Ардагерлер Самарқанға сапарлап кетті

Он алтыншы сәуір күні Өзбекстанда Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсімі өткен болатын. Бұл шараға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, шараның екі ел үшін ерекше маңызға ие екенін айтқан еді.
Жалпы Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуы өзара сенімнің күшейіп, стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Бұл айрықша оқиға қос халықтың мәдениеті мен рухани тұтастығының, мәңгі және шынайы достықтың символына айналып отыр.
Дүйсенбі күні аудан ардагерлері де ала тақиялы ағайындар еліне жолға шықты. Мұндағы негізгі мақсат – бауырлас Өзбекстан елінің тарихымен танысып, оны насихаттау. Сонымен қатар жастар тәрбиесінде пайдалана отырып, ата-бабамызды бүгінгі ұрпаққа үлгі ету және қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Өзбекстанға сапар шеккен ардагерлердің қатарында Б.Яхияева, С.Мұратбаев, Қ.Тұрсынова, Ш.Оразымбет, А.Исмагулова, Ж.Мырзаева, Т.Әшірханов және Д.Сармолдаев бар.
– Ардагерлерге құрмет ретінде облыс басшылары және облыс ардагерлер кеңесінің төрағасы бізді Өзбекстандағы Қазақстан жылына жіберіп отыр. Мұның өзінде тәрбиелік мән бар десек артық айтқанымыз емес. Біз Өзбекстанға саяхат барысында алдымен Ташкент, сонан соң Самарқан, кейін Бұқара қаласына барамыз. Бауырлас елде жүріп тарихтан тағылым аламыз деген сенімдемін. Сондай-ақ елге оралғанда жастарға насихаттап, өскелең ұрпақтың санасына екі елдің ұқсастығы мен айырмашылығы туралы айту ойда бар, – дейді ҚР халық әртісінің үздігі Қалияш Дінқызы.
Маржан
БОЛАТҚЫЗЫ