Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДЕНСАУЛЫҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ

ДЕНСАУЛЫҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ



XXI ғасыр – техника дамуының шарықтау шегіне жеткен шақ. Күнделікті тұрмыстағы жұмысты жеңілдетіп, бос уақытты көбейткен технологиялар бір жағынан пайдалы болса, екінші жағынан зиянын тигізіп жатады. Жалқаулық, аз қозғалыс, дұрыс тамақтанбау, бос уақытын тиімсіз пайдаланудың барлығы адам ағзасының бұзылуына, аурушаңдыққа алып келеді. Сол себепті де мамандар салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтануға кеңес береді.

«Адамды өскен ортасы тәрбиелейді» дейді кейбір мамандар. Сол себепті де «Ортаң дұрыс болсын, жолдасты да таңдай біл» деп жатады үлкендер. Жуырда кенттің 1994-1995 жылы дүниеге келген азаматтары жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында орталық стадионда футболдан турнир ұйымдастырды. Оған оннан аса команда қатысып, жүздеген адам тамашалады. Ойынның қызығына батқандар күннің ыстығын да елеген жоқ. Таңнан кешке дейін созылған ойында шаршадым дегендер де кездеспеді. Мақсаты – жеңу, кубокты иелену.
Жас та болса спортқа жақын екендігін білдірген 1997 жылы туған азаматтар алаңнан өздеріне тең команда таппай І орынды иеленсе, 1986 жылғылар жастардан қалыспайтынын көрсетіп, ІІ орынға тұрақтады. Ал 1995 жылдың түлектері ІІІ орынды қанағат тұтты. Барлық жеңімпаз командаларға аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нариман Сапарбай алғыс хат табыстап, ізгі тілегін білдірді.

Е.ДАТҚА

03 тамыз 2019 ж. 926 0