Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет

Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет

Туған жердің тау-тасы, қырқасы мен сайы, елі үшін аянбай қызмет еткен тұлғалары әрдайым ұрпақ жадында сақталып қалуы тиіс деген Елбасының керемет сөздері әрбір мемлекеттік қызметшінің санасына сәуле сыйлағаны анық. Менің Отаным деп, патриоттық сезіммен адал әрі абыройлы жұмыс атқару мен үшін де мәртебе. Сәт-сайын қарыштап дамыған, келешекте сандық жүйе арқылы саусақпен басқарылатын мемлекет болуды алға қойдық. Бұл жолда мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлық мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы үлкен мүмкіндіктерге жол ашуда. Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік қызмет көрсету саласында түбегейлі өзгерістер болды. Бұл жетістіктердің негізгі арқауы – Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыруға және мемлекеттік қызметшілерді халыққа қызмет етуге бейімдеуге бағытталған саяси жігері. Себебі, мемлекеттік қызмет – адам өмірінің айнымас бір бөлігі. Дамыған елдерде ол азаматтар мемлекет арасындағы әріптестік қарым-қатынастың барометрі саналады.
Қоғамның кез келген саласында кадр мәселесінің маңызы зор. Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың білімді де білікті болуы мемлекеттік қызмет сапасының артуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Өйткені, еліміздегі саяси, экономикалық жағдайдың тұрақтылығы мен қоғамдық қатынастардың қалыптасуы мемлекеттік қызметке тікелей байланысты. Бүгінде еліне, кіндік қаны тамған туған жеріне, халқына қалтқысыз қызмет етіп, бейнеттің зейнетіне маңдай тер, адал еңбекпен жеткен ардагер апа-ағаларымыз жеткілікті. Міне, сол ізден жаңылмай, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, жақсылыққа сол сілтеушілер де табылады. Өз ісіне деген сүйіспеншілікпен мен таңдаған мамандық ветеринария бөліміне жол ашса, мемлекеттік қызметте сол үдеден шығу үшін аянбай еңбек етуді алға қойған айқын мақсатымның бірі деуге болады. Елім деп еміренер ер болса, ерім дейтін ел қашанда табылады емес пе? 
Қазақ деген төрт түлігі төскейде қосылған, қонақжай халық. Мал бағып, жан сақтаған, қымыз ішіп шөл басқан, құрт пен ірімшікті талғажау ететініміз де ақиқат. Ертеден мал жайын ойлап, қыста-қыстауға, жазда-жайлауға көшіп-қонып күн кешуіміз де содан. Сол төрт-түліктің бабын тауып, емін жасайтын мал дәрігерлерінің еңбегі де өлшеусіз. Әр саланың өз маңызы, артылар жүгі, міндеті бар. Салмағын сараптап, жауапкершілікті сезіне білген қызметкер үшін істің ауыры болмайды. Бүкіл халықтың қамын жеп, өз басын ойлаудан ада, мың мәрте өлшеп, бір кесетін азаматша болуға тәрбиелеген қоғамда қызмет ету мен үшін бақыт. 
Қазақ елінің қайсар рухты, қажырлы, жігерлі, қайратты перзенттері барда мемлекет атына, мемлекеттік қызметке қара күйе жағылмасына сенеміз. Болашағымызды бағдарлап, рухани азық алайық. Төртінші өнеркәсіптік революция заматында алпауыт 30 елмен тереземізді тең ұстап, мәдениеті озық, экономикасы артқан алып елге айналуға ат салысайық. Себебі, сол елде өзіміз қызмет жасайтын боламыз. Осы орайда, «Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады» деген Елбасы сөзі әрбір мемлекеттік қызметші үшін, әсіресе, жастар үшін басты қағидаға айналуы тиіс. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік пен болашақтың жарқын бейнесі екенін естен шығармайық. Мен мемлекетіммен мақтансам, мемлекет мені мақтан тұтатын күн туады. 


Е.Қыдырәлиева
20 маусым 2019 ж. 549 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930