«Астана Опера» Санкт-Петербургке гастрольге аттанады
BAQ.KZ. «Астана Опера» шығармашылық ұжымы Нева өзені бойындағы қалаға гастрольге аттанады.
IV Халықаралық камералық опера фестивалі аясында елордалық труппа Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын ұсынады. 20 қазанда «Санктъ- Петербургъ Опера» мемлекеттік камералық музыкалық театр залында аншлаг болмақ. Петерборлық көрермендер қазақстандық әртістерді асыға күтуде, өнер көрсетуге дейін бір ай бұрын барлық билеттер сатылып кеткен. Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.
"Спектакльдердің жоғары деңгейі мен әртістеріміздің асқан шеберлігінің арқасында «Астана Опера» театрын әлемдік мәдени кеңістікте жақсы біледі және бағалайды. Жетінші театр маусымының гастрольдік кестесін ашатын «Санктъ-Петербургъ Опера» сахнасындағы өнер көрсету Ресейдің Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Исаакович Александровтың шақыртуы арқасында өтеді. Гастрольді өткізу бойынша барлық шығындарды Санкт-Петербор театры толығымен өз мойнына алған. Біздің труппа мен көрнекті ресейлік режиссер арасын тығыз көпжылдық достық байланыстыратынын атап өткен жөн. Талғампаз петерборлық көрермен алдында өнер көрсету біз үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік, спектакль үлкен жетістікпен өтетініне сенім білдіреміз", - деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Джоаккино Россини 20 жасында венециялық Сан-Мозе театрына арнап, Дж.М.Фопптың либреттосына «Жібек саты» бір бөлімді күлдіргі опера-фарсын жасаған. Спектакль жарқын әзіл-сықақ пен оқиғалар желісіндегі әртістердің жанды суырып-салма мәнерімен, дарынды вокалдық және аспаптық партияларымен ерекшеленеді. Басты партияларды орындауға «Астана Опера» жетекші солистері, қазақстандық опералық сахна жұлдыздары дайындалуда: Джулия –Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Дорвиль – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Джермано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет
Байғожин. Спектакльге сондай-ақ театрдың дарынды солистері қатысады: Лючилла – Салтанат Мұратбекова, Бланзак – Евгений
Чайников, Дормонт – Рамзат Балакишиев.
«Астана Опера» Камералық оркестрі спектакльдің қоюшы дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетеді, клавесин партиясында – Елена Сахно, Жанар Ахметова. Қоюшы режиссер – Алла Симонишвили,
сценограф және костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа. Жобаның техникалық директоры – Виктор Караре, қоюшы дирижердің ассистенті – Руслан Баймурзин, қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов. Концертмейстерлер – Елена Сахно, Жанар
Ахметова, Меруерт Жекенова, қоюшы режиссердің көмекшілері – Алтынғаным Ахметова, Мәнсия Естекова. Жоба үйлестірушісі– Маржан Жәкенова.
Ал 9 және 10 қарашада «Санктъ-Петербургъ Опера» мемлекеттік камералық музыкалық театрдың шығармашылық ұжымы өз кезегінде Қазақстанның астанасына гастрольмен келеді. Алғаш рет «Астана Опера» сахнасында әртістер әлемдік опера өнерінің жауһарлары – Дж.Вердидің «Риголетто» және Ж.Бизенің «Інжу іздеушілер» туындыларын ұсынады.