Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерлі қыз Бақтыгүл

Өнерлі қыз Бақтыгүл

«Бақ іші түрленді түйнектеп,
Қаз жүзді су бетін иректеп.
Жанарсыз қыз отыр сәкіде,
Жарықты көруді үйрет деп» деп басталатын Ақын әрі сазгер Бекжан Әшірбаевтың осы өлеңі Бақтыгүл Іргебаеваның тағдырын суретегендей. 4 жасында жол апатына ұшырап, көзінің көруі нашарлаған кішкентай қызға дер кезінде ем жасалып, көз жанары қайта қалпына келеді. Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылында 1993 жылы дүниеге келген Бақтыгүл №46 Пушкин атындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Қатарластарымен ойынның қызығына батқан күндердің бірінде қатты құлап, басынан соққы алады. Небәрі 9 жасында жанарынан айырылған өрімдей қыз өмірдің қиындығымен күресе бастайды.
Көз жанарынан айырылса да, өзінің таланты мен ғажап ерік-жігерімен әлемге танылған жанарсыз саңлақтардың жетістіктері баршылық. Мәселен, әлемге аты әйгілі екі атақты ақын – «Илиада мен Одиссейді» жазған Гомер, «Құдіретті комедияны» тудырған Данте зағип болған. Осындайда екі көзі бірдей соқыр болса да, аламан айтыста ешкімге дес бермеген жүйрік шешен, аузымен құс тістеген ақын Шөже Қаржаубайұлы мен композитор әрі әнші Жақсыгелді Сейіловті, Өзбекстан, Қарақалпақстан қазақтарына танымал, үш күн тоқтаусыз жырлай алатын марқұм Қалдаш жырауды айтып мақтан тұтамыз. Сондай-ақ, сегіз жасында жанарын жоғалтқан, Оралдан шыққан атақты пианист қыз, итальяндықтарды таң қалдырған музыка академигі Саида Қалықованың өзі бір төбе. Бұлардың барлығы жанарсыз-ақ жарық жұлдызға айналды. Өмірді көзбен емес жүрекпен көрді. Сезінді.
Әрине, жарық дүниені тас қараңғы қамалға айырбастау қиын. Алайда, жазмыштан озған пенде бар ма? Қараңғылыққа қасқайып қарсы тұру 9 жастағы Бақтыгүлге оңай болмады. 3-8 сыныптарда Қызылорда облысындағы арнаулы мектепте білім алған ол, 9-11 сыныпты Шымкент қаласындағы «Үміт» мектеп интернатында жалғастырады. Нәзік болмысымен, қоңыр үнімен көпшіліктің жүрегін баурап, қара өлеңге жан бітіре жырлайтын Бақтыгүлдің есте сақтау қабілеті ерекше. Ол өзімен тағдырлас Айнұр Спандияр есімді шымкенттік ақын қыздың өлеңдерін жатқа өте әсерлі оқиды. Түрлі облыстық, аудандық көркемсөз оқу байқауларынан жүлделі орын алып, жеңісімен жерлестерін қуантып келеді.
– Көзімнің көрмейтінін кемшілік санап, сахнаға шығуға жасқанатынмын. Дегенмен туған-туыс, достарымның қолдауымен қиындыққа қарсы тұруға үйрендім. Алдағы уақытта білім алып, жұмыс істегім келеді. Ауыр не жеңіл деп бөліп жармаймын. Тек елге, жерге пайдам тиіп, қандай да бір іске үлес қосу арманым, – дейді батыл кейіпкеріміз.
Иә, соқыр болса да ел басқарып, министр болған тұлғаларды ескерсек, арманың ақиқатқа айналар күн алыс емес дегіміз келеді. Өйткені, Англияны Тони Блэр басқарып тұрған мезетте, тумысынан соқыр Дэвид Бланкетт есімді ағылшын ішкі істер министрі болды. Көрдіңіздер ме, анасынан туғанда-ақ жанарсыз болған жан өзін үздіксіз жетілдіруінің арқасында Англия секілді мемлекеттің алдымен Парламент, кейін министрі дәрежесіне жеткен. Пайғамбарымыз сахих хадисінде екі көзінен айырылған адам сабыр етсе, жәннатқа баратыны жеткізілген. Алланың қалауы әрі сынағы. Жігерің жасымасын, жанарсыз қыз! Шамшырақ, екі көзі жоқ болса да әйел болу, ана болу бақытын тапқан өзіңдей жанарсыз қыздарға жігер сыйла. Қос ұлың үлгі тұтар ана бол!

Гүлнәр Әбдіханиқызы

12 қараша 2019 ж. 554 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 41

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031