Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек адамдар арасында осы қызмет туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Бұл туралы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «өте жоғары этика мен кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Өйткені, кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді.
Ақ жағалы көйлек пен келісті костюм-шалбар киіп, галстук байлаған мемқызметшіні көргенде көз тояды. Сырт келбетіне сүйіспеншілікпен қарап, қырлы шалбарындай керемет қызмет көрсетсе деп армандаймыз. Иә, мемлекеттік қызметшілердің атқарған жұмысына, ұжымда және жұртшылықпен өзін ұстауына, мінез-құлқына, сондай-ақ олардың киіну стиліне ерекше көңіл бөлінуде. Олардың моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша назар аударудың астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Жасыратыны жоқ, кейбір мемлекеттік қызметкердің қаптаған қағазға шұқшиып, қабағын қатуы алдына келген адамға кері әсерін тигізсе, енді бірі жөнді сөз айтып, мәдениетті жауап қайтарудың жөн-жосығын біле бермейді деген қынжылысты құлағымыз шалып жатады. Бұл ретте 2015 жылдың 29 желтоқсанында Елбасының «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қыметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы жарияланып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілгенін айта кеткен ләзім. Соған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілген болатын. Міне, сол уақыттан бері үш жылдан астам уақыт өтіпті. Осындайда Әдеп кодексі талаптары, яғни мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары сақталып жүр ме деген орынды сауал туындайды.
Мемлекеттік қызметші – қоғам мен билік арасындағы дәнекер. Бұқарамен байланыс орнатып, түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін мемқызметкердің жұмысы жеңіл деуден аулақпыз, әрине. Алайда, басындағы мәселесін айтып не болмаса дұрыс ақпар сұраған адамға жекіп, дөрекі сөйлейтін қызметкерлерді көз көріп, құлақ естиді. Бұл мәселе төңірегінде редакцияға келіп, мұңын айтып, арызданған тұрғындар да баршылық. Міне, осы секілді дәйектер мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыруға кері әсерін тигізіп, сенімсіздік ұялатады. Яғни «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кері келіп тұр. Сөз құдіретін қазақтан артық түсінетін халық жоқ десе де болады. Сіз деп сыпайылық білдіріп, жылы шырай танытса кез-келген адам жібіп салары белгілі. Күрмеулі істің өзін мән-жайына қанықсаңыз, бір жолы табылады. Әсіресе, ауыл әкімдері мен сала басшыларына халық көп жүгінеді. Сондықтан сыпайылық, сөз саптау, мемлекеттік қызметшінің этикасына жататын қарапайым дүниелерді тереңінен меңгерсе дейміз...
Елбасы Жолдауында: «Әр қызметкер іс жүзінде өзінің пайдалы екенін және керектігін ұдайы дәлелдеп отыруға тиіс» деді. Мемлекеттік қызметкер әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпыну қажет. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде өз ойын дұрыс және дәлелді түрде баяндау, сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру, толық кеңес беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азаматтарды хабарландыру, жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмекті көрсетуі тиіс екендігі мемлекеттік қызметшінің әдеп кодекстерінде де көрсетілген. «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады» деген ауыздан шыққан әр лебізге жауапкершілікпен қараған бабаларымыздан көп ілгері кете қойған жоқпыз-ау! Өйткені, бүгінгі сөйлеген сөзіміздің түпкі нәтижесі шынайылықтан ажырай қойған жоқ.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ