Жемқорлықтың жолын кес
Жуырда аудан әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Алғы сөзді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы бастады.
Күн тәртібінде қаралған 2 мәселенің бірі Шиелі кенті әкімінің аппаратында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау бағытында атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері төңірегінде өрбіді. Аталған тақырыпта кент әкімі Ғ.Аманжолов хабарлама жасады. Отырыс барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жергілікті баспасөз беттеріне мақалалар жариялау, «Nur Otan» партиясы филиалымен бірлесіп іс-шаралар ұйымдастыру дербес бөлім басшылары мен кент және ауыл әкімдеріне тапсырылды.
Келесі мәселе сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірудің алдын алу шаралары туралы Шиелі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов хабарлама жасады. Комиссия отырысында аудан әкімі тиісті сала басшыларына тапсырмаларды жүктей отырып, білім беру ұйымдарындағы бюджет қаражатының мақсатты жаратылуына бақылау шараларын күшейтіп, тиісті іс-шаралар қабылдау, барлық мектептерде әртүрлі себептерге байланысты ақша жинау фактілерін болдырмау, кезекті аттестациядан өту барысында мектеп директорлары мен мұғалімдері арасында ақша жинау сияқты сыбайлас жемқорлыққа әкеп соқтыратын фактілерге жол берілмеу керектігін қатаң ескертті.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ