Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу

«Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығымен және Қызылорда облысы әкімдігінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы №787 қаулысымен жануарлардың аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларының тізбесі бекітілген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруымен (Бұдан әрі қарай-КҚГҚ) ауыл шаруашылығы жануарлары ауырмайтындықтан бұл тізбеге енгізілмеген.
Облыстың ветеринария саласы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті жұқпалы 14 түрлі және энзоотиялық 6 түрлі аурудың алдын алу бойынша диагностикалық, профилактикалық іс-шараларды, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру т.б. үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыстарды атқара отырып, ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.
Сонымен қатар ЖАО-дың ветеринариялық ұйымдарының мамандары негізгі атқаратын жұмыстарынан тыс, КҚГҚ ауруының алдын алу бойынша көктемгі-күзгі эпидмаусымдарда тиісті маңызды іс-шараларды (мал қораларының механикалық-санитариялық тазалануын, кенелерді жоюды) ұйымдастырып, жүргізіп келеді.
КҚГҚ – табиғи ошақтық аса қауіпті ауру. Осы қауіпті ауруды жұқтыру көктемгі-күзгі маусымдарда тіркеледі. Адамдарға бұл ауру денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда, науқас адамдармен қарым-қатынаста жұғады. Ол мүгедектікке, кейде өлімге әкеледі. Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде аурудың алғашқы белгілері білініп, басы солқылдап, дене ыстығы көтеріледі және бүкіл денесі сырқырап қатты ауырады. Соның салдарынан бойын әлсіздік билейді.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша, 2019 жылдың эпидемиологиялық маусымына КҚГҚ ауруынан 123 елді мекен (Арал – 26, Қазалы – 12, Қармақшы – 15, Жалағаш – 12, Сырдария – 11, Шиелі – 17, Жаңақорған – 20, Қызылорда – 10) қолайсыз болып танылды. Бұл елді мекендерді кенеден залалсыздандыру іс-шараларына облыстық бюджеттен жыл сайын тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Тұрғылықты халық аса қауіпті аурудың зардабын тартпас үшін бөлінген осы қаржыны тиімді, әрі нәтижелі пайдалану мақсатында мал қораларындағы көң-қилары уақытылы алынып, механикалық-санитариялық тазаланып, жүйелі түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі қажет.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық препараттар мемлекеттік реестрінде тіркелген Креолин 5% ерітіндісін пайдалану туралы және осы қолайсыз елді мекендерде барлығы 488,1 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары (МІҚ 169,1, уақ мал 300,5, түйе 17,7, шошқа 0,8 мың бас) және көлемі 2 043 шаршы метрді құрайтын 32,5 мың қора мен аумағы 680,1 мың шаршы метр болатын 1,2 мың суат пен шаңлақтарға залалсыздандыру жұмыстарына жұмсалатын препараттың жобалық есебі нақтыланып, облыстық ветеринария басқармасы тарапынан облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына ұсынылды.
2002 жылғы 10 шілдедегі ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 10-1-бабының 2 тармағында «Елді мекендер аумақтарын санитариялық тазалауды ұйымдастыру» аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің құзыретіне берілген, осыған байланысты әкімдер тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуы қажет.
Қазіргі таңда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жеңімпаз мердігер мекемелер қолайсыз елді мекендерде күзгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.
КҚГҚ ауруының алдын алу, болдырмау мақсатында кенеге қарсы уақ мал басын ванналарда тоғыту жұмыстары 2013 жылдан бастап жүргізіліп келеді.
2019 жылдың көктемгі эпидмаусымында 170,8 мың бас уақ мал кенеге қарсы тоғытылды. (2018 жылғы көктемгі эпидмаусымда - 150,4 мың бас тоғытылды)
Сонымен қатар мал иелерінің өз қаржысы есебінен 2019 жылдың көктемгі эпидмаусымында 173,4 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы ветеринариялық препараттармен (ивен, ивермек, ивермектин т.б.) алдын ала егілді. (2018 жылғы көктемгі эпидмаусымда - 158,2 мың бас егілді) Бұл препараттарды пайдалану үнемді әрі тиімді. Соның бірі – ивермек (ивен, ивермектин, баймек т.б.) – инъекцияға арналған ерітінді сұйық дәрі. Паразитарлы ауруларды емдеуге және алдын алуға МІҚ, қой, ешкі, түйе мен шошқаға пайдаланылады. Ивермек түссіз немесе сарғыш болып келеді. Бұл дәрі құрғақ, қараңғы жерде 0 С-пен 25 С аралығында сақталуы керек. Флакон ашылған соң 24 күнге дейін ғана сақтап пайдалануға болады. Инъекциядан соң дәрі 10-14 күнге дейін белсенді әсер етеді. Ивермек 50 кг салмаққа 1 мл мөлшерде салынады. Дәрі малдың терісіне жабысып тұрған паразиттермен қоса (кене, бит, сірке және т.б.) ішкі құрылысындағы көптеген зиянды құрттарды жойып, малдың тез оңалуына септігін тигізеді.
Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенелер көбейген кезде сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп (кене бірден көзге түседі) шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дененің барынша жабық болғаны дұрыс. Ауыл шаруашылығы жануарларын күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киім мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында денесі мен киімін кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.
Кене шаққанда өздігіңізбен емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмасаңыз, жағдайыңыз тіптен нашарлап кетуі мүмкін. Кенені май тамызып алуға болмайды, қанға тойып алған кене тұншығып, қанды қайтадан жараға төге салуы мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын. Ең дұрысы, денедегі кенені пинцетпен немесе ілмек жасап жіппен сағат тіліне қарсы бағытта бұрап отырып алу. Шаққан жерді тек антисептик немесе спиртпен өңдеу керек.
Егер өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, міндетті түрде дәрігерге көрініңіз.

Облыстық ветеринария басқармасы
27 тамыз 2019 ж. 1 679 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930