Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Астана Опера» театры жаңа маусымын «Біржан-Сара» операсымен ашады

«Астана Опера» театры жаңа маусымын «Біржан-Сара» операсымен ашады

24.kz «Астана Опера» театрының жетінші театр маусымы М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашылады, деп хабарлайды Елорда Инфо театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 қыркүйек күні театр есігі көрермендер үшін айқара ашылады. Басты партияларда қазақстандық опера сахнасының жұлдыздары – жетекші солистер Бибігүл Жанұзақ, Айзада Қапонова, Дина Хамзина, Бейімбет Таңарықов, Жанат Шыбықбаев өнер көрсетпек. Қоюшы дирижер – әйгілі маэстро Абзал Мұхитдинов.

Жетінші театр маусымы елордалық жұртшылықты опералық әрі балет спектакльдері, гастрольдік өнер көрсетулерімен және де шығармашылық ұжым әзірлеп отырған түрлі тосынсыйлармен қуантпақ.

«Біржан-Сара» қазақ опера өнерінің нағыз игілігі болғандықтан, «Астана Опера» театр маусымын алғаш рет ашып отырған жоқ. Спектакль өз драматургиясы, қойылым тобының қазіргі күніміздегі айрықша шешімдерімен елорда тұрғындары мен қонақтарының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Көрерменнің қиялына қанат бітіретін жәрмеңке көрінісінде ерекше нақыш берілген: мұнда дарынды халық зергерлері, шебер қолөнершілер, әккі саудагерлер, атқа қонған бүркітшілер мен арқан бойымен жүретін епті әртістер де бар.

3D-технологияны пайдаланудың арқасында табиғат пен тұрмыс көріністері жандана түседі. Көздің жауын алар костюмдер, итальяндық хас шебер Серджио Металлидің бейнепроекциялары, ең бастысы – тамаша музыка, солистердің керемет дауыстары мен үйлесімді оркестр үні көрерменге естен кетпес әсер қалдырары анық.

Қоюшы режиссер Асхат Маемиров, кеңесші режиссер Михаил Панджавидзе мен қоюшы дирижер Абзал Мұхитдинов жекелеген кейіпкерлердің мінез-құлқын қабылдаудағы қалыптасқан қағидаларды бұзып-жарып, қазақ операсының жаңа оқылымын ұсынады.

Қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітов, қоюшы хореограф – Мукарам Авахри, қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов.
04 қыркүйек 2019 ж. 635 0