Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Профессионалдар. Десантшы

Профессионалдар. Десантшы

Талдықорған, BAQ.KZ тілшісі. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қорғаныс министрлігінің Талдықорған қаласында орналасқан 18404 әскери бөлімінің әуе-десант кешенімен танысты. Ұшқыштардың дайындығынан соң бұл кешенде парашют трамплинінен бірінен соң бірі секіріп жатқан жедел қызмет сарбаздарының жаттығуларын тамашаладық.   

37-ДШБр командир орынбасары, майор Аркадий Бурмич десантшыларды парашютпен секіруге қалай дайындайтынын айтып берді.
«Жер үстінде парашютпен секіруге дайындық кешені 6 оқу орнынан тұрады. Бұл – макеттерді алу, оларды кию, тікұшақ пен ұшақтың макеті, аспалы стапель жүйесі, содан кейін трамплин мен парашют мұнарасы», - деп айтты майор.


Бурмич журналистерге дайындық барысында макеттерді қалай кию керек, содан кейін төмен биіктіктегі тікұшақтан қалай секіру керек, әуеде парашютпен секірушілер қалай әрекет етеді, трамплинге жауынгерді бекіткеннен кейін қалай қимылдау керек екенін түсіндірді. Мұндай жүйелі жаттығуды жедел қызмет сарбаздары жарты жылдан бері орындайды.
Оның сөзінше, парашютпен секіру үшін ең алдымен жауынгер бірнеше құрылғыда әртүрлі жаттығуларды орындайды. Себебі, әуеде қате жіберуге болмайды.
Трамплин үстінде секіруге дайын тұрған сарбаздар «521, 522, 523 – кольцо!» деп есептейді де, кезек-кезек трамплиннен секіреді. Майор Бурмич жаңа ғана жаттығуды орындаған жауынгердің ашу үзбесін қолмен босатқан кезде қате жібергенін айтты. «Оны жұлатын кезде байқау керек, өйткені мұндай шығыршықты базардан сатып алмайсың», - дейді ол.


Жаттығу кезінде жерге қону техникасын орындауға баса мән беріледі, себебі жерге аяғыңмен дұрыс қонбасаң жарақат алу қаупі бар.
«Жауынгерлердің күн тәртібі бар. Түске дейін басшылық бекіткен жоспар бойынша арнайы сыныптарда сабақ өтеді. Түстен кейін келесі күнге дайындалады. Мысалы, командир ретінде жеке құрамға арналған ертеңгі күнге десанттық дайындыққа байланысты сабақ конспектін жазуым керек», - деді ол.
Жедел қызмет сарбаздары әскердегі мерзімінде 81 сағат әуе дайындығына жұмсайды. Десантшыларды бойына, физикалық дайындығына қарап іріктейді. Бойы 170 см жоғары, ал денсаулығының жағдайы А санатында болуы тиіс.
«Тәжірибем бойынша айтар болсам, әскерде жедел қызметін өтеуге шақырылғандардың арасынан, мысалы 50 адамнан 6-8 адам ғана қалады. Олар әрі қарай өмірлерін Қазақстан Республикасының әскерімен байланыстырады», - деді командир орынбасары.


Сарбаздардың бірі Бексұлтан Жұмагелді бала кезінен десантшы болуды армандаған.
«Кішкентайымнан десантшы болғым келді. Осыған дейін спортпен айналысып, әскерде қызмет етуге дайындалдым. Жарты жылдан бері борышымды өтеп жатырмын. Келісімшарт негізінде осы әскери бөлімде қалуды жоспарлап отырмын», - дейді ол.
Әскери бөлім базасында журналистерге оқу жаттығу трамплинінен секіру мүмкіндігі туды. Батыл журналистерді ең алдымен Бурмич макеттерді кию орнына апарды.


Сол жерде бас киім мен салмағы 15 келі кеудешені кигізді. Содан соң аспалы тікұшақ макетінің ішінде жаттығу курсын өткізді. Содан кейін ғана журналистер арнайы тренажерларға арналған жерүсті жаттығу курсынан өтуге бет алды. Оқу мұнарасынан секіргендерге аттестаттау сертификаттарын берді.


Содан кейін «Арландардың» қоян-қолтық ұрысын тамашаладық. Олар көз алдымызда ашық далада ұрыстың қалай болатынын көрсетті. Отқа оранған ұрыс алаңында арнайы жасақ жауынгерлері бір-бірін сөзсіз түсінеді. Олар – кез келген уақытта, кез келген жерде әскери тапсырмаларды орындауға дайын кәсібилер.



15 шілде 2019 ж. 553 0