Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани жаңғырудың ошағы

Рухани жаңғырудың ошағы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деген мақсат қойды. Әлемнің дамыған отыз елінің санатына қосылу шартының бірі – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру. Ал мәдени құндылықтар алдымен кітап арқылы өркендеуі тиіс.
Бүгін, яғни 15 қазан – кітапханашылар күні. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.
Қазіргі таңда аудан бойынша 32 кітапхана оқырмандарына үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Онда 530 мыңнан астам кітап қоры бар.
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында елдің білімге деген құштарлығын ашу жолында жұмыс істейтін жобалар жасалған болатын. Сәйкесінше ғасырлар даналығының қазынасы іспетті кітапханалар жаңашаланып, ішінен білім орталықтары ашылуда.
Естеріңізде болса, өткен жылдың қыркүйек айында аудандағы орталықтандырылған кітапхана жанынан «Самғау» атауымен коворкинг орталығы ашылған болатын. Осы білім орталығының ашылуы көзіқарақты оқырманның кітапханаға деген көзқарасын жаңғыртқандай болды. Жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесі, компьютер, сканер, түрлі танымдық СД дискілер мен кітаптары бар орталық барлық санаттағы келушілерге өте ыңғайлы. Шахмат, шашка, дойбы ойнап, гүл өсіріп, қолөнер бұйымдарын жасауға, тіпті жайланып отырып шәй мен кофе ішуге де мүмкіндік бар. Аталған орталыққа бас сұққан кез келген адам сол жердің аурасына қарап-ақ оқу мен дамуға құштарлықтары артатыны анық. Мұнда оқушылар сабақтарын орындап, жеке шығармашылық жұмысымен айналысса, неше түрлі дебаттық ұйым өкілдері жарыстар мен пікірталастар өткізе алады.
Ауыл-аймақтар үшін жасалып жатқан мұндай мүмкіндік сапалы білім мен жарқын болашаққа бастамақ. Тек бұл ғана емес, оқырманға сапалы қызмет көрсету мақсатында заманға сай «Білім орталықтары» кентпен қатар Сұлутөбе, Еңбекші, Досбол би ауылдарында және №47 мектептің жанынан ашылды. Бүгінде интернетті еркін қолдануға жағдай жасалған даму аймағы ауыл балаларының сүйікті орнына айналып үлгерген.
Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек.
Жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, аудандық кітапхана жүйесінің директоры Гүлдана Жақыпова бастаған ұжым бүгінде жаңашылдықты жылдам қабылдап, оқырмандарының қажеттілігі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Аудан бойынша бас-аяғы 60-қа жуық кітапханашы өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттырып, таным көкжиегін кеңейту үшін де көптеген жұмыстар істеуде. Мәселен, жыл басында «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, «Этностильдегі кітапхана» байқауы ұйымдастырылды. Бұл жоба аясында кітапхана қызметкерлері күнделікті жұмыста және жеке өмірінде ұлттық киім кию­мен қатар шолпы, шашбау және әшекей бұйымдарды тағып жүру керек болатын. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген кітапханашылар бірінен-бірі озды. Тек өздері ғана емес, кітапханаға келген оқырманды да ұлттық киімді киюге баулыды.
Сонымен қатар аудандық кітапхана қызметкерлері әлеуметтік желіде де белсенділік танытып келеді. Президент Қ.Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында ақпараттық ашықтық – ең маңызды дүниелердің бірі екенін айтып, ерекше тоқталды. Осы орайда өңірдегі кітапханашылар күн сайынғы жұмыстарын, мекемеде өткізген іс-шаралары мен кітап көрмелерін, жаңа кітаптар жайлы ақпараттарды әлеуметтік желілерге жариялап, көпшілікті құлағдар етіп отырады. Бүгінгідей шаруаның көбі желідегі жылдамдыққа тиесілі болып тұрған заманда бұл бастама көпшілікке үлгі екені сөзсіз.
Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады. Олардың еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығармас. Сөйте тұра көп жағдайда кітапханашылардың еңбегі елеп-ескерусіз қалатыны да бар. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында биылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің, оның ішінде кітапханашылардың жалақысы 30 пайызға өсті.Бұл да болса халықтың рухани құндылығын арттыруға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қадірлі маман иелеріне деген құрметтің белгісі.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген екен Ғабит Мүсірепов. Олай болса білімді, ойлы, саналы, сапалы қоғам қалыптастыру жолында еткен еңбектеріңіз жемісті болсын, құрметті кітапханашылар!

15 қазан 2019 ж. 648 0