Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектептегі сыннан сүріну – өмірдегі сыннан сүріну емес

Мектептегі сыннан сүріну – өмірдегі сыннан сүріну емес


Әрбір түлеп ұшпаққа қомданған талапкер күн-түн демей көз майын тауыса барлық қабілет-қарымын пайдаланып дайындалатыны бесенеден белгілі. Он бір жылғы сабақта сағаттап не тындырғандарын таразылайтын ҰБТ-ның бала психологиясына қаншалықты әсері бар? Мектептегі сыннан сүріну – өмірдегі сыннан сүріну ме? Әлі де бітірушінің болашағын тест шешеді деген түсініктеміз бе? Біз бұл жолғы мақаламызда осы мәселеге тереңірек тоқталғанды жөн санадық.

Қоғамда алаңдаушылық тудырып отырғандардың бірі жасөспірімдер арасындағы суицид екені жасырын емес. Оған қарсы түрлі шаралар да ұйымдастырылып жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Дегенмен осындай келеңсіз жәйттарға оқушының өмірін тікелей ұлттық бірыңғай тестпен байланыстырып қоятын тәрбие кінәлі-ау деген ой келеді. Адам баласы түрлі сипатта талай сынақ тапсырады емес пе? Ал өзі аңғал, кіршіксіз, таза жас буынға ҰБТ сынағын өмірдің барлық ауыртпалығындай етіп көрсетіп қою енді қисынсыз дүние. Осы тұста бір жағынан 11 жыл бойы берген білімінің ақталғанын қалаған аяулы ұстаздың да, баласын жоғары білімнің баспалдағына шығару үшін сары уайымға салынған ата-ананың да толқынысын түсінуге болады.
Бұрынғыдай емес, қазір мектепте аттестат алу үшін бөлек тест тапсырады. Алтын белгі ақталмай қалды, қызыл аттестаты күйіп кетті деп қам-жемей, мемлекеттік емтиханды мектебінде тапсырып, содан кейін ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Жоғары балл алған талапкерлер жоғары оқу орнына жолдама алады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алмаған талапкер жоғары оқу орнына түсу үшін қайта бағын сынауға да мүмкіндігі бар. Ал тіпті болмаған жағдайда колледжде орта білім алып, кейін жоғары оқу орнына жалғастыра алады.
ҰБТ туралы сөз қозғай қалсақ, ең алдымен бақ шаба ма, бап шаба ма деген сөз ойымызға бірінші оралады. Қоғамда көпбалалы отбасыдан шыққан бітіруші ақылы білім алып, ауқатты шаңырақтан түлеген талапкер тегін оқитын кездері де болады. Иә, қазақтың қуған жетпес, бұйырған кетпес дегені де осындайда айтылған. Сондықтан балаға тым психологиялық салмақ түсірмей, жарқын болашақты көз алдына елестетіп, тек алға жетелеу керек. ҰБТ-дан аз немесе көп балл алсаң да, жалғасын табатын өмірдің мәнін терең түсіндірген жөн.
«Білім алудың тамыры ащы, жемісі тәтті» дейді Аристотель. ҰБТ қанша жерден болашағымызды шешпейді дегенменде білім алудан жалықпай, тоқтамау қажет. Елбасы Н.Назарбаев та «XXI ғасыр – білім ғасыры» демеп пе еді?

Фариза КЕНЖЕШОВА
23 маусым 2019 ж. 925 0