Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Әлемдегі ең ерекше марафондар

Әлемдегі ең ерекше марафондар

Үлкені де, кішісі де, ұлы да, қызы да, кәсіби спортшы мен қарапайым тұрғын да қатыса алатын бір спорт түрі, ол – марафон. Ықылым заманнан келе жатқан желаяқтар жарысы – қатысушылар үшін бәсеке ғана емес, мереке де.

Әлемдегі дамыған елдер мен ірі қалаларда жыл сайын марафон жарысы ұйымдастырылып тұрады. Бұл – қоғамдағы саламатты өмір салтын сақтау мен күнделікті күйбең тіршіліктегі күйзеліс пен шаршауды жеңудің бір жолы да.



Марафон жарысы – кеше немесе бүгін пайда болған жоқ. Ертеден келе жатқан жарыстардың бірі. Пайда болу тарихының өзінде ақиқат бен аңыз бар. Соның бірі – грек жауынгері Фидиппид (кей жазбаларда Филиппид) есімімен байланысты. Ол афиналық әскердің жеңіске жеткен хабарын жеткізу үшін Марафон мен Афины қалаларының аралығын жүгіріп өткен. Бұл қашықтық қазіргі 42 шақырым 195 метр болған деген деректер айтылады. Әйтсе де бұл оқиғаның сан түрлі нұсқалары мен алуан аңыздары бар. Дұрысы, осы бір оқиғадан марафон жарысының тарихы басталатыны жайлы дерек қана.

Кез келген спорт түрі секілді, марафон жарысының да өз тарихы бар. Ол жайында әлі жазатын боламыз. Бүгінгі айтпағымыз – әлемдегі ең ерекше марафондар жайында.


Эвересттегі естен адасу

Әлемдегі ең биік таулы аймақтағы марафондардың бірі (Гиннестің рекордтар кітабына енген) Эверестте өтеді. Екі жыл сайын ұйымдастырылатын бұл марафонға қатысатындар арнайы дайындалып қана қоймай, медициналық сараптамадан өтеді. Себебі биікте жүгіру кезінде денсаулығы сыр беріп, есінен танып қалғандар көп болған. Теңіз деңгейінен 5184 метр биіктіктен басталатын марафон 3446 метр биіктіктегі Намче Базар (Непаль) кентінің маңында аяқталады. Эверест марафонына қатысу да оңай емес. Бірінші – денсаулық, екінші – қаржы керек. Қатысу жарнасы 2017 жылы 2450 фунт стерлинг болған. Теңге бағамымен алсақ, миллионнан асып жығылады. Қатысушылар үш апта алдын Непал еліне барып, климатқа бой үйретеді.



Ұлы Қытай қорғанындағы қиын жол 

Аспан асты еліндегі ең танымал марафондардың бірі – Ұлы Қытай қорғанында өтеді. Жарыстың ең бір қиын жолы – 5164 баспалдақты басып өту. Марафон 1999 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 42,195 шақырымды құрайтын және жартылай марафон болып бөлінеді. Сондай-ақ 8,5 шақырымдық жарыс та бар. Жүгіру кезінде, баспалдақпен жоғары өрлеуде қатысушылар көп қиындыққа тап болады. Биыл бұл марафон 19 мамырға жоспарланған.


Солтүстік полюстегі саршұнақ аяздағы марафон

Қыста жүгіру – денсаулыққа пайдалы. Алайда -30 °C-тан да төмен температурада жүгіру – оңай емес. Ал Солтүстік полюсте 2003 жылдан бері саршұнақ аязда марафон өткізіліп келеді. Жарысты ұйымдастырушы, әрі алғаш болып 42 шақырымды жүгіріп өткен Ричард Донован бұл марафонның қиындығы жайлы: - Қатысушыларға қарда жүгіру мен қатты соққан жел көп кедергі болады. Суық сүйектен өтеді. Сондай-ақ ақ аюлардан да абай болу керек. Қарулы топ күзетіп жүргенмен, кездейсоқ шабуылдап қалуы мүмкін. Мұнда жер жоқ. Мұздың үстімен жүгіретін болғандықтан, алдын ала жолды тексеріп аламыз, - дейді.

Жалғыз қалсаң жем боласың

Оңтүстік Африка Республикасының Энтабени қорығында (ел астанасы Йоханнесбургке жақын) ерекше экстремалды марафон өтеді. Ерекшелігі сол – айналаңда арыстан, жолбарыс, піл, мүйізтұмсық пен енеке (буйвол) жүреді. Тынығамын деп ағаш астын паналап, жалғыз қалсаң, жем боласың. Марафонға қатысушылардың қауіпсіздігін қорық күзетшілері мен арнайы полиция қадағалайды. Биыл бұл марафон 23 маусым күні өтеді.


Аптап ыстықтағы айрықша марафон

Ыстық күндері де өтетін марафондар бар. Шөл даланы жүріп өтіп, межеге жету – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ең ыстық марафондардың бірі Йорданияның Петра қаласы маңында өтеді. Марафонның жолы ойлы-қырлы болып келеді. Әлемдегі ыстық қана емес, ең қиын марафондардың бірі болып саналады.



Кеште болатын марафон

Марафонға қатысып, жүгіріп қана қоймай, өлкенің табиғаты, тарихи орындары мен айрықша мекендерімен де танысасың. Әр елдің марафонына арнайы барып қатысатын жандар аз емес. Соларға құлаққағыс ретінде Бангкок марафонын айта кетуге болады. Бангкокта күндіз күн ыстық болатындықтан, марафон кешке басталады. Жарқыраған қала шамдарымен қала да көріктене түседі. Марафон жолы қаланың тарихи орындары мен ғимараттары, Чаупхрайя өзені мен корольдік резиденциясы маңынан өтеді.


Әлемде жыл сайын 800-ден астам марафон ұйымдастырылады. Байқасаңыз, танымал қалалардың барлығында жылына марафон жарысы өтеді. Мысалы, Бостон, Лондон, Берлин, Рим, Нью-Йорк, Мадрид, т.б. марафондар бар. Ал елімізде 2012 жылдан бері "Алматы марафоны" ұйымдастырылып келеді. Еліміздің өзге өңірлерінде де өткізіле бастады. Спортсүйер қауым асыға күтетін шараға айналып үлгерген "Алматы марафоны" биыл 7-ші рет жалауын желбіретеді. 22 сәуір күні өтетін спорттық шараға биыл қатысушылар саны көбеймесе азаймайтыны анық. Себебі қатысушылар саны жыл санап артып келеді. Өзге елден келіп қатысуға ниетті жандар саны көп. "Алматы марафоны" спорттық шарасының басты мақсаты - саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту. Осы тұста айта кететіні, Алатау бөктеріндегі марафонның басты ерекшелігі – қайырымдылық шарасына бағытталуы.

Әлемде қайырымдылық марафондары баршылық. Алматы марафоны да осы бағытты ұстана отырып, балалар үйі мен түрлі орталықтарға көмегін тигізіп келеді. Яғни, марафоннан түскен қаржы қайырымдылық мақсатта жұмсалады. Атап айтар болсақ, 2012 жылы марафонда жиналған барлық қаржы сал балаларды оңалту және қолдау бағдарламасына жұмсалды. 2013 жылы "АРДИ" оңалту орталығындағы науқас балалардың бейімделуіне арналған шағын акваторий құрылысына берілді. 2014 жылы марафоннан түскен қаржы үш жасар Дарина Ликтың емделуіне берілді. 2015 жылы қатысушылармен жиналған қаражат Алматы Марафонының ұйымдастыру комитетімен сөйлеу қабілеті өте нашар балаларға арналған №9 арнайы мектеп-интернатының аумағында спорт кешенінің құрылысына жұмсалды. 2016 жылы "АРДИ" оңалту орталығына қимыл-тірек жүйесін қалпына келтіруге арналған медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Ал өткен жылы 6 бірдей балалар мекемесіне спорттық алаңдар, спорттық құрал-жабдықтар мен өзге де қажеттіліктерін өтеу мақсатында жұмсалды. Ал биылғы марафоннан түскен қаржы "Я с тобой" балалар хосписі, №6 интелектуалды кемшілігі бар балалар мектеп-интернаты мен Есіктегі облыстық көз жанары нашар балаларға арналған мектеп-интернат қажеттіліктеріне берілетін болады.

"Алматы марафонының" ерекшілігі – осындай игі ісінде. Марафонға ғана қатысып қана қоймай, қайырымдылық шарасына да өз үлесіңізді қосасыз.

Massaget.kz сайты
04 тамыз 2019 ж. 101 0

Соңғы жаңалықтар

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (8748)

13 желтоқсан 2019 ж.

№96 (8747)

10 желтоқсан 2019 ж.

№95 (8746)

06 желтоқсан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам