Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде

Қызылорда облысында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде

BAQ.KZ. Бұл туралы Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Іс-шара аясында Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалар мен атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жалғызілікті қарт азаматтар тұратын пешпен жылытылатын үйлердің тізімін жасады.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің міндеті олардың тұрғылықты жерін анықтау ғана емес, сонымен қатар барлық жылыту кезеңі ішінде тұрақты негізде олардағы өрт қауіпсіздігінің сақталуын бақылауда ұстау, азаматтардың осы тобына үнемі келіп нұсқау беру, оларға өрт қауіпсіздігі ережелері жөнінде ұсыныстар жасау.

«Қызылорда облысы ТЖД-ның инспекторлық құрамы аула аралау жұмыстарын жүргізді. Аула аралау барысында 500-ден астам тұрғын үй қамтылып, 1500-ден астам жадынама таратылды. Азаматтық қорғау қызметкерлері тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау барысындағы кемшіліктерді қалай жою керектігін, жылыту пешін және газ пешін қалай дайындау керектігін және жылыту кезеңінде оны қалай бақылау керектігін айтты», - делінген хабарламада.

Қызылорда облысы ТЖД өртке қауіпті заттар мен отты пайдалану барасында абай болуға кеңес береді, өйткені сыртқы ауа температурасының төмен болуы кезінде жоғары қауіптілік көздері - пешпен жылыту, газ және электр жабдықтары болып табылады.

Өрттің пайда болу қаупін болдырмау үшін және тұрғын үйде сақталуы қажет қарапайым өрт қауіпсіздігі қағидалары:

- жанып жатқан пештерді және қосылған электр аспаптарын қараусыз қалдырмау қажет;

- балалар мен іс-әрекетке қабілетсіз отбасы мүшелеріне жылыту және жылыту құралдарын бақылауға жол бермеу керек;

- пештің артық қызуын болдырмау;

- бірнеше қуатты электр құралдарын бір уақытта қосып, сымға артық жүктеме салмау;

- электр құралдарын тек қана нұсқаулық бойынша пайдалану;

- қолдан жасалған қыздырғыштар мен өзге электр құралдарын пайдаланбау.

Автокөлік иелері көліктің өртеніп кетпеуі үшін оны қыздырғанда қадағалауы және рұқсат етілген тәсілдерді (ашық от, қыздыру шамын қолданбай) ғана пайдалануы қажет.

20 қыркүйек 2019 ж. 711 0