СЕНІ САҚТАҒАН ТІЛДІ СЕН ДЕ САҚТА!
– Салем! Калайсн?
– Норм өзн?
– не іст жат?
– Жатрық, сенше?
– Не жан?..
Бұл «ватсапшылардың» күнделікті сәлемдесуі, хал сұрасуы. Әрине, бәрі емес. Дегенмен жас буынның дені саусағын қимылдатуға ерінетін болар, бәлкім өздерінше бір стиль қалыптастырып алған ба, әйтеуір грамматиканы біле тұра, қазақша қарпі бола тұра осылай пікір алмасып жатқанын жиі көреміз. Ең маңыздысы, мұны дер кезінде алдын алмаса, болмашы нәрседей көрінгенімен, уақыт өте қалыпты жағдайға айналып, дұрыс сөйлеп, қатесіз жазудан қалмасымызға кім кепіл?
Тек бұл ғана емес, жастар арасында өздерінше заманауи әрі уақыт деңгейінен қалмағандығын дәлелдеуге тырысатын сөздер де жеткілікті. Мәселен, «сындырдым» (көндірдім), «жынды» (керемет), «лақтырды» (тастап кету), «шаштым ғой» (тәнті еттім). Тек бұл ғана емес орыс тілінің «значит», «еще», «короче», «давай», «если что», «отметить етші», «скрин жаса», «выделить ет» деген сияқты көптеген сөздерін өз тілімізге енгізіп алғандай пайдаланып жүрміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді. Онда «Қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін көтерудің қасиетті құрамдас бөлігі – сөйлеу мәдениетін дамыту болуға тиіс» деп көрсетілген. Бұл тіліміздің бағасы артып, болашағы баянды болуын міндеттейді. Сондықтан таза, сауатты сөйлей білу – үлкен өнер. Негізі тілге қызмет – ұрандаған, жалынды сөздерден емес, естіп, көрген, түйсікпен сезінген олқылықтарды түзеуге атсалысудан басталады. Әйтпесе, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жөнінде елімізде тиісті заңдар бар, жоғарыдағы бағдарлама аясында түрлі жобалар қабылданған. Бірақ әр қазақтың тілге деген қызметі жетпей жатыр. Мысалы, балаңызды не немереңізді қазақ әдебиетінен сусындап өсуге тәрбиелеп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты үйретуге ден қойсаңыз, өзіңіз де орыс тілімен шұбарламай, қарапайым диалог кезінде де таза сөйлеп, қатесіз жазсаңыз, бұл да тілге қызмет етудің үлгісі.
Жапон халқының саны 128 миллионнан асып жығылады екен. Қазіргі кезде тіліне ешқандай қауіп төніп тұрмаса да жапон балаларына 13 жасқа дейін шет тілдерін үйренуге тыйым салынған. Яғни әрбір жапон баласы мүшел жасқа дейін ана тілін оқып, үйренуі керек. Бұл – біз үшін үйренетін үрдіс, тарихи әрі әлеуметтік қажеттілік.
«Көш жүре түзеледі» дейді халқымыз. Көш жүрді. Ілгері басып келе жатқанымызға 30 жыл болып қалды. Ардақты ана тіліміздің де бағы жанып, әр уақытта биіктен көрінетін уақыты жетті. Қазіргі жастардың кітап оқуға деген құлшынысын әлемді жаулаған компьютер алмастырып отыр. Дамудың мықты үлгісі бүгінгі жастарды толықтай баурап алды. Интернеттің тек жүйке жүйесіне емес, тіл мәдениетіне де әсер тигізетіні бәрімізге мәлім шығар. Дегенмен солай екен деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. «Бала айтқаныңды емес, көргенін жасайды» деген ғой. Өзіміз күнделікті тіршілікте сөздерді бұрмаламай, шұбарламай орнымен нақты әрі түсінікті сөйлесек, оны көрген баланың кері кетуі мүмкін емес.
Айналып келгенде адамның мәдениеті мен білім деңгейін сөзінен-ақ байқауға болады. Алмағайып замандарда тіл бізді ұлт ретінде сақтап қалса, енді біз оған қызмет ету арқылы оны сақтап қалуымыз керек. Себебі біз тілге ел болғанымыз үшін, тәуелсіз мемлекет болғанымыз үшін, ұлт болып ұйысқанымыз үшін де қарыздармыз.
Гүлхан ЯХИЯ