Үкі тағудың мәні қандай?
Қазақы санамызда аңыз-әңгімелер, сөз тіркестер, теңеу сөздер жетерлік. Олардың әрқайсысынан алатын өнеге де жоқ емес. Ел арасында кең таралған аңыздың бірі – үкі хақында. Қазір барлығымыз үкінің үлпілдек жүнін кез келген шаңырақтан көреміз. Біреулері сәбидің ұйқысы тыныш болсын деген ниетпен бесігіне тақса, кейбір әжелер кимешегіне үкі қауырсынын іледі. Бұлай жасауға мына әфсана сеп болса керек.
Ертеде Нұх пайғамбардың кемесіне Қазығұрт тауына қарай жол сілтеген үкі құсы деп айтылады. Соған байланысты Нұх пайғамбар үкіге «Орман-тоғай иесі бол, шаңырақтың киесі бол» деп бата берген деседі. Міне, осыдан бастап халық үкі қауырсыны тағылған бұйымға пәле-жала жоламайды, керісінше ол бақыт, олжа және жақсылық әкеледі деп сенген.
Ықылым заманнан бастау алған ырым қазір ұлтымыздың салтына айналып кеткендей. Өйткені, оң босағадан ұзатылған қыз өзінен кейінгі бойжеткен сіңлілеріне үлпілдек қауырсынды таратып береді. Бұл жоралғының астарында «Үкілі үміттеріңді үзбеңдер» деген мағына бар.
Көзі үлкен адамдарды «үкілі көз» деп атаған. Сонымен қатар үкінің сыртқы сұлулығына сүйсініп, көркемдіктің белгісі санаған. Тіпті өмірде кездесетін әдемілікке «үкідей үлбіреген» деп баға берген. Гректер ертеде үкінің суретін ақшасына бейнелеп салса, мысырлықтар қайтыс болған адаммен ол да о дүниеге аттанады деп сеніп, құрмет-қошемет көрсеткен. Қытайлықтар болса, байлықтың, табыстың белгісі деп есептеген. Иә, қарап отырғанымыздай, қазақтан бөлек көптеген халық үкіні бақыттың, даналықтың, байлықтың бастамасы санаған. Айта кету керек, үкінің қауырсынын алу үшін оны өлтірмейді. Яғни киесі ұрады деген түсінік бар. Ең алдымен ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя берген. Мұны қазақта «үкі жүндеу» деп атаған.
Көпті көрген көнекөз қариялар ештеңені бей-жай қалдырмаған. Тіпті көкте қалықтаған құстарды да қастерлеген. Мәселен, бүркітті «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп құрмет тұтса, қарлығашты «адамның жанашыры» деп бағалаған. Сол сияқты «адалдық пен пәктіктің белгісі» деп аққуды атпаған. Осы құстардың ішінде бүгін біз үкі қауырсының мәні мен сәні туралы тарқаттық. Өскелең ұрпақ келешекте киелі құстың қадірінен айырылып қалмайды деген сенімдеміз.
Фариза
КЕНЖЕШОВА