Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы

«Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы


Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» Агенттігінің бірлескен «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы.
Жобаның мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бас­тамаларды дамыту.
Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проб­лемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
Лауреаттар бес номинация бойынша анықталады:
– «Асар» (номинация халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған);
– «Туған жер» (білім беру, экология және көріктендіру саласында туған өлкеге көмек көрсететін адамдарға беріледі);
– «Мейірім жолында» (аталымға ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі істер атқаратын адамдар ие болады);
– «Батыл жүрек» (номинация ерлік іс жасаған, жанкештілік танытқан адамға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады);
– «Қайырымдылық тарихы» (номинация БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын қозғайтын, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аудартатын материалдардың жариялануын қамтамасыз ететін журналистерге немесе шығармашылық ұжымға беріледі).
Конкурсқа кәсіпкерлік субъектілері және қайырымдылық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетін тұлғалар (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) қатыстырылмайды.
Конкурсты қорытындылау және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2020 жылдың ақпан айының соңында Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Астана қаласында «Назарбаев орталығы» ғимаратында салтанатты түрде табысталады.

19 қазан 2019 ж. 1 103 0