 көше, 901 елді мекен және 940 объект бар екен. Жуырда осыған орай аудандағы Төңкеріс ауылдық округінің атауы Тұран болып өзгертілді. Сондай-ақ Гигант ауылдық округі енді Бәйтерек ауылдық округі деп аталатын болды. Қандай жарасымды, дәстүрлі атаулар ауыл ажарын да келтіріп тұр емес пе? Айналып келгенде тарихи-географиялық атауларды сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға құрметпен қарауын қалыптастыру үшін әкімшілік-аумақтық бірліктерді жаппай кісі есімімен атауға жол берілмесін деген қағида, ономастика саласының басты ұстанымына айналып отыр. Оны бұқара халық та түсіне бастаған секілді.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Мәдениет қайраткері
12 қараша 2019 ж. 476 0